Бокс • 31 Тамыз, 2017

ӘЧ-2017. Аманқұл Әбілхан финалға шықты

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ол жартылай финалда әзербайжандық боксшы Камран Шахсуварлыны жеңді.

ӘЧ-2017. Аманқұл Әбілхан финалға шықты

Бүгін бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан Бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекесі басталды. Қазақстандық боксшылардан үшінші болып ринг төріне 75 килодағы отандасымыз Аманқұл Әбілхан шықты. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері әзербайжандық боксшы Камран Шахсуварлымен жұдырықтасып, ұпай саны бойынша басым түсті.

Қос боксшы бірінші раундты бір-бірін аңдысумен бастады. Екеуі де ашық боксқа кіріскен жоқ. Дегенмен, Камран Аманқұлдың қорғанысы ашық қалғанын байқап, 2-3 анық соққысын дарыта білді. Ал Әбілхан бірінші раундта айтарлықтай көзге түсе алмады.

Екінші раундты отандасымыз есесі кетіп жатқанын аңғарып, ширақ қимылдап, анық соққы жасауға тырысып бақты. Және де өз дегеніне жете алды. Әзербайжандық боксшының бірнеше қателіктерін тиімді пайдаланып, бірінші раундта кеткен есесін қайтарды.

Үшінші раундта да Аманқұл ерік-жігерін көрсетіп, қарсыласынан бір бас жоғары екенін дәлдеді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Аманқұл Әбілхан қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионатының финалына шықты.

Айта кетейік, Аманқұл Әбілхан әзербайжандық боксшыдан отандасымыз Жәнібек Әлімханұлының кеткен есесін қайтарды. Жәнібек Рио Олимпиадасының ширек финалында дәл осы боксшыдан жеңіліп қалған болатын.