Заманымыз бір десек, ал сол уақыт аралығында бірге өмір сүрген адамдар тағдырлас болады емес пе. Мен де Жұмекеңмен тағдырлас адамның бірімін. Университетті лениндік стипендиямен әрі қалалық кеңестің депутаты болып бітірген үлгілі де зейінді түлек бірден ол кездегі әр жас журналистің қолы жете бермейтін қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстанға» тілші болып келіп, бірге қызмет істедік. Сонда ғой, маңдайы кереқарыс жарқыраған, салдай сыланған, мұнтаздай қыналған, қағылез, ағаларының алдын кеспейтін, ілтипатты Жұмабекті байқап жүрген редакцияның қадірлі азаматы Тәкең (Тәжібай Битаев) тамсанып: «Қазақтың сымбатты да көрікті арысы, сері атанған Сәкен Сейфуллин дәл осы жігіттей болған шығар» деп отыратын еді, жарықтық.
Зады, шығармашылық ортаның бір ерекше қасиеті – қай басылымда бір жыл жұмыс істесең де, он жыл жұмыс істесең де сол адамды өзіңе жақын тартып, туысып, туыспасаң да, қиысып туысқандай көре қалғанда қуана, ықыласпен аман-саулық сұрасып жатқаның. Мен де сол Жұмекең әр басылымда – «Халық кеңесінде», «Қазақ әдебиетінде», «Ана тілінде», «Ақиқатта», «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамында басшылық қызмет жасаған жылдары, жиын-той, жиналыстарда көріп қалғанда ақжарқын амандасып, әзіл-қалжыңнан жіберіп, арқа-жарқа болып қалатынбыз. Бір көргенімде қуанып: «Балам Дастан Астанадан пәтер алып, бір кілтін маған беріп қойды. Жол түсіп Астанаға барғанда түсетін үй көп қой, бірақ балаңның үйіне барудың қуанышы, әсері басқаша екен», деп елжірей айтқаны бар. Жұмекеңді жер қойнына беріп келген соң берілген аста Әлимаға осы сөзін айтқанымда, «сол кілті әлі сөмкесінде тұр», деп көңілі босасын.
Басқа ұлтты қайдам, қазекеңнің о дүниелік болған адамды мәңгілік мекеніне ерекше құрметтеп шығарып салуы – байырғы салтымыз. Бұл – тірілерге сын. Бұл – отбасының, ағайын-туғанның парызы. Ал елге, жұртқа, ұлтқа қызмет еткен азаматтарды, тұлғаларды соңғы сапарына шығарып салу – елдің де парызы, елге де сын. Қазақ әдебиетінің, руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағында көңіл білдіріп, марқұммен қоштасуға келген халықтың қарасы өте көп болды. Кезекке тұрғандардың есебіне жетпедік. Байқағанымыз, көпшілік ішінен журналистер, қаламгер ағайындар тайлы-таяғы қалмай келіп, бір-біріне көңіл айтып жатты. Ал әулеттің үлкені, ағайын-туғанның бетке ұстар азаматы болғандықтан Жұмекеңнің жақсылығы өткен, қамқорлығын, шапағатын көргендер егіліп, езіліп жылап тұрды. Қаралы жиында сөйлегендер де әрқайсысы өз Жұмабегінің қадір-қасиетіне, азаматтық келбетіне, шығармашылығына тоқталды. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің салиқалы сөзі, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев министр Дәурен Абаевтың көңіл айтуын жеткізуі келісті болды. Атақты жерлес ағалары – жазушы Сәбит Досанов пен сәулетші Әбдісағит Тәтіғұлов, бүкіл атыраулықтардың атынан сөз алған қаламгер Мереке Құлкенов, курстастары, дос ағалары сөйлегенде қимас көңілдерін, азаматтығын, адамгершілігін, бауырмалдығын, ізденгіштігін, ұйымдастыру қабілетін айтып, марқұмды жиналған жұртшылыққа одан әрі жақындата түсті.
Тас түскен жеріне ауыр деген, әсіресе, Жұмекеңнің қазасы туған інісіндей, тынысындай болып кеткен қимас ба-уырынан, қарындасы Әлиманың құдай қосқан жары – жақсы күйеу баладан айырылғаны қабырғасына батып, қайғы жұтып тұрған, бойында байсалдылықтың, ұстамдылықтың ұлық мәдениеті бар белгілі көсемсөзші, қоғам қайраткері Сәукеңнің өзінің (Сауытбек Абдрахманов) ішкі күйзелісін толғана, тебірене жеткізген ағалық қимастық сөзін бейжай, көңіл босатпай тыңдау мүмкін емес еді.
– Өмір қиын. Өмір сүру қиын. Өмірде бәрі қиын. Ең оңай нәрсе – өлу. Қандай сұмдық?! Өмірден кетуден қиын ештеңе болмауы тиіс қой! Неткен әділетсіздік! – дей келе, Жұмабектің қадір-қасиетін жеріне жеткізе айтты. «Айналайын-ай, қырық жылғы тіршілікте, бір кездесуде, бір отырыста, бір сапарда бір сөзіңмен, бір ісіңмен, бір көзқарасыңмен «мұнысы қалай?» дегізбей өттің-ау мына дүниеден», деп бәрімізді егілтті. Әрине, Сәукең Жұмабекті тек күйеу баласы ретінде ғана бағалаған жоқ. Бәрінен бұрын азаматтығын, адамгершілігін, қайраткерлігін, қаламгерлігін аз сөзбен айқара ашты. Басқа жағын былай қойғанда, «Қазақ газеттерін» жекешелендірілетін акционерлік қоғамдар тізіміне енгізіп қойған қаулының тиісті бабын алдыртуға қол жеткізген жанкештілігін, жүзге жуық қызметкерге жанашырлығын айтудың өзі көп жайды аңғартса керек.
Тау халқында «Сенің кім екеніңді көрейін, өліп көрші» деген сөз бар екен. Осы реттен келгенде Жұмабек өзінің кім екенін көрсетіп, мойындатып кетті. Әрине, халықтың осылай сүйіктісі болу әркімнің қолынан келе бермес. Жұмекеңнің қазасы жайлы әлеуметтік желіде курстас досы, қазақ журналистикасының хас шебері, белгілі қаламгер Қайнар Олжай бауырымыз да университетте кілең «бестік» бағаға оқыған досымен қоштасу эссесіне «Өлімінің өзі – «бес» деген тақырып қойып, жан жүрегімен егіле жазыпты. Бұл ақыреттік достықтың үлгісі десек те болғандай.
«Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей, талантты қадірлеңдер тірісінде» деп Қадыр ағамыз айтқандай, тек талантты ғана емес, әр пендені бағалап, бір- біріміздің қадірімізге тірімізде жете жүрсек қой, шіркін. Мына бес күндік дүниенің жалған екенін Жұмекеңнің мезгілсіз қазасы тағы да дәлелдеп өтті емес пе...
Жұмабектің жарқыраған жұлдызы жүректерде жана береді. Иманың саламат, мінгенің пырақ болсын, Жұмеке!
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»