Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

Тірлігі абақтыға байланған ауыл

462 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Картаға түсірілген аты – Бүркітті. Бертінге дейін оның ұшар басына қыран құс ұя салып кел­ген деседі. Ел аузында «Жалғызтау» делі­неді. Әсірелеп айтылса да, құлаққа қонымды, жү­рек­ке жылы тиеді. Кейде аласалығына қарап «Жаманшоқы» дей салатындар да кездеседі. Оның атауы жайлы түрлі болжамдар бар. Бірінші, құймақұлақ қарттардың айтуларынша ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда тауға ентелей енетін қылтаны сауда керуендерін тонайтын қарақшылар торуылдаған. Есіл даласымен әрлі-берлі өткен жолаушылар алыстан мұнартып шалынатын тауды сапарларына бағдар ретінде пайдаланған.

Тірлігі абақтыға байланған ауыл

Екінші – Кеңес Одағы­ның дүрілдеп, заманның озып тұрған шағында геологтар осы маңайда жан-жақты жер асты барлау жұмыстарын жүргізген. Адам ағзасына өте зиянды ауыр металдардың мол қорын тапқан. Ол жайында қанша жасырылса да, «ел құлағы – елу». Бұған «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деген халық нақылын қо­сыңыз. Осы төңіректегі тұр­ғын­дар­­дың обыр ауруы­на жиі ұшы­­райтынын та­би­­­­ғаттың осы құбы­лы­сы­мен бай­ланыстыру ол кездері өң түгіл түске ен­­­­­бей­­тін. Қазір келмеске кет­кен Кеңес Одағының бір тарының қауызына сый­ғызған саясатының түп-­тамырына көз жібер­ген адам негізсіз еместігін ба­ғамдай алары хақ.

Үшінші – бәзбіреулер оның етегінде орналасқан түр­ме тарихына әкеліп ті­рейді. Өткен ғасырдың 60-жылдары Горное ауы­лы ір­­ге теуіп, ізін ала өте ауыр қыл­мыс жасап, ұзақ мер­­зімге бас ер­­кі­нен айрылған адам­дардың жазасын өтей­­тін түрме құрылған. Біз­діңше, қай долбар бол­сын қи­сын­ға келетін се­кіл­­ді. «Вла­совшыл сат­­қын­дар­ды» Бай­қал кө­­лі маңын­­дағы ауыр да азап­ты жұмыстарға жұмыл­дырғаны тарихтан мәлім. Адам аяғы баспаған, ит тұмсығы өтпейтін тайга мен ми батпақ ортасында ХХ ғасырдың ғажайып құрылысы – БАМ те­мір жолын салуға бас бостан­дығынан айрылған жандар көгенделген қозыдай жіберілгені бел­гілі.

Енді әңгімені орта бел­­ден шорт үзіп, негізгі тақы­рыпқа ойысайық. Баурайында Үкілі Ыбы­рай туған, Ақан сері әнге қосқан, шоқ-шоқ орман-то­ғайымен, сылдырап аққан қай­нар бұлағымен там­сандыратын, бүгінде ата-баба жұртының шырайын келтіріп, шұрайлы қоны­сынан қотарыла көш­пей отырған 150 үйлі Горное елді мекенінің қа­зір­гі жайы өте мүшкіл. Ел аман, жұрт тынышта басына қара бұлт үйіріліп, қабағынан қар жауып отыр­ғаны несі дерсіздер?

Түсіндірейік. Халық ара­сында «Жамансопка» аталып кеткен қатаң ре­жім­­дегі ЕС-164/4 тү­зеу ме­­ке­месі басқа жаққа кө­­ші­­­ріледі деген сыбыс шық­қалы едәуір уа­­қыт өтті. Осыдан үш жыл бұ­­рын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сымов Үкімет саға­тын­­да қысқаратын екі ко­лонияның бірі­не «Жаман­соп­каны» атап, Парламент Мәжілісі депутаттары мен жұрт­шылықтың қар­сы­лығына тап болған. Со­дан бері тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған. Заг­радовка ауылдық округінде орна­ласқан түрме 60 жыл­ға жуық тас, қиыр­шық тас өң­деумен айналыс­ты. Кей кездері жылына 140 мың текше метр тас, 50 мың текше метр қиыр­шық тас өндіріп жүр­ді. Оба­лы не керек, бүгінгі күні әлеуметтік нысандар қаз-қалпында жұмыс істеп тұр. Былтырлары та­за ауыз су жеткізілді. Әр отба­сы дерлік осы меке­меде еңбек етіп, бала-шаға нәпақасын айырып отыр. «Мына нарық заманында негізгі күнкөрістен айрылсақ, ертеңгі күніміз не болмақ?» – деген күдік жандарын жегіқұрттай жеп барады. «Еңкейген қарттарымызды, еңбекте­ген балаларымызды шұ­­быр­­тып, қайда бара­мыз» – деген уайым ба­сым. Облыс, аудан бас­шы­ларының, халық қа­лау­лыларының «еш алаң­дамаңдар, абақты жабылмайды» – деген уәде­лерінің сөзден әріге аспай қалғанына налиды. Бар гәп 400-ден астам адам жазасын өтеп жатқан қа­таң режімдегі колонияны жабу мәселесінің соңы «қас­қырдың ұлығаны – жей­міннің» керіне ұласып тұр­ғаны талайлардың ай­ран көңілін қайран ет­ті. Айтпай ма, «сөзде қаң­қу, ауруда шаншу жаман» деп. Жел сөздің шын­дық­қа айнала бастағанына алаң­да­ған горныйлықтар «Егемен Қазақстан» газе­ті­нің жергілікті тілші­лер қосынына хабарласып, жан айқайларын жайып салды.

– 150-дей отбасы мү­­­ше­­лері абақтыда, осын­дағы әскери бөлімде күнкөріс қамымен жүр. Колонияны жабу туралы мәселе сыртымыздан шешіліп қойғанға ұқ­сайды. Жергілікті басшылар келіп, жағдай­дан неге хабардар етпейді? Алдағы өмір сүру жа­йын бірі­­гіп ақылдасса, тақ­­­тан тү­сіп қала ма? Біз­­ді ба­ла­ларымыз бен неме­релеріміздің ертеңгі күні толғандырады. Облыс, ауданнан шалғайдамыз. Қайда барып күнелтеміз? – дейді жүздерін мұң шал­ған ауылдықтар.

Қылмыстық атқару жүйе­сі облыстық депар­та­­­мен­тінің бастығы Бө­кен­бай Жүсіповпен сөй­лес­кенімізде, түрменің қазіргі жағдайы заманауи талаптарға сай келме­гендіктен жабылатынын, осындағы аса қауіпті қыл­мыс­керлер Шығыс Қазақ­стан облысына көші­рі­летінін, ол өңірде арнайы орын жасақталып жат­қа­нын растады. Оның сө­­зі­не қарағанда, ауыз су мәселесі ғана ше­шіл­ген. Өзге проблемалар өзге­ріссіз қалған. Әлеу­мет­тік жағдайлар жоқты­ғынан жоғары білімді дәрігерлер түгіл орта буын медици­на қызметкерлері келуге қашқақтайды. Түр­­­ме ғи­мараттары барак үл­гі­сіндегі әбден то­зы­­ғы жеткен үйлерде орна­лас­қан. Салынғалы бір­де-бір жөндеу жүргі­зіл­меген. Әртүрлі дең­гей­дегі қоғамдық, құқық­тық ұйымдар тарапынан ай­­тылған сын ескертпелер мен талаптарда есеп жоқ көрінеді. Об­лыс­тағы 6 колонияда 2 мың­ға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Өңір ішін­де қоныстандыру мүм­кіндігін қарастырып едік, қолайлы орын табылмады. Жыл аяғына дейін көші-қон мәселесі түпкілікті шешіліп қалуы мүмкін, деді ол.

Олай болса, жергілік­ті билік орындары не­ге қам­сыз отыр деген заң­­ды са­уал туады. Жыл­­­жы­майтын дүние-мүліктер қай ве­до­мос­твоға тиесілі, бос қал­­­ған нысандар ұс­та­ғанның қолында, тісте­геннің аузында кетпей ме, тұр­ғындарды жеке кә­сіп­керлікке тарту, же­ңіл­­дікті мемлекеттік бағ­­­­­дар­ламаларға қатыс­ты­ру, тас пен тас қиыр­шық­тарын өндіретін өн­ді­ріс орындарын іске қосуға жұмылдыру секіл­ді түйт­кілді жайттар төңі­регінде ұйымдастыру ша­ра­лары жедел түрде қол­ға алын­баса, тағы бір ауыл­­дың жұртын сипап қа­­луымыз кәдік. Әзірге гор­ныйлықтар «құлан қай­тып күн көрер, құй­рығы жоқ, жалы жоқ» деп, Асанқайғыша са­ры уайымға салынып, та­бал­дырық тоздырумен, уақыт оздырумен күн өткізіп жүр.

Мәселенің мәнісіне үңіл­­ген біз тағдыр-та­лайы ше­шіліп қой­ған үлкен ауылдың ен­дігі бар үміті билік тұтқа­сын ұстаған лауазым иелерінде екенін жеткі­зуді парыз санадық.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20