Ұлттық спорт • 04 Қыркүйек, 2017

Астанада «Алтын тұлпар» аламаны аяқталды

1026 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауы, «Samruk kazyna trust» әлеументтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі кеше елорда іргесіндегі Қабанбай ауылында өтті.   

 

Астанада «Алтын тұлпар» аламаны аяқталды

Тұңғыш рет 2014 жылы жа­лауын көтерген аталмыш тур­нир алғашқы жылы  «Нұр Отан» партиясының 15 жылдық мерейтойына байланысты өтсе, келесі 2015 жылы Қазақ хан­дығының 550 жылдығына, өткен 2016 жы­лы Қазақстан Рес­публикасы тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай­ластырылған болатын. Аламан бәй­­генің жүлде қоры биыл да 23 млн теңгені құраса, бас бәйге –10 млн теңге. Мәреге алғашқы болып жет­кен 9 тұлпарға диплом және қар­жылай сыйақы  табысталды.  

Осы орайда, аламан бәйгенің мән-маңызына тоқталар болсақ, «аламан» атауы «жорық» ұғы­мымен мағыналас. Яғни, ба­йыр­ғы көшпенділер ұзақ қа­шықтыққа жүйріктер жарыстыру арқылы айшылық жол жорыққа мінетін жылқыларды сұрыптап алып отырған. Өткен аптаның ортасында «Алтын тұлпар» тур­ниріне дайындық барысы жай­лы баспасөз мәслихатын өт­кізген Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, аталмыш тур­нирдің мақсаты – жүйрік жыл­қыларды анықтап, оған қо­мақты сыйақы беру емес, шараның астарында ба­йыр­ғы қазақы атбегіліктің таным-та­ри­хын жандандыру және күллі бәйгелердің бәсін бермей сы­лаңдаған тазақанды жат тұқы­мынан қазақы жылқының қадірін асыру деді.

Ал аламан жарысқа «51 ша­­қырымдық қашықтық неге таң­далды» дегенге келсек, мұн­дай ұзақ шабысқа сырттан келген тұқымдар шыдас бермейтін көрінеді. Сол себепті де  бұл қа­зақы тұқымның бағын ашатын жарыс. Яғни, өткен тарихқа көз жіберсек, үлкен ас-тойларда ұзақ қашықтыққа жүйріктер жіберіліп, бәйге дәстүрі үнемі жаңғырып отырған. Мысалы, 1886 жылы Ереймен өңірінде өткен Сағынайдың асындағы бәйгеге 1300 жүйрік қосылған. Бұ­ларды Қызқашқанның ете­гінен жіберіп, Жыланды өзекті өрлете шаптырып, Қусақ кө­лін айналдырып ұстаған. Бұл қа­шықтық шамамен 50 шақы­рымды құраса, 1897 жылы Торғай өңірінде атақты Бектас байдың асы берілген. Аста ат бәйгесіне 400 жүйрік қосылып, оларды Әзірбай қопадан 55 шақырым жердегі Сорбұлақтан жіберген. Төлек Өсердің қара аты бірінші келіп, бәйгесіне 100 жылқы алған. «Алтын тұл­­пардың» мақсаты – осы жарыстарды жаңғырту.

Бұл реткі жарыс жолына 37 сәйгүлік жаланып шықты. Бұл өткен жылдармен са­лыстырғанда өте аз. Айталық, 2014 жы­лы 75, 2015 жылы 96, 2016 жылы 78 жүй­рік бақ сынаған болатын. «Неге бұ­лай болды?» деген біздің сұрағымызға қауым­дастықтың ұйымдастырушы маманы Алберт Мүрсәлімов «биыл әр жерде той көп өтіп жатқандықтан көптеген жүйріктер сон­да шауып жатыр, екіншіден, жарысқа ат қо­сатын адам төлеуге тиіс 95 мың теңге жар­наны көпсінгендер де бар...» деген уәж айтады.

Сонымен қала шетіндегі Қа­банбай ауылы маңындағы бәй­гетөбеде көптен күткен жарыс та басталды. Айтпақшы, биылғы бәйге жолының айналымына өзгеріс енгізіпті. Атап айт­қанда, биылғы жүйріктер бұ­рынғыдай ұзындығы 12,5 ша­қырымды 4 дүркін айналып шап­пайды. Шеңбер қысқарған, яғни, 7 шақырымдық шеңберді тұлпарлар жеті рет айналып шабады. Мұндай өзгерістің орын алуына басты себеп, бәйгені тү­сіруге тиіс теле­камералардың  мүм­кіндігін артыру және жыл­қы­лардың шабысын көрерменнің көз алдында өткізу екен. 

Мәреден дүркірей көтерілген 37 жүйрік (Қарағандыдан – 17, Алматы облысынан – 8, Жамбыл облысынан – 7, ОҚО – 6, Астана қаласынан – 5, Атырау облысынан – 2, ШҚО, Қызылорда, Ақмола облыстарынан бір-бір сәйгүлік) бірінші айналымды шалдықпай өткізді. Екінші айналымның ортасына таман жарыс жолындағы жыл­қылардың шабысы үш бөлік топталды. Осы топтасу бәйгенің аяғына дейін жалғасты. Бірақ екінші топтағы бірер шабандоз соңғы айналымда өз тобынан бөлініп, алғашқылардың құйрығын тістей қосылып жатты. Соның бірі – 35-ші нөмірлі ағылшын тұқымдас қолтума жылқы бесінші айналымға дейін топтың  алдын берген жоқ.   

Соңғы айналымға ауысқанда алдыңғы топта келе жатқан үш ат ағынды шабысқа ауы­сып, алға қарай суырылып шықты. Жолдың жартысынан өткен де үш аттың бірі аяқ алы­сынан жа­­ңылып, бұлғақ ша­бысқа көшті де, қалған екеуі  ауыз­дық тістесіп алға ұмтылды. Қа­­лың көрерменнің қиқуынан қуат алған жамбылдық Есбол Жап­пасовтың ағылшын-жирен айғыры «Самал» маңдайы жар­қырап көмбені бірінші болып жарып өтті. Бұл жүйрік  2015 жылы өткен «Алтын тұлпар» аламанында 96 жүйріктің ішінен тағы да топ жарған болатын. Енді міне, екінші дүркін «Алтын тұлпар»  атанды. Шабандозы баяғы – Ақжол Жұматай.  Екінші болып «Қоянқасқа» атты тұлпар шылбыр ұстатты. Ал үшінші ат мәре сызығын ілдебай аяңмен әрең өтті. Қалған жүйріктерді айтпай-ақ қойдық. 

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Сұлтан СЕЙІТ