18 Қазан, 2011

Оңқаңның оң жамбасы немесе спортты жырлаған кітап

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Жақыптың жатыр күші оң жағында» дегендей-ақ, өскемендік әріптесіміз Оң­да­сын Елубайдың қалам қа­рымы ерекше қуаттанып көрі­нер, үнемі оң жам­ба­сы­на ілінер тақырыбы спорт екенін осы күні жұрт түгел біледі. Оңқаң спортқа студент кезінен құштар еді. Сол құштарлық қанатында Па­риждегі 1998 жылғы әлем­­­дік футбол додасын, Сидней, Афина және Бейжін Олим­пиадаларын, Туриндегі қыс­қы Олим­пиа­да­ны, Кореяда өткен футбол чемпионатын өз көзімен өт­керіп, сондағы Бекзат, Ермахан, Ольга, Бақ­тияр, Ба­қыт, Ильяның Олимп шыңына көтерілген жұлдыз­ды шақ­тарының шаттығын бірге бөліс­кен осы біздің Оңқаң болатын. Сол ғаламат спорт ала­мандары­ның айтулы шежіресіндей «Ай­шы­лық алысқа алты сапар» кітабы 2009 жылы жарық көрсе, автордың қоғам мен ел тір­ші­лігінің алуан саласын қам­тып, 1077 фотосуретін топтас­тырған «Өмірді суретпен өрнек­теп» атты фотоальбом кітабы 2010 жылы оқырман көзайымы­на айналған-ды. Міне, содан бір жыл өтер-өтпесте тынымсыздығы жан­кеш­тілікке жалғасқан Оңдасын Елубайдың кезекті фотоаль­бо­мы қолымызға тиді. Әріптесі­міз өзінің бұл  жинағын «Алаш­ты асқақтатқан Азиада» деп атап, оны туған ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арна­ған екен. Және қосалқы атын «Золотая Азиада Казахстана» деп қойып, жүре­ме­лете орыс тіліне аудартып, кітапты қазақ-орыс оқырманына бірдей ұсын­ғаны дұрыс болған. Кітаптың әр парағын қызыға ашасың, танымыңды кеңей­те­сің. Жүз­де­ген суреттер қайта­лан­бас сәт­терді молынан қам­тып бейнелеген. Астана мен Ал­матыда бой көтеріп, Азиада абыроймен өтіп болғаннан кейін де жан жадыратып ел игілігіне айнал­ған ғаламат спорт кешендері, шаңғы базалары, Шым­бұлақ, Медеу, Табаған мен Сол­датсай­дағы жан алысып, жан беріскен спорт бәсекелері, Алаш жұртын асқақтатқан әлем­дік ала­манның баршаны таңыр­қа­тып таңдай қақтырған ашылу һәм жабылу салтанат­тары да фо­то­объек­тив­тің қырағы наза­ры­нан тыс қалмаған. Бұл кітаптың ішінде таным да, тарих та, мерей де, мәртебе де, тағылым мен ғибрат та, салтанат пен сағыныш та – бәрі бар. Азиаданың ашылуында Елбасының сөйлеп тұрған сәті салтанат емес пе! Алтын, күміс медальдардан алқа таққан же­ңімпаздармыздың әрбір мара­патталған сәттері мерей емес пе. 75 жастағы астаналық жансебіл жанкүйер Сағи ақсақал­дың жарысты жас жігіттей тамашалауы тағылым емес деп кім айтар? Ал Өскеменде Азиада алауын жаққан Әзағаң – Әзілхан Нұршайықовтың бейнесі дүние жалғандағы соңғы суреті болар-ау, сірә. Кітапта осындай көңіл толқытар, жүрек елжіретер сурет-сәттер жетерлік. Сағыныш дегеніміз осы. Әріптесіміз Оңдасын Елубай сол сағыныш сәттерін тап баса білуімен де қызықтырады бізді, өзіне деген құрмет сезімін ту­дырады. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Астана.