Медицина • 04 Қыркүйек, 2017

«Айналайын жарнама, жүйкемізбен ойнама»

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір қайсыбір болмасын газеттің бетін ашып қалсақ та, радио мен теледидардың тетігін басып қалсақ та жарнама дегеніңіз алдымыздан андыздай өріп шыға келетін болды. Сондай сәтте: «Айналайын жарнама, жүйкемізбен ойнама» деген сөз тіркесі ойымызға еріксіз орала кетеді. 

«Айналайын жарнама, жүйкемізбен ойнама»

Жасырып, жабудың керегі не, осы жарнама дегеніңіз жұрттың жүйкесін әбден жұқартып-ақ болды. Айталық, өзімізге ұнаған әлдебір фильмді немесе тартымды хабарды көргіміз келіп, экран ал­дына жайғасқанымыз сол екен, көр­сетілім басталмай жатып-ақ жар­нама беріле бастайды. Бұл үйрен­шік­ті құбылысқа айналып кеткендей. Бір сөзбен айтқанда, әлгі көркем дүние­ні көру барысында қайта-қайта бері­летін жарнама сізді әбден мезі етіп, ты­ны­ғудың орнына, шаршатып жібереді. Бұл бір біздің ғана басымыздағы емес, көп­шілікке ортақ жай ғой деген ойдамын.

Жарнама дегеннің тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейту мақсатында таратылатын хабарлама екенін бүгінде екінің бірі біледі. Сондай-ақ, жарнаманың көп­шілік ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылатын коммуникацияның ақылы түрі екендігі де дау тудырмас шындық.    

Нарықтық экономиканың кеңінен қанат жаюына орай, елімізде жарнамалық қызмет түрлерінің сан алуан болып дамуда екенін күнделікті өмірде көріп те, сезіп те жүрміз. Жарнама стра­тегия­сымен айналысатын жарнама компа­нияларының пайда болуы да көп жайды аңғартса керек.

Сөз жоқ, жарнама қажет. Оған біздің де қарсылығымыз жоқ. Алайда, әр нәр­сенің өз орны бар емес пе? Айт­пағымыз – жарнама берудің өз мәде­ниеті болуы тиіс. Көрсетілімнің басында, ортасында, аяғында, онда да өз орнымен, ретімен берілсе, жарнамаға кім қарсы болушы еді?

Белгілісі, жарнама халқымызда ежел­ден-ақ болған. Оның ауызша үлгі­лері фольклорлық әдебиетте «жар­лық шашу», «жар салу» ұғымдарымен берілгені жайлы көзіқарақты оқыр­мандар хабардар болар. Жарнама үлгі­лері «Қобыланды батыр», «Мұңлық-Зар­лық» және «Оғызнама» жырларында бар екендігі де белгілі. ХІХ ғасыр­дың аяғында «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттерінде саяси-эконо­ми­калық мәселелерге байланысты, оқу-ағарту, әдебиет және өнер-білім бойынша жарнамалар берілгеніне тарих куә.

 Жарнаманың біз үшін жаттығы жоқ екен. Сондықтан теледидар арналарына «Жарнама туралы» Заңның талаптарын қатаң сақтай отырып, бір мезет көрермендердің де жағдайын түсініп, оларды мезі ете бермей, жарнама сипатындағы хабарламалар мен материалдарды өз орнымен, өз жөнімен берсеңіздер екен деген наз айтқымыз келеді.

Алайда, жүйке жұқартқан жарнамалар әзірге азаймай тұр-ау...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы

Соңғы жаңалықтар