Қазақстан • 28 Тамыз, 2017

«Жайдарман» халықаралық деңгейге шықты

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада тұңғыш рет халықаралық «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылды. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен Қазақстан КВН одағы ұйымдастырған болатын. 

«Жайдарман» халықаралық деңгейге шықты

Қырғызстаннан, Татар­стан мен Башқұртстан Рес­пуб­ликаларынан келген жә­не қазақстандық бірнеше топ өнер көрсеткен сайыс жо­ғары деңгейде өтті. Б­ұрын «Жай­дарманның» ішкі бірін­шілігіне қатысып, тәжірибе жинаған қырғызстандық жайдарманшы жастар ойынға тыңғылықты дайындықпен келіп, бас жүл­демен қоса 500 000 теңге ақ­ша­лай сый­лықты иемденді. І орын мен 350 000 теңгені қа­зы­лар ал­қасы бірауыздан Та­тар­стан құрамасына берсе, ІІ орын алған Башқұртстаннан келген командаға 300 000 теңге ақшалай сыйлық бұйырды. Ал ІІІ орын мен 150 000 теңге екі командаға – Торғай өңірінің намысын қорғап келген «Ару.кз» тобы мен Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамасына бе­рілді. 

Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясы жаркенттік ұйғыр жастарынан құралған «Lagman.com» тобы мен түр­кістандық өзбек ағайын­дардың құрамасы – «Яссы» тобына 250 000 теңге арнайы ақшалай сыйлық ұсынды.

«Жайдарман» арқылы қа­зақ тілінің сәнге айналуына зор үлес қосып жатырмыз. Мақ­са­тымыз – осы ойындарды халықаралық деңгейге жеткізу. Бүгінгі ойын осы мақсаттың алғышарты деп ойлаймыз», – деді «Жайдарманның» жүр­гізушісі, Қазақстан КВН ода­ғының төрағасы Есен Елеукен.

Төл рухани жобаның халық­аралық деңгейге шыққанына жиналған жұртшылық шынайы ықылас танытты. Оны көрермен көпшіліктің ду қол шапалақтап, шараның соңына дейін қолпаштап отырғанынан да байқауға болады. Бұған қоса, «Жайдарман» түркітілдес елдердің жастарының өзара ынтымақтастығы мен рухани-мәдени байланыстарына кең өріс ашты. Алдағы уақытта ойынды «Қа­зақстан» ұлттық арнасынан көрсету жоспарланып отыр.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»