Аймақтар • 26 Тамыз, 2017

Машина жасаушылардың мұңы қандай?

1067 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау кіші кластерін дамыту» тақырыбында форум өтті. 

Машина жасаушылардың мұңы қандай?

Форум аясында облыстың әлеуетін көрсететін отандық өндірушілер көрмесі ұйымдастырылып, оған «Мұнай-газ саласы үшін машина жасау» кіші кластерінің қатысушылары, облыстың мұнай-газ, машина жасау салаларында қызмет ететін ірі және орта кәсіпорындары, өңірдегі университеттері мен колледждер өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізді.

Көрме өтіп жатқан қазақ драма театрының кең фойесі құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Халық ығы-жығы. Машина жасау сынды күрделі технологиялы салада мұншалық фирма-кәсіпорын бар деп кім ойлаған?! Қаз-қатар орналасқан көрме сөресіне әр кәсіпорын өз өнімін жарнамалап, тауарын тізіп, қызыл-жасыл буклеттерін жайып тастаған.

Орал қаласында «Машзавод» машина жасау зауыттарының консорциумы 2013 жылы құрылған болатын. Мақсаты Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (КПО б.в.), ТеңізШевройл (ТШО), Норд Каспий Оперейтинг, АтырауХимМаш компаниялары мен олардың мердігер ұйымдары – СенімдіҚұрылыс, Шлюмбердже, Сайпем және Қазақстан мен Ресейдің басқада мұнай-газ компанияларымен тендер рәсіміне қатысу бойынша жұмыстарды шоғырландыруға бағытталған. Консорциум құрамына «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «Гидроприбор ҒЗИ» АҚ, «Орал механикалық зауыты» (ОМЗ) ЖШС, «ҚазАрмапром» ЖШС, «Орал Вент» ЖШС, «Промэкспертиза-KZ» ЖШС, «АксайСпецМонтаж» ЖШС, «Ақсай Индустриальды Паркі», «Зениттехсервис» ЖШС, «Батыс Қазақстан машинажасау компаниясы» АҚ, «Эко-Жерұйық» ЖШС, «УральскСтройИнвест» ЖШС секілді белгілі кәсіпорындар кіреді. Сондай-ақ ынтымақтастық келісім-шарт бойынша Консорциум құрамында Ресей Федерациясының «Волгограднефтемаш» ААҚ, ООО «ИТ-Сервис», Орынбор қаласындағы ООО «РТО-Завод» кәсіпорындары бар. Олар жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырыстары бойынша күрделі бұйымдар дайындайдауға белсенді ат салысып жүр.

Көрме алаңында нақты келісім-шарттар да болып жатты. Батыс Қазақстан индустриалды колледжі студенттерінің қолынан шыққан кейбір детальдарды көріп, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Рамазан Нұрлиев колледж шеберханасының мүмкіндігін, ондағы станоктар мен мамандардың қабілет деңгейіне қызығушылық білдірді. Сол арада телефон алмасып, болашақ әріптестіктің бір кірпіші қаланғандай болды. Форум мен көрме жұмысының мақсаты да осы болса керек.

- Бізге трансформаторларды бекіту үшін әртүрлі өлшемдегі мынадай бұрандалы «өкшелер», детальдар жиі керек болады. Егер өнім сапасы ойдағыдай болса, тапсырыс беруге әзірміз, - дейді Р.Нұрлиев. Колледждің оқу-өндіріс шебері Ағайша Хамзинаның айтуынша, шәкірттердің шеберлігі де, шеберхана мүмкіндігі де жоғары көрінеді. Жыл сайын Батыс Қазақстан индустриалды колледжінен 40 шақты студент токарь мамандығын алып шықса, олардың бір де бірі жұмыссыз қалмайды екен.

Форумға Батыс Қазақстан өңірі ғана емес, елімізге аты белгілі ірі зауыттар мен кәсіпорындар да қатысып, көрмеге өз өнімдерін орналастырған. 1941 жылы Ленинград қаласынан көшірілген «Двигатель» зауытының негізінде құрылған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ соғыс кезінде арнайы әскери-теңіз қаруын шығарған екен. Жауды жеңуге қосқан зор үлесі үшін Қазақстан кәсіпорындарының ішінде 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған жалғыз зауыт. Бүгінде «ҰК «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы «Орал «Зенит» зауыты» мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындап, еліміздің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етіп отырған қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының құрылымына кіреді. Зауыт 1993 жылдан бастап кеме жасау ісімен айналыса бастаған. Бүгінде су ығыстырғыштығы 240 тоннаға дейінгі катерлер мен кемелердің сериялық өндірісі игеріліп, ҚР ҚМ және ҚР ҰҚК ШҚ үшін барлығы 25 бірлік шығарылды. Дәл қазір де еліміздің шекара қызметі үшін – 1 кеме, Қорғаныс министрлігі үшін – 1 кеме жасалып жатыр. Алдағы уақытта құрғақ салмағы 600 тонналық мамандандырылған теңіз кемелерін (көп мақсатты әмбебап кемелер, суда жүзетін лабораториялар, тайыз шөгумен буксирлер, кезекші ауысымды жеткізу кемелерін, іздеп-құтқару және өрт сөндіру кемелерін) шығару жоспарлануда. Кеме жасаушы «Зенит» зауытының ежелгі әріптесі «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ да бүгінде қабырғалы кәсіпорынға айналған. ҒЗИ мамандары теңіз және су көліктерін, суасты, суүсті, жер бетінде және әуеде қолданылатын роботты техникалық кешендерді, мұнайгаз аппаратуралары мен құрал-жабдықтарын, гидрографикалық навигациялық жабдықтарды, сүңгуір технологияны жобалаумен және жасаумен шұғылданады.

«Казармапром» ЖШС – Батыс Қазақстан облысында ғана емес, еліміздегі ежелгі кәсіорынның бірі. Зауыттың 94 жыл тарихы бар. Кәсіпорын – Қазақстан Республикасында сұр шойыннан жасалатын ілмекті арматуралардың жетекші өндірушісі. Негізгі қызмет түрі – 50-200 мм диаметрмен сыналы ысырмалар өндірісі. Кәсіпорынның тағы бір танымал өнімі – қоспалы шойыннан жасалған ұнтақ шарлар. Бұл ұнтақ шарлар сынақтан сәтті өтіп, қазіргі таңда «Михайловский ГОК» АҚ-на ірі көлемде жеткізілуде. Зауыттың негізі шойын құю, механика жинау, болат құю цехтарынан тұрады. «Орал құю-механикалық зауыты» ӨК кәсіпорны 1942 жылы Усмань қаласындағы құю зауытының негізінде құрылған. Зауыттың өндірістік қызметі коммуникациялар және көлік, ауыл шаруашылық, мұнайгаз саласына жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығаруға бағытталған. Зауыттың құю, пісіру-жинақтау, жөндеу-механикалық, термиялық, жөндеу-құрылыстық, қара және түсті металлдардың қалдықтарын және сынықтарды сақтау, қайта өңдеу цехтары бар. Шойыннан, болаттан және түсті металлдардан құйылатын түрлі бұйымдар өндіре алады.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС тракторлар мен автомобиль техникасына иінді білік өндірумен аты шыққан кәсіпорын. Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс жасайтын МТЗ-80…82, МТЗ-90…92, МТЗ-100…102 «Беларусь» тракторларының түрлі модификацияларына, ЗИЛ-130, ЗИЛ-5301, ГАЗ-3308, ГАЗ-3309, ГАЗ-33104 автомобильдеріне және ПАЗ-3205, ЛАЗ-695, ПАЗ-4230, ПАЗ-4234 автобустарына иінді білік өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Механикалық зауытта шығарылатын иінді біліктің 80%-дан астамы Ресей, Беларусь және басқа шет елдерге экспортқа тасымалданады.

Көрмеде жоғарыда айтылғандардан бөлек «Оралагромашжөндеу» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Орал Вент», «Қазтрубпром», «Промэкспертиза-КZ», «АқсайСпецМонтаж», «Ақсай Индустриальды Паркі», «Эко-Жерұйық», «УральскСтройИнвест» сынды кәсіпорындар да өз өнімдерін, кәсіпкерлік мүмкіндіктерін көрсетіп, келушілерге барын ұсынды.

Форумның негізгі бөлігі машина жасаушылар мен мұнай-газ өндіруші компаниялардың өзара пікір алмасқан жүйелі әңгімесіне арналды. Сөйлеушілер өз саласында кездесетін түрлі түйінді мәселелер мен оларды шешу жолына тоқталды. Негізгі мақсат – әріптестікті нығайту, Қазақстанда мұнай-газ өндіруші алпауыт компаниялар жұмысында қазақстандық мазмұнды байыту, жергілікті компаниялар мен зауыт өнімдерін барынша пайдалану болды. Өз кезегінде мұнай-газ компаниялары өкілдері отандық зауыттардың инновация мен заманауи жаңалықтарды еркін игеріп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға шақырды.

Форум жұмысын жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы машинажасаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Темірлан Алтаев бұл жиынды «нақты нәтижеге жеткізетін байыпты байлам» деп атады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Игорь Стексов бұл шара кәсіпорындардың әлеуетін көрсетіп, өнімдердің тұсау кесерін ұйымдастырумен қатар, серіктестерді табу, тәжірибемен алмасу және ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп сенетінін айтты. Игорь Валерьевичтің айтуынша, мұнай-газ секторы облыс табысының 90%-ын түсіріп отырған сала. Өңірде 8 компания мұнай-газ өндірумен айналысады. Мұнай-газ шығатын ірі кеніштің өңірде болуы саламен байланысты қосалқы бағыттардың дамуына да әсер етеді. Бір Қарашығанақ кенішінің айналасында 3 мыңдай қосалқы кәсіпорын жұмыс істейді.

«Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Артур Досқалиевтің баяндамасында өңірдегі қалыптасқан жағдай, саланы жандандыру үшін жасалып жатқан барлық шаралар кеңінен қамтылды. Артур Мұқанұлы облыс кәсіпорындарын кластерлік тәсілді қолдана отырып индустриялдық даму, одан әрі ұлттық кластерді қалыптастыру мәселесін көтерді. Батыс Қазақстан облысында ірі мұнайгаз кеніші болғандықтан, өңірдегі кәсіпорындар осы салаға барынша икемделген. Жергілікті ЖОО-ларда маман даярлаудан бастап, зауыт-кәсіпорындарда сала қажетін өтейтін бұйым-жабдықтарды дайындауға баса көңіл бөлінеді. Алайда мұнай-газ саласы – ең алдыңғы қатарлы технологияны пайдалану, инновацияны уақытылы енгізумен ерекшеленеді. Бұл тиісінше қомақты қаржы талап ететін жұмыс. АҚШ-та өнеркәсіп заман ағымына ілесіп отыруы үшін жүйеге 30%-ға дейін инновациялық тәсілдерді енгізіп отырады екен. Батыс Қазақстан кәсіпорындарында бұл көрсеткіш 3,8 пайыздан аспайды. Оралдық кәсіпорындардың технологиялық жағынан артта қалуы, негізгі құрал-жабдықтардың ескіруі – басты қолбайлау болып отыр.

Форум жұмысына республикалық, халықаралық ұйымдар мен Атырау облысындағы мұнай-газ компаниялары өкілдері де арнайы келіп қатысты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» Акционерлік Қоғамының Мұнай сервисін дамыту бойынша департаментінің директоры Абат Нұрсейітов Елбасы тапсырмасына сәйкес индустриялық-инновациялық дамуды қолдап, форум жұмысын барынша пайдалы етуге шақырды. Ал «Advantage Kazakhstan» ЖШС бас директоры Дмитрий Родин әлемдік транс-ұлттық компанияларды Қазақстанға әкелу, әріптестікке тарту жолдарын баяндады. Ресей Федерациясы Самара облысының Кластерлік-инжиниринг орталығының жетекшісі Сергей Корнилов әріптестік байланыстарды дамытуды ұсынса, «Топан» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайса Жұмалиев кәсіпорынның соңғы жетістіктері, Атырау, Ақтау, Астана, Алматы қалаларында және Абу-Дабиде филиалы ашылғаны туралы айтып берді.

