Аймақтар • 29 Тамыз, 2017

Тамыз кеңесі үшінші жаңғыруға арналды

530 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында білім беру саласындағы мә­се­лелер ортаға салынып, жаңа идеялар талқыға түсетін, келер күнге жос­пар жасалып, өткенге есеп беретін дәстүрлі та­мыз педогогикалық кеңе­сі өтті. І. Жансүгіров атын­­дағы Мәдениет сарайында өткен жиынға «Қазақ­станның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» деген тақырып таң­далыпты. 

 

Тамыз кеңесі үшінші жаңғыруға арналды

Оқыту үрдісіне жаңа инно­ва­циялық технологияларды ен­гізумен ғана іс бітпейтіні белгілі. Тәр­биесіз берген бі­лі­м­­нің зиянға шыға­тыны да ақи­­қат. Демек, заман ағымына ілесе отырып, қазақы кейіпті сақтап қалудың да маңызы зор. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н. Назарбаев­тың биыл­ғы Қазақстан хал­қына ар­наған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жол­дауы және «Рухани жаңғы­ру» бағ­­дарламасына негізделген пле­нарлық мәжіліске облыс әкімі Амандық Баталов, Білім және ғы­лым министрлігі ғылым ко­митеті төрағасының орынбасары Ер­­кін Садықов, басқарма басшылары, аудан, қала әкім­дері, мектеп директорлары мен ұстаздар қа­тысты.

Кеңеске қатысушылар ең алдымен аталған шараға арнайы дайындалған білім саласының озық үлгілері мен оқытудың жа­ңа технологияларының көр­месін тамашалады. Жиын­ның мо­­дера­торы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиын­ды салтанатты түрде аш­қан соң, негізгі баяндаманы об­лыстық білім басқармасының бас­­шысы Ләззат Базарқұлова жасады.

– Бүгінгі таңда адами капитал­ды дамыту, бәсекеге қабілетті ұр­­пақ тәрбиелеу, талапқа сай бі­лім беру – мемлекетіміздің бас­­ты ұстанымдарының бірі. Қазақстанның үшінші жаңғы­руы, әлемдік үрдістерге енуі бі­­лімнің жаңа сапалық дең­гейінің маңыздылығын артты­руда. Се­бебі, сапалы білім – мем­­ле­кеттің жан-жақты дамуын анықтайтын көрсеткіш әрі экономикалық дамуының кепілі. Осы мақсатты іске асыруда облысымызда білім сала­сын қаржыландыру көлемі жыл­дан-жылға артып келеді. Апатты және үш ауысымды мектеп мә­се­­лелерінің оң шешімін табуы, білім беру нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі жә­не материалдық-техникалық база­ларының нығаюы балалардың са­палы білім алуына зор ық­палын тигізіп отыр, – деді об­лыстың бас мұғалімі.

Басқарма басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, білім бе­ру ұйымдарын ақпарат­тан­­­­­дыруға биыл 333 мил­лион 536 мың теңге бөлініп, оқу­­­­­шылардың IT-білімдерін қалыптастыруға күш салынып жатыр. Кең жолақты интернет желісіне мектептердің 84,7 па­йызы қосылып, 83 пайы­зы интерактивті тақтамен, 52,3 пайызы лингафонды, 47,1 пайы­зы жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталған. Ауыл­дық жерлерде орналасқан мек­тептердің материалдық-тех­­никалық базасын нығайтуға 823 000 миллион теңге жұмса­лып, 410 шағын және орта мектептің мультимедиялық құ­­­рылғылармен жабдықталуы, сон­дай-ақ, шағын жинақталған мектептердің BilimLand электронды контенті орнатылған ин­тер­активті құрылғылар жиынты­ғы­мен қамтамасыз етілген. Бұл қа­ла мен ауыл мектептері ара­сындағы білім беру сапасының ал­шақтығын жоюға қосылған бір үлес деуге болады. Сонымен қа­тар, жергілікті атқарушы органдар мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту бойынша атқарған жұмыстар нәтижесінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар санының үлесі соңғы екі жылда 12,9 пайызға артып, бүгінде 67,3 пайызды құрады.

