Мұнда Америка, Бразилия, Аустралия, тағы басқа ыстық жақтарда өмір сүретін тропикалық құстар мен аңдардың көптеген түрлері шоғырланған. Олардың арасында тотықұстың нешеме түрлері кездеседі. Ең кішкентайы – шуақты аратинга. Салмағы 100-120 грамм ғана, ұзындығы 20 сантиметрден аспайды. Ең кәрісі – жасыл қанатты ара. Жасы 15-те. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Сары, қызыл айдарлы какаду, қызыл лори, мысыр күлегі ...құстар тізбегі осылай жалғаса береді.
Бес жастағы Боня есімді ақ қолды гиббон маймылы жанынан ұршықша үйіріліп шықпайтындар қарасы қалың. Екі мың метр биіктікке дейін еркін өрмелей алады деседі. Әбден қызыққа кенелтті. Әбжіл қимылына көз ілеспейтіні соншалық, балалардың көбіне телпегін «ұрлауға» құмар. Сосын «саудаласады-ай» келіп. Банан ұсынсаң, лезде қайтарып береді. Соған қарағанда басқаларға салмақ салмай өз тамағын өзі тауып жүрген тәрізді. Зообақ қызметкері Алина Ереминаның айтуынша, оның ойлау қабылеті үш жастағы сәбидікі сияқты. Туканның да негізгі қорегі – тек жеміс. Скунс, жанат тордың ішінде тыпыршып, жандарын қоярға жер таппай жүрсе, ұйқы келгенде ештенеге қарамайтын кинкажудың ешкіммен шаруасы жоқ секілді. Мексика ормандарын мекендейтін бұл гүл аюы түнде ғана жортып, күндіз ағаш қуысына кіріп алып, ұйқыны соғатын көрінеді.
Қызықты каникул күндері үлкен шаттыққа кенелген балалардың зообақ иесі Игорьға айтар алғыстары шексіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы