31 Тамыз, 2017

Петропавлда бокстан «Ринг королі» халықаралық турнирі өтті

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар арасында  саламатты өмір сүру салтын  насихаттауды діттеген «Ринг королі-2017» халықаралық жарысына Астана, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Петропавл, Қырғызстанның Бішкек қалаларынан жасы 35-тен асқан жиырмаға жуық ардагер жиналды.

Петропавлда бокстан «Ринг королі» халықаралық турнирі өтті

Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің  айтуынша, шаршы алаңда жұдырықтасуға ниет білдірген үміткерлерге  жас шектеулігімен, денсаулығының мықтылығымен қоса, соңғы үш жыл бойы  ұлттық құрамаға мүше болмау секілді жеңілдетілген шарт-талаптар қойылған. Сол сияқты спорт шеберлеріне қатысуға да тыйым салынған. Десек те, бұрынғы атақ-марапаттарынан ат үркетін гүрзі жұдырық иелері арнайы ат арытып келіп, іріктеу кезеңдері жан алысып, жан беріскен кездесулерге толы болды. Мәселен, қызылжарлық Жабай Ахметов  жерлесі Руслан Канафинді бірінші раундта техникалық нокаутқа жіберсе, 52 жастағы Андрей Царев таэквондадан қара белбеу иесі, панкратионнан әлем жүлдегері, «Арлан Грип» турнирінің бірнеше мәрте жеңімпазы 37 жастағы  алматылық Карен Пашекиянға әжептәуір қарсылық көрсете білді. 

Ал, ақтық сайысқа алқынбай жеткен кіл мықтылар  5 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Шаршы алаңға бірінші болып  Жамбыл ауданының өкілі  Жабай Ахметов пен  қостанайлық Рауф Алиев көтерілді. Екі минутқа созылатын үш раундтың басында  Рауф қарсыласын соққының астына алғанымен, Жабай әбжіл қимыл танытып, жеңісті уысынан шығармады. Петропавл қаласы зауыттарының бірінде  темір жонушы болып жұмыс істейтін Санат Мақанов атағы жер жаратын бішкектік қарсыласы Турдыоглы Абдылахаттан еш ықққан жоқ.  Тәжірибелі боксшыға қарсы  жастық қайратын қарсы қоя білді. 80 кило салмақ дәрежесінде  Еміл Иманбеков Ербол Жұлымбековтен айласын асырды.

Бокссүйер қауым спорттың бірнеше түрін кәсіпқойлықпен меңгерген Карен Пашекиянға ерекше құрмет көрсетіп, жеңетіне еш шүбә келтірмеген  еді. Бірақ ол бірінші раундта жарақат алып қалып, жеңіс  Андрей Степураға бұйырды. Аса ауыр салмақта петропавлдық алып күш иелері Әділ Нұржауыпов пен Андрей Бейсенбаевпен жұдырықтасып, алдыңғысы сәл-пәл басымдық танытты. Бәйгеге тігілген 1,2 миллион теңге әр салмақ бойынша анықталған  ринг «корольдеріне салтанатты түрде табыс етілді.

Қызылжар төрінде еліміз бойынша бірінші рет ұйымдастырылған халықаралық «Ринг королі» турнирін дәстүрге айналдыруды спорт және дене шынықтыру  басқармасы өз мойнына алды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы       

Соңғы жаңалықтар