Білім беру саласында педа­гогтардың кәсіби құзырет­тілігін арттыру, жаңар­тылған білім мазмұнын енгізуге дайындық барысы, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру реформасын жүзеге асыру жұмыстары, ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің кәсіп­тік білік пен тілді меңгеру дең­гейін көтеру, білім беру жүйесін жоғары білікті кадр­лармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тұрақтандыру, биылғы Ұлттық бірыңғай тес­тілеудің нәтижесі, білім сапасын жетілдіруге қатысты реформалық өзгерістер жайын сөз қылған білім басқармасының басшысы бірқатар проблемаларды да алға тартты. Мәселен, инклюзивті білім беру жүйесін енгізуде қиын­дықтар бар. Облыстағы 8 коррекциялық кабинеттің (Те­келі, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Сарқан, Ескелді, Қа­расай, Талғар аудандары) өз ғимараттары жоқ. Бөлінген ғи­мараттар нор­мативтік талапқа, сани­тарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларына сай емес. Коррекциялық көмек алатын балалар арнайы құрал-жабдықтарды толығымен пайдалана алмайды. Ал, Панфилов, Жамбыл, Іле, Көксу, Райымбек аудандарында коррекциялық кабинеттер мүлде ашылмаған. Райымбек ауданында түзету кабинетінің болмауына байланысты балалар Еңбекшіқазақ ауданына баруға мәжбүр. Бұл ата-аналардың наразылығын тудыруда. Осыны алға тартқан сала басшысы коррекциялық кабинеттерде түзету, емдеу жұ­мыстарын тиісті деңгейде жүр­гізу үшін нормаға сәйкес келетін ғимарат бөліп немесе жаңа ғимарат құрылысын салу қажеттілігі туралы облыс әкімі алдына мәселе қойды. Сондай-ақ, дуалды оқытуды енгізу жүйесі республикалық көрсеткіштен төмен екендігі айтылып, аудан, қала әкімдеріне кәсіпкерлік палатасы, жұмыс берушілер ассоциациясымен бірігіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды ұсынды.

Білім және ғылым ми­нис­тр­­­лігі Ғылым комитеті төр­а­ға­­сының орын­басары Еркін Са­дықов 2020 жылдан бас­тап 12 жылдық бі­лім беру жүйесі толығымен енгі­зілетінін, со­ған орай нөлінші сыныпты бүл­діршіндер мектептегі даяр­лық сыныптарында немесе бала­бақшаларда оқитынын айтты. 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептерде пән­ді ағылшын тілінде өткізетін мұға­лімдердің жалақысына үстеме қосылатынын жеткізді.

Ал, жарыссөзге шыққан ұс­таз­дар қауымы білім саласын­дағы өзекті мәселелерді тал­қы­лап, облыс басшысына өз ұсы­ныс­тарын білдірді. Ол ұсы­ныстар, негізінен, жаңа енгізіліп жатқан реформаларға орай мұға­лімдердің біліктілігін арттыру орталықтары көптеп ашылса, ағылшын тілі курстары қол­же­тімді болса деген төңіректе болды.

Дәстүрлі жиынның жұмысын облыс әкімі Амандық Баталов қорытындылады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев айқындап бер­ген елдік бағытымыз – «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы жаңа міндеттер жүктеді. Бұл тарихи құжаттағы міндеттерді іске асыруға ұстаздар қауымының қосар үлесі зор. Өңі­рімізде жаңа талаптарды орын­дап, білім сапасын арттыру бойынша тиісті шаралар қа­былданды. Ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз мол. Жұмыс бол­ғандықтан, кемшіліктер де болады, қойылған мақсаттарға жете алмаған бағыттар да бар. Бүгін соның барлығын сараптап, жаңа оқу жылында атқаратын бірқатар міндеттерді анықтаймыз, – деп сөз бастаған әкім кемшіліктер жа­йына тоқтала келіп, кеңесте атал­ған барлық ескертпелерді бі­лім басқармасына аудандар мен қала әкімдерімен бірлесіп шешуді тапсырды.

Жиын соңы дәстүр бойынша бі­­лім саласындағы ерекше жетіс­тігімен көзге түскен қыз­мет­керлер марапатталып, «ҚР білім беру ісінің құрметті қыз­меткері», «Ы. Алтынсарин» төс­белгілері, об­лыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хаттар та­­бысталды.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

 

Соңғы жаңалықтар