Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

«Ақтөбе – құтты мекен» атты акция кеңінен қанат қағып отыр

683 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы ұсынған рухани жаңғыру қағидаттарының басты арқауына негіз болған жағдайдың бірі – туған жер. Бұл бағытта бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде туған жер бағдарламасы жү­зеге аса бастады. Ақтөбе аймағында аталған бағдарлама аясын­да «Ақтөбе – құтты мекен» атты акция кеңінен қанат қағып отыр. Осы ауқымдағы сан алуан іс-шараларға үлкен маңыз бе­ріл­гені соншалықты, бұл үшін облыста арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды. Оның төрайымы болып облыстық мәс­ли­хаттың хатшысы Сәния ҚАЛДЫҒҰЛОВА бекітілді. Біз таяуда ол кісіге жолығып, акция аясында жүзеге асырылатын жұмыстарға қатысты айтып беруін өтінген едік.

 «Ақтөбе – құтты мекен» атты акция кеңінен қанат қағып отыр

– Біз қолға алған акцияның бас­­ты мақсаты – бизнестің әлеу­мет­­тік жауапкершілігін артты­ру, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі ме­ханизмін одан әрі дамыту, сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық ілге­рі­леуіне ық­пал жасау. Бұл ретте Ақтөбе өңі­рінен шыққан жерлестеріміз мол үлес қосады деген ойдамыз, – деді ол.

Биылғы бірінші жарты­жыл­дық­тың қорытындысы бойынша об­лыста жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 338 жоба жү­зеге асырылды. Белсенді аза­маттардың, бизнесмендер мен меценаттардың көмегімен ағымдағы жылы жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын 555 жобаны іске қосу жоспарда тұр.

Демеушілік қаражаттар ар­қылы әлеуметтік нысандардың құ­ры­лысы, қайта қалпына кел­тіру және заманауи құрал-жаб­дық­тармен жарақтандыру, елді ме­кендерді абаттандыру, сондай-ақ жолдарды жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, тұрғындардың өзге де маңызды мәселелері шешімін та­буда.

Ұйымдастыру комитетінің тө­райымы атап көрсеткендей, әлеуметтік жобалардың басым көп­шілігі – облыс орталығында. Олар­дың қатарында хоккей модулі мен денсаулық саяба­ғы­ның, тарихи-өлкетану мұра­жайы­ның, гүлзарлар мен сая­жол­дардың құрылыстары бар. Ал­ға ауданында елеулі жұмыстар атқарылуда. Мұнда жалпы құны 417 миллион теңгеге бағаланатын 17 жоба жүзеге асырылмақшы. Қазірдің өзінде он бір жобаның жұмысы аяқталды.

Қобда ауданында жос­пар­лан­ған 13 жобаның сегізі өз ше­шімін тапты. Аудан орта­лы­ғында «Отан Ана» демалыс сая­­бағы ашы­лды. Бұл шараны ат­­қаруға ме­ценаттар бөлген 40 мил­­лион тең­ге қаржы жұмсалды.

Әйтеке би ауданында мектеп с­тадионы қалпына келтірілсе, Бай­ғанин өңірінде клуб пен саябақ құрылысы жүзеге асып, Қарғалыда аудан мектептерін ком­пьютер техникасымен жа­рақ­тандыру көзделуде. Атап ай­та­рлығы, осы жұмыстардың бар­лығы да осы елден шыққан аза­маттардың араласуымен, қол­дауымен атқарылмақшы.

– «Ақтөбе – құтты мекен» форумы қыркүйек айының соң­ғы онкүндігінде өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Оған әлем­нің 15 елінен 300-ден астам жер­лес­іміз қатысады деп отырмыз. Қа­­зірдің өзінде 218 адамнан хабар­лама түсті. Америка Құрама Штат­тарында тұратын ақтөбелік даң­­қты жерлесіміз, атақты гим­нас­шы Валерий Люкин біздің ша­қыруымызға алғашқылардың қатарында үн қосты. Көптеген биз­несмендер туған жерді тү­ле­туге мүдделілік танытуда. Олар­ға жүзеге асырылуын күтіп тұр­ған инвестициялық жобалар ұсынылмақшы. Мәскеудегі Олег Гайданов басқаратын Ақтөбе жерлестігі ұйымы да осы шараға ұйымшылдықпен қатыспақшы. 30-дан астам маман дәрігерлер елге қарап елеңдеп отыр. Олардың көшбасында Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев секілді белгілі аза­мат­тарымыз бар. Сондай-ақ, осы қарсаңда Ақтөбе өңірінің көр­нек­ті азаматтары қамтылатын эн­циклопедиялық жинақ жарық­қа шықпақшы, – деді одан әрі Сәния Мұсақызы.

...Туған жерге бүйрегі бұрыл­май­тын адам болмайтын шығар. Бұл шара сондай ізгі мұраттар мен игілікті істердің жаршысы бола бермек.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
журналист

АҚТӨБЕ

 

Соңғы жаңалықтар