– Жанболат Жарылқасынұлы, Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысына кіріскеніңізге бір жылдай болды. Осы аралықта не өзгерді? Орталықтың негізгі функциялары да қайта қаралған екен. Жалпы, орталықтың білім саласына қосар үлесі қандай?
– XXІ ғасырда елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Кез келген саланың мамандары сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетімен айқындалады», деген болатын. Ал адами капиталдың сапасын арттырудың бірден-бір жолы – білім саласы озық елдерде оқып, тәжірибесімен танысу, талдау жасап, тағылымын алу. Бұл тұста Халықаралық бағдарламалар орталығы да өз үлесін қосуға дайын. Негізі, орталық бұған дейін «Болашақ» стипендиясының жұмысын жүргізумен айналысқан болатын. Былтырғы күзден бастап орталық функциясына біраз өзгерістер енгізілді.
Солардың бірі – үкіметаралық келісімшарт негізінде шетелде білім алуға студенттер жіберу. Қысқаша айтқанда, басқа мемлекеттер мен Қазақстан арасында студент алмасу, біздің өрендерге арналған шетелдік гранттар. Бұл Халықаралық бағдарламалар орталығы үшін жаңа бағыт болғанмен, Білім және ғылым министрлігі мұндай шәкірт алмасуды бұрыннан ұйымдастырып келеді. Былтыр осындай грант арқылы 400 студент оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткішті мыңға жеткізуді көздеп отырмыз.
– Аталған гранттар мен шетелдік жоғары оқу орындары бөлген стипендиялар туралы айта кетсеңіз?
– Үкіметаралық гранттар бакалавриат, магистратура және PhD дәрежелерін қамтиды. Бұл жоба республикалық бюджетке еш салмақ салмайды. Қазір шәкіртақы ұсынатын елдер мен гранттар санын көбейтуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда ең көп грант бөліп отырған ел – Венгрия. Былтыр мажарлар 45 грант берген, биыл оның санын 200-ге көбейтті. Сондай-ақ, осы мәселеге байланысты Чехиямен, Қытаймен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аталған елдерде үкіметаралық грант арқылы білім алатын студенттер санын 200-ге жеткізу жоспарда бар.
Бұдан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарының стипендиясына қазақстандықтарды қатыстыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мәселен, биыл Берлин техникалық университетімен меморандумға қол қойып, біздің студенттерді сонда оқытуға келістік. Биылғы жылдың маусым айында өткізген білім көрмесіне 100-ден аса шетелдік университеттер келген, солардың 30-дан астамы қазақстандық жастарға грант беруге ниет танытып отыр. Жалпы, келесі жылы үкіметаралық гранттар арқылы бөлінетін стипендиялар санын 2000-ға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз.
Былтырдан бері елшіліктермен және шетелдік білім агенттіктерімен тығыз жұмыс істей бастадық. Атап айтар болсақ, Қазақстанға көбірек грант бөлу үшін CampusFrance, British Council, DAAD сияқты шетелдік білім беру агенттіктерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Германиялық DAAD білім агенттігі Орталық Азия елдеріне 130-дан астам білім грант бөлсе, франциялық Cifre агенттігі PhD докторантура дәрежесі бойынша білім беруге 1400 грант бөлген екен. ІТ мен инженерлік саладағы мамандарды Францияның, Германияның үздік университеттерінде оқытсақ, ұтарымыз мол болмақ. Келесі жылы шетелдік білім агенттіктері мен елшіліктер ұсынатын гранттар санын 5000-ға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Грант бөлуге келіскен университеттердің қандай талаптары бар?
– Олардың басты талабы – тіл білу. Мәселен, Франция мен Германияда оқу үшін ағылшынша білген жақсы, бірақ неміс және француз тілдерін меңгерсе тіпті керемет. Ал Қытай университеттері ең әуелі қытай тілін білуді талап етеді. Сондай-ақ, үміткер пәндерді жақсы біліп, таңдаған мамандығы мен бірінші мамандығы сәйкес келуі тиіс.
– Ал Қазақстан шетелден келгендерге қандай ұсыныстар жасайды?
– Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығына жүктелген маңызды тапсырмалардың бірі – Қазақстанда Орталық Азиядағы білім хабын құру. Білім хабы дегеніміз, белгілі бір аймақтағы халықаралық деңгейдегі білім ошақтары, шетелдік ұстаздармен тәжірибе алмасу арқылы академиялық ортаның кәсіби дамуы, білім саласындағы бизнес пен ғылыми орталықтардың өркендеуі, инновациялық жобалардың іске асырылуы.
