ЭКСПО-2017 • 01 Қыркүйек, 2017

Көрмеде Қырғызстанның ұлттық күні мерекеленді

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қырғыз Республикасының ұлттық күні мерекеленді. Басқосуда қырғыз ағайындар дәстүрлі өнерін паш етіп, ән мен күйден шашу шашты.

Көрмеде Қырғызстанның ұлттық күні мерекеленді

Қазіргі таңда көршілес мемлекетте 2018-2040 жылдарға арналған стратегиялық жобалар негізінде тұрақты дамудың ұлттық стратегиясы әзірленуде. Жаңа құжатқа сәйкес мемлекет алдында негізгі үш мақсат бар: халықтың экономикалық әл-ауқаты, әлеуметтік аман­ды­ғы, азаматтардың қауіпсіз және қолайлы ортасы. Бұл туралы шараның ресми бө­лімінде қырғыз елінің вице-премьері Чолпан Сул­танбекова мәлімдеді. Ол жа­һан­дық жылыну орын алған за­манда «Болашақ энергия­сы» тақырыбын ту еткен Аста­надағы көрменің маңызы зор екенін де тілге тиек етті. 

«Қазақстанның 2012 жы­лы ЭКСПО-2017 көрмесін өт­кізуге деген өтінімінің жеңісі мем­лекеттің халықаралық жо­ғары беделінің тағы бір дәлелі болды. Экологияның зиянды сал­дарынан құтылу үшін жаң­ғырмалы энергетиканы дамытуымыз қажет. Көрме аясында озық тәжірибемен алмасудың және жаңғырмалы энергия көздерін қолдану саласында ынтымақтастық орнатудың маңызы зор деп ойлаймын. Қырғызстан энергетиканың тұрақты дамуы үшін мем­лекеттік қолдау бойынша әлемдік бағытты қолдайды. 

Энергетика – халықтың өмір сүру деңгейіне және эко­номиканың барлық секторларына тікелей әсер ететін стра­тегиялық сала. Біздің мемле­кетімізде аталған сала ІЖӨ 2 пайыз және өнеркәсіптік өндірістің 16 пайыз, республикалық бюд­жеттің 10 пайыз кірісін құрай­ды», деді Қырғызстан вице-премьері. 

Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас өзара құрмет пен қызығушылыққа негізделгенін және Қырғызстанның ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­суы оның айқын дәлелі екенін атап өтті. «Екі ел арасында жоғары деңгейде келіссөздер мен түрлі жиындар жүргізілуде. Қырғызстанның ұлттық павильонын құруда айтарлықтай жұ­мыстар атқарылғандығы айқын. Қазақстан Үкіметі атынан және жеке өз атымнан Қырғыстанға қолдау көрсеткені үшін және Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесіне қатысқаны үшін алғысымды білдіремін», деді министр. 

Қырғызстан павильоны Жібек жолы плазасында ұсы­нылған. Павильондағы интерактивті экспозициялар көрме келушілеріне мемлекет туралы ақпарат береді. Сондай-ақ, елдің экспорттық әлеуетін дамытуға, энергетикалық қауіп­сіздікпен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар мен су энергетикасы салаларындағы жетістіктерімен таныстырады.