Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

Ұлттық бірыңғай тестілеу: бәсекені күшейтуге бағытталған реформа

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иә, «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, шілде айының соңында талапкерлер көңілдерін күпті еткен ҰБТ сынағын тапсырды. Тамыз айының басында Үкімет отырысында Ұлттық бір­ыңғай тестілеудің қорытындылары қарал­ды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу: бәсекені күшейтуге бағытталған реформа

Аталған отырыста сала басшы­сы келтірген мәліметтерге жүгінсек, елі­мізде ҰБТ-ға 88 595 адам қатысыпты. Бұл өтінім бергендердің 95 пайызын құ­рай­ды. Тестілеу қорытындысына сәй­кес, респуб­лика бойынша орташа балл 140-тың 80,5-ін құрады. Өткен жылы бұл көр­сеткіш 125-тің 81-ін құраған болатын. 50 балдан тұратын межелік деңгейден 74 517 түлек асты, бұл 84 пайызға тең. Кешендік тестілеу 17-23 шілде аралығында жоғары оқу орындарының 48 пунктінде өтті. Оған қатысуға 54 649 өтінім берілді, іс жүзінде тестілеуге 50 416 адам қатысты. 50 балдан тұратын межелік деңгейден 21 078 адам немесе түлектердің жалпы санының 42 пайызы асты. Межелік деңгейден өтпегендер тестілеуден қайта өте алады. Осы мақсаттағы тестілеу 24 тамызға дейін жалғасты. Межелік деңгейден екінші рет өтпей қалған жағдайда жоғары оқу орнында бір семестрге ақылы негізде оқуға мүмкіндік беріледі.

Жуырда мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі бас басылым бетінде жарияланған болатын. Осыған орай Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенованың айтуынша, білім гранттары талапкерлердің таңдаған мамандықтарына қойылған талаптарға сәйкес, тестілеу барысында алған балы, сондай-ақ, заңнамада бекітілген жеңілдік беретін ауыл квоталары мен басқа да санаттар бойынша бөлінді. Грант ие­герлерінің толықтырылған тізімі, «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін басымдық ескерусіз жасалды. 13 тамызда өткен мемлекеттік білім грант­т­арын беру және республикалық ко­мис­сияның отырысына «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы, білім саласы қызметкерлері кәсіподақтары, жоға­ры оқу орындары қауымдастығының өкіл­дері, сондай-ақ, ата-аналар қауымы қатысты.

– Ұлттық тестілеу орталығында ата-аналар гранттарды бөлетін авто­мат­тандырылған жүйе жұмысымен таныс­ты. Олар гранттарды бөлу процесінің ашықтығына және адами фактордың жоқтығына көз жеткізді. Алайда, қол­даныстағы заң талаптарына сәйкес, «Алтын белгі» иегерлеріне білім гранттары тиесілі болғандықтан республикалық комиссия  бұл санаттағы талапкерлерді гранттармен, университеттердің, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қа­ра­жат­тары есебінен қамтамасыз ететіндіктері жөнінде шешімге келді. Бұл бөлек тізім газеттің соңында жарияланды. Со­ның нәтижесінде гранттар тізімі 3,5 пайызға немесе 1 487 грантқа ұлғайды. Бұл «Алтын белгі» иегерлерінің білім деңгейінің негізінен жоғары екендігінің тағы да бір көрсеткіші, дейді Г.Көбенова.

Ал Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, биыл 4 360 «Алтын белгі» иегері білім гранты байқауында бағын сынады. Олардың ішінен қосымша тізімге іліккен 1 487 адамның ішінде 200-ге жуық талапкер «Алтын белгі» иегері санатында емес. «Алтын белгі» иегерлерінің саны 1 100 шамасында. Яғни, олардың ескі тізімде қалған 3 мыңдайының балдары жоғары. Өйткені, грант иегерлері балл бойынша белгіленген болатын.

Жалпы, биыл ҰБТ-ның өткізу ере­же­сі мен тыйым салынған заттарды қол­данғаны үшін тестілеуден 12 адам шы­ға­рылды. Тестілеу барысында 85 446 тыйым салынған заттар, сонын ішінде 43 394 электронды құрылғы (смартфон, роутер, модем және басқа құралдар) және 42 052 қағаз жүзінде (шпаргалка, оқу­лықтар және өзге құралдар) алынды. 50-ден астам республикалық апелляциялық комиссияға мазмұны бойынша 199 тест тапсырмасы түсіп, оның 103-і қана­ғаттандырылды. Техникалық себептерге байланысты келіп түскен 12 тест тап­сырмасының 7-і қанағаттандырылды.

Сондай-ақ, биылғы ең жоғары балл – 139. Саят Елтайұлы Алматы қала­сын­дағы М.Мақатаев атындағы №140 гим­назияның түлегі, сондай-ақ, 7 адам 138 балл жинады.

Жалпы, білім саласындағы рефор­малар бәсекелестікті күшейтуге бағыт­талғанын аңғаруға болады.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар