Аймақтар • 26 Тамыз, 2017

Көктөбеде ашық аспан астындағы музыка фестивалі өтті

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының ең көрікті демалыс орындарының бірі, қала тұрғындары мен қонақтарының жүрегінен орын алған Көктөбеде  ашық аспан астындағы музыка фестивалі биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. 

Көктөбеде  ашық аспан астындағы музыка фестивалі өтті

«Көктөбе опера – 2017» музыка мерекесі мұндағы маңызды фестивальдердің бірі, себебі мың-сан шамдары жұлдыздай жамыраған шаһардың төбесінен қарап отырып тамылжыған табиғат аясында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұлттық опера өнерінің артистері мен әлемнің үздік сахналарынан шақырылған опера және балет жұлдыздарының өнерін тамашалау адамға ұмытылмас әсер сыйлайды.

Алғашқы фестиваль былтыр Алматының 1000 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылса, биылғы «Көктөбе опера – 2017» «Қала күні» мен ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің құрметіне орайластырылған. Концерт басталмас бұрын, жұлдызды аспан астын сұлу сазбен тербеген биік тау бөктеріндегі музыка мерекесіне мәртебелі көрермен ретінде келген Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықоваға қала әкімі Бауыржан Байбек қайта қалпына келтіріліп, Көктөбе төріне қойылған «Сұлушаш» панносы туралы әңгімелеп берді. Туындылары Третьяков галлереясынан орын алған атақты суретші Молдахмет Кенбаев пен мүсінші Николай Цивчинский 1970 жылы «Қазақстан» дүкені орналасқан үйдің бір қабырғасына қолына алқа ұстаған арудың бейнесін мозайкамен бейнелеп, оған «Сұлушаш» деп атау береді. Кейін 2000 жылдары «Сұлушаш» дүкен қабырғасынан ізім-ғайым жоқ болып кетеді.

Қазақтың төл мәдениетінен хабар беретін ұлттық бояуы қанық сол хас сұлудың бейнесін суретшінің ұлы Алпамыс Кенбаев қайта жаңғыртып, қала әкімдігінің көмегімен жаңартылған туындыны барша алматылықтар мен шаһар меймандарының сүйікті мекеніне айналған Көктөбеге әкеп орналастырғанын айтты. Тамыздың тамылжыған түніндегі құстай қалықтаған классикалық әуеннің сазы көрерменді екі сағаттан артық әлдиледі. Биік таудың баурайында саф дауыспен шырқалған әсем әннің әрқайсысы тасқа барып түйісіп, құлаққа қайта шалқып жеткендей ерекше естілді.

Жоғары талғаммен топтастырылған концерттік бағдарламада ұлттық музыка өнерінің жауһарлары мен әлемдік классикалық өнердің алтын қорына енген туындылардан үзінділер шебер үйлестірілгендіктен, көрермен бір тыныспен отырып тыңдады. Абай атындағы академиялық Опера және балет театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеген Дж.Верди, Дж.Пуччини, Дж.Россини, Ж.Бизе, П.Чайковскийдің ғажайып шығармалары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаевтың қолындағы таяқшаның құдіретімен сиқырлы әуенге айналып, сұлулыққа іңкәр жандарға рухани ләззат сыйлады.

Биылғы фестивальдің басты қонағы, Италиядан арнайы шақырылған белгілі опера әншісі Стефано Ла Колла өз репертуарындағы ең үздік арияларының бірнешеуін орындап, көпшілікті тенор дауысының құдіретімен тербетті. Сондай-ақ, Қазақстан классикалық өнерінің белді өкілдері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Трегубенко, Г.Дәуірбаева, Ж.Баспақова, Б.Жомартов, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Күзенбаев, халықаралық конкурстардың лауреаттары О.Давыденко, Н.Наденова, Е.Никонова, З.Алтынбаева, Э.Сакавов, Д.Таласбекова, Д.Сәдуақасов, Х.Нұралиев, Н.Мезина, О.Тамиров және театрдың балет труппасы қонақтарды өнерімен тамсандырды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