Білім хабын құру нәтижесінде еліміздегі жоғары білім саласын дамытып, басқа мемлекеттердің білім институттарымен тәжірибе алмасу және шетелдік студенттерді тарту арқылы университеттердің қаржылық жағдайын жақсарту жоспарланған. Мысалы, Малайзия сияқты елдерде білім алатын шетелдіктердің саны өте көп. Онда оқу құны АҚШ, не Ұлыбританиядағыдай қымбат емес. Малайзия – «қос диплом» бағдарламасы бойынша білім беруді нәтижелі іске асырып отырған елдердің бірі. Яғни, ол жақта оқу тәмамдаған студент қос диплом алып шығады. Біз де осы тәжірибені іске асыруымыз керек.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің 2017 жылғы деректері бойынша, елімізде 12 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Ендігі мақсатымыз шетелдік студенттер санын 50 мыңға дейін көбейту. Жылына орта есеппен 50 мың шетелдік студент 3000 доллардан төлесе, бұл университеттер үшін қомақты қаржылық қолдау болар еді.
Сондай-ақ, шетелдік мұғалімдерді жұмысқа тарту кеңінен іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, біздің орталық Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан астаналарында білім көрмесін ұйымдастырды. Енді, Бейжің, Шанхай, Дели және Ашхабад қалаларында білім көрмесін өткізуге дайындалып жатырмыз. Иранмен де келіссөздер жүргізу жоспарда бар.
– Биылдан бастап «Серпін» бағдарламасын ұйымдастыруды Халықаралық бағдарламалар орталығына берген екен. Жалпы, жастардың әлеуеті мен қызығушылығы туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі жастар ізденімпаз, білімге құштар әрі кез келген салада дараланып, ерекшеленгенді жақсы көреді. Көбі заман талабына сай шет тілдерін меңгеруге талпынып жүр. Шетелде де біздің өрендеріміз туралы жағымды пікір айтады. Әсіресе, теориялық білімді тез меңгеруі мен сындарлы ойлау қабілетінің жоғары екені жиі сөз болады.
Білім және ғылым министрлігі 2016 жылдың қыркүйегінен бастап «Серпін» бағдарламасын жүзеге асыруды біздің орталыққа міндеттеді. Бағдарламаның басты мақсаты – еліміздегі жұмыс күші мол өңірден адамы аз облыстарға жастарды апарып, сонда оқытып, тұрақтап қалуына жағдай жасау. Жоба 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, қазір 12 мыңға жуық адам білім алып жатыр. Алдағы 2017-2018 жылдары грант санын қосымша 5 мыңға дейін көбейту туралы шешім қабылданып, талапкерлерді қабылдау жүргізіліп жатыр.
– Бағдарламалар орталығына басқа да функциялардың жүктелуі «Болашақ» бағдарламасының қысқаруы дегенді білдіре ме?
– Бұл тұста бір айта кететін мәселе бар. Шетелдерде мамандар дайындау бойынша республикалық комиссия «Болашақ» бағдарламасының бағыт-бағдарын анықтап, шешім шығарады. Оған Мемлекеттік хатшы басшылық жасайды. Халықаралық бағдарламалар орталығы – оның жұмысын жүргізетін мекеме. Сондықтан, орталық стипендия бөлумен емес, студент оқытумен айналысады. Жалпы, 2015 жылы 700 стипендия бөлінген. Биыл 2017 жылы 600 шәкіртақы қарастырылған. Келер жылы стипендия саны 300-ге қысқаруы мүмкін. Салыстырып қарайтын болсақ, 1994 жыл мен 2004 жылдар аралығында 780 стипендия тағайындалған екен. 2005 жылдан кейін ғана бөлінген стипендия саны артты. Ендеше, «Болашақ» бағдарламасы тоқтап қалады деп айтуға негіз жоқ.
– «Болашақ» түлектеріне байланысты ел ішіндегі пікір екіге жарылған. Бірі түлектердің мүмкіншілігі толық пайдаланылмайтынын, олардың болмашы жалақымен түкке тұрмайтын жұмыс істейтін немесе жұмыссыз жүрген болашақтықтардың көп екенін айтады. Ал келесілер «Болашақ» түлектері жоғары жалақы алуға қызығып, кез келген жұмысты менсінбейтінін келтіреді. Сіздіңше, қай тараптың дәйегі басымырақ және оған қатысты деректер не дейді?
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Халықаралық бағдарламалар орталығы жүргізген деректерге көз жүгіртейік. Бүгінге дейін он мыңға жуық стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәлім алды. Олардың 3000-ға жуығы әлеуметтік салада жұмыс істейді. Білім мен ғылымға берілген 2000-нан астам түлек сонда жүр. Денсаулық сақтау мен өндірістік салада жүргендер саны 1000-ға жақындап қалды. 804 түлек мемлекеттік қызмет атқарады. Солардың барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар.
Төмен жалақы алатын «Болашақ» түлектері туралы әңгіме әдетте үш жақты келісімшарт жасасып, шетелге оқуға кеткендерге байланысты шығады. Өйткені, кейбір жоғары оқу орындары өздері тапсырыс беріп даярлаған кадрларын жалақысы жоғары басқа білім ошақтарына жіберуге құлықты емес. Алайда, жұмыс беруші мен стипендиат арасындағы келісімшартқа орталықтың араласуына құқығы жоқ. Әйтсе де, «ЖОО түлегі» категориясына тапсырыс берілгенде сол категория иелеріне біраз жеңілдіктер жасалған болатын. Атап айтсақ, бағдарламаның негізгі шартында жазылған екі жылдық еңбек өтілі бұл категориямен оқуға үміткерлерден талап етілген жоқ, сонымен қатар, тілдік курстар да жоғары оқу орнының болашақ мамандарына 1,5 жыл етіп ұзартылып берілген болатын. Ендеше, осы бойынша білім алып келген түлек елге қайта оралған соң жұмыс орнының сапасын арттыруға үлес қосуы керек шығар?!
Осы орайда, шетелде қалып қойған жастар да тілге тиек етіледі. Жалпы, олардың саны көп емес, небәрі 161 адам. Олардың бәрі оқыту үшін жұмсалған қаржыны толықтай қайтарып жатыр.
– «Болашақ» бағдарламасының талаптары жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Былтыр IELTS талабы 5 болса, биыл 5,5-ке көтерілді, ал GPA баллы 3,3 болуы тиіс. Талаптардың күшеюі талапкерлердің сапасын арттыру ма, әлде болашақта стипендия санын азайтуға бағытталған әрекет пе?
– Іріктеу ережелеріндегі талаптардың күшейтілуі стипендия санын қысқарту деген сөз емес, керісінше, талапкерлер сапасын арттыруға бағытталған. Әрине, шет тілін меңгеруі мен дипломдағы баға дәрежесінің жоғары болуы биылғы жылы стипендиат санының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен, шетелдік университеттерде IELTS 6-дан төмен болса оқуға қабылдамайды. Ендеше, үміткерге қойылатын талаптың күшейтілуі шетелдегі академиялық оқудың қиындықтарын еңсеруі үшін жасалған жағдай.
– Халықтың көп бөлігі әлі күнге «Болашақты» тек бай-манаптар мен шенеуніктердің балалары жеңіп алады деген түсінікте жүр. Алайда, аталған стипендияны жеңіп алып, мұхит асып білімін жетілдіріп келген қарапайым қазақ жастарының мол екені де мәлім. Осы орайда, жоғарыдағы стереотипті жою үшін «Болашақ» стипендиясының шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұра ма?
– «Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтіп, әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама. Оны шенеуніктер мен қалталы азаматтардың балалары оқитын бағдарлама деген түсінік әу бастан дұрыс емес. Мысалы, «Болашақ» стипендиясы болмаса, Ұлыбританияда білім алуым екіталай еді. Әке-шешем – қарапайым дәрігерлер. Егер осы стипендия болмаса, мені Еуропада оқытуға ата-анамның қалтасы көтермейтін еді. Білуімше, сіз де «Болашақ» бағдарламасының түлегісіз. Шалғай ауылдан шығып алыстағы Англияда білім алғаныңыз мәлім. Сондықтан, біз секілді қазақ жастарына керемет мүмкіндік жасаған Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, кез келген талапкердің «Болашақ» стипендиясын жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әуелі байқауға қатысып, іріктеуден өту керек.
Сіз айтып отырған стереотипті жою үшін бағдарламаның талаптары мен шарттарын түсіндіріп келеміз. Сайтта да барлық мәлімет бар. Талап күшейтілгені болмаса, «Болашақтың» негізгі шарты басталғалы бері өзгерген емес. Негізі, барлығы адамның талпынысы мен талабына байланысты деп есептеймін. Мақсаты айқын адам көздегеніне жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»