Ұлттық спорт • 04 Қыркүйек, 2017

Балуандар «Әлем барысына» дайындалуда

803 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйектің сегізі күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт сарайында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа елу елдің балуаны қатысады деп жоспарланған. Әлемдік додаға шетелдік спортшылардан бөлек, Қазақстанның ең мықты деген төрт балуаны сынға түседі.  

Балуандар «Әлем барысына» дайындалуда

Қазіргі таңда қазақ күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасы елордада соңғы оқу-жаттығу жиынын өткі­зу­де. Жиын қорытындысы бойын­ша «Әлем барысында» ел намысын қорғайтын балуандардың есімі белгілі болмақ. Жаттығу жиынында «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары мен қатысушылары Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Айбат Сейтен, Әділжан Ыстыбаев және тағы басқа есімдері белгілі балуандар бар. Ұлттық құраманың балуандары биыл жаңадан тағайындалған бас жаттықтырушы Ерлан Естектің қарамағында жаттығуда. Ал бұған дейінгі турнирлерге балуандарды Жеңіс Биткөзов жаттықтырған болатын. Айта кетейік, Ерлан Естектің өзі кезінде ұлттық құрама сапында «Қазақ­стан барысы», «Еуразия барысы» сынды ірі додаларда белдескен ба­луан. 

балуандардың жаттығуына қат­ы­сып, бас бапкер және спортшылар­мен аз-кем тілдесудің сәті түсті. Бас жат­тықтырушының айтуынша, ұлт­тық құрамадағы алғашқы оқу-жат­тығу жи­ыны жоғары деңгейде өтіп жатыр екен. Балуандардың жат­ты­ғуына аздап өзгеріс енгізілген. «Алдағы «Әлем ба­рысы» турниріне 22 тамыздан бас­тап күніне екі мезгіл жаттығу жасап жа­тырмыз. Құрамаға келгеніме екі ай болды. Балуандар қазір бұрынғы бап­керлеріміздің әдісі бойынша дайын­далуда. Дегенмен, өзім де бір-екі жаңа әдіс қостым», дейді бас бапкер. 

«Әлем барысына» қатысатын балуан­дардың тізімі нақты шық­па­ғ­анымен, Ерлан Естек 2013 жылы «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров нағыз бабында екенін айтты, жаттығу кезінде жарақат алып қалмаса, алдағы дүбірлі додада ел намысын қорғайды деп отыр. «Қазіргі уақытта Айбектің бабы келісіп тұр. Жаттығуда өзін әлі де тың екенін, бәсекеге дайын екенін дәлелдеуде. Ал тағы бір үміт артып отырған балуанымыз Мұхит Тұрсыновтың бабы онша ке­ліспей тұр. Өйткені, ол «Қазақстан ба­рысынан» кейін белін жарақаттап алған болатын. Дегенмен, әлі алда уа­қыт бар. «Әлем барысына» дейін Мұхит бабына толық еніп қалар», деді ол. 

Мұхит Тұрсыновтың өзі болса, қыркүйек айында өтетін додаға то­лық­тай дайын екенін, ел абыройын ас­қақтатуға бар күшін салатынын жет­кізді. «Күніне жатпай-тұрмай екі мез­гіл жаттығамыз. Егер, бапкерлер құ­рамы мені таңдап, маған «Әлем ба­ры­сында» белдесесің десе, ел намысын қорғауға әрқашан дайынмын», дейді ол сенімді түрде. 

Ал Айбек Нұғымаров биыл жа­ңа бас бапкердің қарамағындағы жат­тығудың ерекше өтуде екенін ай­тады. Сондай-ақ, биылғы оқу-жат­тығу жиынына тұңғыш рет 30-ға жу­ық балуанның қатысып жат­қа­­нын тілге тиек етті. «Жаттығу ке­зін­де балуандардың көп болғаны өте пайдалы. Бір салмақта он балу­ан болса, бір-бірімізбен күресіп, түр­лі жаттығуларды жабыла істейміз. Ер­лан Естек жас маман болған соң, жат­ты­ғуы да ерекше. Бұйырса, биылғы «Әлем барысында» топ жаруға толық мүм­кіндігіміз бар», дейді 2013 жылғы «Қа­зақстан барысының» жеңімпазы.

Айта кетейік, биылғы «Әлем бары­сы» екінші рет ұйымдастырылады. Тұң­ғыш рет турнир 2014 жылы Пав­ло­дар қаласында өткен болатын. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»