Сөз басында мақаланың академиялық және көркем әдеби ағылшын тілі туралы болатынын ескерткіміз келеді. Себебі тұрмыстық ағылшынды кез келген адам қысқа уақытта меңгере алады. Қажеттілік пен орта болса жеткілікті. Алайда, ағылшын тіліндегі баспаны оқып, сауатты түрде жазу және сөйлеу үшін міндетті түрде академиялық ағылшын тілі керек. Бұл – жоғарыдай айтқан қызметтегі бәсекелестікте және сапалы білім алуда қажет дүние.
Ең әуелі дұрыс мотивацияны анықтау қажет
Тіл үйренуге бет бұрғандардың барлығы бірдей бастаған істі аяғына жеткізе бермейді. Көбінің көзіндегі оты бір-екі айдан соң таусылып жатады. Сұрастыра келе, бәріне ортақ бір себепті анықтауға болады – көбі қатарынан қалмау үшін, заман талабы деген сияқты абсрактілі сөздер үшін ғана оқиды. Айналаңдағылардан қалмауға тырысу – жақсы нышан, бірақ дәл тіл оқуда – өте әлсіз мотивация. Бұл оқып отырған тілдің не үшін қажет екенін жете түсінбегендікті білдіреді. Қатардан қалмау түпкі мақсат болса, ол оң нәтижеден гөрі, еліктеуге, сыртқы формаға мән беріп, ішкі мазмұнды екінші орынға қоюға әкеледі.
Дұрыс мотивацияны анықтау үшін «Бұл тіл маған не береді?», «Оны меңгерген соң менің өмірім қалай өзгереді?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеген жөн. Ағылшынды үйренсем жалақым 500 мың теңге болады деп мақсат қою тіл білсем ұпайым түгел болады дегеннен әлдеқайда күштірек. Ағылшын арқылы «Болашақ» стипендиаты атанамын дегеннен гөрі Гарвардта білім алып жатқаныңызды елестетудің тиімділігі жоғары.
«Болашақ» бағдарламасы демекші, бүкіл арманы жай ғана стипендиат атану болған адамдар, мақсатына жеткен соң ары қарай қатты қиналып жатады. Өзін қинап, жоқтан бар жасап конкурс талаптарына қажетті IELTS-тың 5.5 немесе TOEFL-дың 457 деген көрсеткішіне қол жеткізген соң, ағылшынды ары қарай оқуға деген энергиясы сарқылады. Осы себепті, тіл оқудан шаршадым, «Болашаққа» түспеуім керек еді дейтін азаматтар жиі кездеседі. Бұдан шығатыны, мотивация табу дегеніміз – кез келген нәрсені мақсат тұтып, соған ұмтыла беру емес, мүмкіндікті объективті бағалап, жан қалауын анықтап, соған сәйкес амал жасау.
Парето заңы әрдайым жұмыс істейді
Әлеуметтанушы Вильфредо Парето енгізген бұл заңға сәйкес, талпыныстың 20 пайызы нәтиженің 80 пайызын береді де, қалған 80 пайыз нәтиженің бар-жоғы 20 пайызын береді. Мұны қысқаша 20/80 қағидасы деп атайды. Осы қағиданы білу тіл оқуда өте маңызды. Парето заңының айтпағы, тіл оқу басында оңай, әрі қызық болады, бірақ уақыт өте келе қиындай түседі.
Ағылшын тілінің күнделікті кездесетін сөздерін жаттау, грамматикасының жалпы сипатын түсіну оқуды енді бастаған адамға әдетте оңай тиеді. Тіл біліміңіздің күн санап артып жатқанын байқайсыз. Тілді толық меңгергендей сезім де болады. Қызығушылығыңыз артып, үйдің бәрін ағылшын сөздері жазылған қағазбен толтырып, фильмдерді аудармасыз көруді бастайсыз. Бірақ уақыт өте келе, күрделі грамматикалық құрылымдар, бұрын-соңды мүлдем естімеген абстрактілі ұғымдар келе бастайды. Тіл оқу тым қиын болып көріне бастайды. Күн сайын жаңа нәрсе үйренгеніңізбен, прогресс еш байқалмайды. Осы кезде, өкінішке қарай, біраз адам тіл оқуды тастап кетеді. Шын мәнінде, прогресс бар, бірақ баяғыдай көзге анық көрінбейді. Мұндайда оқуды жалғастыра беру аса маңызды. Өсуді күн сайын көрмесеңіз де, тыңғылықты жаттығудың арқасында бір-екі жылда біліміңіздің қатты артқанын аңғарасыз.