«Топан» ЖШС мұнай-газ және тау-кен өндірісі үшін ірі тонналық химияны жеткізумен және жоғары технологиялық химиялық ерітінділер өндірісімен айналысады. CT-KZ сертификатын ұсына отырып мұнай және газ тораптарын есепке алу өндірісімен және аналитикалық жабдықтардың сервистік қамтамасыз етілуін, уақытылы жеткізілуін жүзеге асырады. «Топан» ЖШС бірегейлі кәсіпорынының ерекшелігі мульти-брендті өндірістік компания болғандығында және өңдіру, мұнай мен газды өңдеу мен тасымалдау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, химия, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі, ғылыми зерттеу институттары, білім беру мекемелері сияқты салаларда қызмет атқаратын мекемелер үшін өнеркәсіптік тауарлар өндіріп, жеткізумен байланысты қызметтердің кең ауқымын жүзеге асырады. «Топан» ЖШС-нің негізгі бағыттарының бірі – зертханаларды жабдықтандыру, инжиниринг және өндіріс, сонымен қатар сервистік қызмет көрсету. Қазақстан Республикасы машинажасаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Темірлан Алтаев «Топан» ЖШС-нда атқарылып жатқан игі істерге ризашылық білдіріп, кәсіпорын жұмысымен жақынырақ танысуға ниет білдірді. Орал қаласына форум болардан бірер күн ерте келіп, өңірдегі іргелі зауыттардың жұмысымен жеке танысқан Темірлан Ескендірұлы жергілікті кәсіпорындардың республикалық және әлімдік аренаға шығуы үшін қолынан келетін мүмкіндіктің бәрін жасауға уәде берді.

- Бүгінгі форумда ұсынылған барлық тұсаукесер материалдар, слайдтар мен жарнамалар біздің қауымдастықтың сайтында жарияланатын болады. Одан бөлек, әлемдік алпауыт кәсіпорындар тіркелген ортақ интернет-ресурстарға да бұл мәліметтерді орналастырып, сіздердің мүмкіндіктеріңіз мен ұсыныстарыңызды нарыққа шығарамыз, - деді Темірлан Алтаев.

Форум барысында «Теңізшевройл» ЖШС және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг бв» компаниясының өкілдері де мінбеге шығып, жергілікті кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің шарттары туралы түсінік берді. Бұл жерде ең басты талап – ұсынылатын өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екендігі айтылды. Форумның қорытындысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» Акционерлік Қоғамының Мұнай сервисін дамыту бойынша департаментінің директоры Нұрсеитов Абат Ақмұқанұлы мен «Орал» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорация» ұлттық компаниясы» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Доскалиев Артур Мұқанұлының мұнай және газ өндіру және өңдеу, мұнай-химия, солармен байланысты машина жасау және сервистік қызметтер жөніндегі ұлттық кластерді дамыту стратегиясын іске асыру, тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды ұлғайту мақсатында осы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюымен қорытындыланды.

 «Индустриялық-инновациялық дамудың басты міндеті – өңдеу өнеркәсібін шикізат деңгейіне жеткізу, біртіндеп одан да асып түсу. Қазақстан әлемдік үздіктер аламанында өз орнын иеленіп, өз несібесін алуға тиіс. Біз таңдаған индустрия мен инновация жолы дамудың нұрлы жолы болып саналады. Себебі, өндірісті дамыту – елді дамыту. Өндірісті нығайту – тәуелсіздікті нығайту. Сондықтан бұл салаға жұмсалған әрбір тиын құнды, бұл бағытқа істелген әрбір шаруа – мәнді. Осыны көкейге түйіп жүрейік», - деген еді Елбасымыз Н.Назарбаев. Орал қаласында өткен жиынның негізгі арқауы осы болды.

Қазбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан"

Орал қаласы

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ

Соңғы жаңалықтар