Түсінікті болу үшін басқа мысал келтірейін. Мәселен, бар-жоғы 120 сұрақтан тұратын баршаға таныс Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) қарастырайық. Тестілеудің бұл түріне ешқашан дайындалмаған адам, қолына кітап алып екі апта жаттықса, 120-дан 60 балды оп-оңай алады. Егер Парето заңы жұмыс істемесе, келесі екі апталық дайындықтан соң ол адам 120-дан 120 балл алуы тиіс. Бірақ шын өмірде бұл – мүмкін емес. Тест нәтижесін 60-тан 80-ге көтеру үшін 1 ай, 80-нен 100-ге 3 ай, 100-ден 110-ға көтеру үшін 5 ай, 110-нан 115-ке көтеру үшін жарты жыл уақыт кетуі мүмкін. Салыстырып көріңіз, 110 мен 115 арасындағы 5 балдың құны жарты жыл да, 0-ден жоғары 60 балдың құны екі-ақ апта. *Ескерту: дайындық уақыты шартты түрде көрсетілген. Адамың қабілеті мен талабына байланысты бұл уақыт әртүрлі болуы мүмкін. Ағылшын тілін оқуда дәл осы қағида жұмыс істейді. Демек, ағылшын тілін оқып жүріп, белгілі бір жерге келгенде тоқырағандай күй кешкен адам бастаған істі тастауға асықпауы қажет. Көзге көрінбейтін болса да нәтиже бар және тұрақты дайындалу арқылы түбінде тіл біліміңіз өте жоғары деңгейге жетеді.
Ағылшын тілін 1 айда үйренемін деп ойлаудың қауіптілігі
Кей адамдар ағылшын тілін үйренуге тек қаржылық шығын деп қарайды және көп ақша шығарсам тез арада үйрене саламын дейді. Бұл, әсіресе, өзге тілді оқып көрмеген адамдар арасында жиі кездеседі. Мұндай психологияны кейбір алаяқ тіл курстары жақсы пайдаланады да, ағылшын тілін 1 айда үйретеміз дегендей жарнама таратады. Шындығында, тілді толыққанды меңгеріп, оның негізгі мүмкіншіліктерін пайдалану үшін кемі жарты жыл белсенді жұмыс қажет. Оның өзінде жұмысты тастап, таңнан кешке дейін оқу қажет болады. Бұл тіл оқудың қиын және қолжетімсіз екендігін білдірмейді. Мәселе адам миының жаңа ақпаратты қабылдаудағы ерекшелігінде. Адам күніне белгілі бір мөлшерден артық ақпаратты қабылдай алмайды. Ақпаратты қабылдау – бір жұмыс. Одан кейін оны қорыту қажет. Әдетте жаңа білімді сіңіру үшін де уақыт керек. Мәселен, тілді жетік меңгеру үшін сізге кемі 3000 сөз қажет делік. Егер бір айда үйренгіңіз келсе күніне 100 сөз жаттау шарт. Қатардағы адам үшін бұл – мүмкін емес меже. Тіпті жаттаудың түрлі әдістерін қолданып талпынып көрсеңіз де, жаттағандай сезінгеніңізбен, араға уақыт салып ұмытып кетесіз. Адамның есте сақтау жады қысқа, орта және ұзақ мерзімді болып үшке бөлінеді. Ағылшын тілін жақсы білемін деп нық сеніммен айта алу үшін сіз алған білім ұзақ мерзімді жадта болуы тиіс. Ол үшін ақпарат не өте қызық болуы қажет не күнделікті қайталануы керек. Алғашқы күні энтузиазммен 100 сөзді бір күнде жаттарсыз, бірақ ертесіне және одан кейінгі күндері де сонша сөз жаттайтын болсаңыз, миыңыз сөз жаттау жұмысын қызықты жаттығу емес, іш-пыстырарлық жұмыс деп қабылдайды. Он күннен кейін бірінші күнгі сөздеріңіз ұмытылуы мүмкін. Ал сөз жаттау тіл үйренудің тек бір ғана бөлігі, ары қарай грамматика мен жаттығулар бар.
Енді не істемек керек? Тіл оқу тек таңдаулылардың қолынан келетін іс болғаны ма?
Аталған мәселелердің бәрі тіл үйренушіні психологиялық тұрғыда дайындау үшін жазылған. Оңай деп ойлап, қиынды көрген адамның берілуі де жылдам. Ал кездесуі мүмкін қиындықтарды алдын ала білсеңіз және оған дайын болсаңыз сізді ешнәрсе тоқтата алмайды. Тіл оқу анау айтқандай қиын емес, тек табандылық пен еңбек етуді қажет етеді.