27 Қаңтар, 2010

АБЫЗ ТАРИХ АРАША СҰРАЙДЫ

1466 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Асығыста көне қаланың орнын қоқысқа айналдырып алмайық Жамбыл облысына жаңа әкім тағайындалса болды, бәзбір кәсіпкерлер базар мәселесін басты “тақырыпқа” айналдырып шыға келеді. “Айтқыштардың” уәжіне құлақ түрсек, Тараз - қала емес, Тараз - базар. Базар болса несі бар екен? Базарлы ел бола алмай, басы салбырап отырған жұрт қаншама төңірегімізде. Базарды “былық” деп қана ойлайтындар сонау 1932 деп аталатын мешін жылындағы “ақ сүйек” жұтта бір үзім нан іздеп қаңғып кеткен қазақтың бір парасын берісі Әулиеата, әрісі Пішпек пен Ташкенттің базары аман алып қалғанын біле ме екен? Одан кейін Кеңес Одағы ыдырап, кеңшар мен ұжымшар тарап, коммунистердің аш та, тоқ та қылмайтын айлығынан айырылған халық бала-шағасын асыраудың амалын базардан таппап па еді?!. Ойланып қарасаңыз қазір де солай ғой. Мысал ма? Бір кездері 1200-1500-ге жуық жұмысшы күндіз-түні жұмыс істеп жататын Жамбыл былғары комбинаты, жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы (ПОШ), сүт зауыты, Жамбыл ГРЭС-і, қосалқы бөлшектер, суперфосфат зауыттары, сияқты Тараз қаласының шығысын да, батысын да қоршап жатқан ірі кәсіпорындардың кейбірі тоқтап, кейбірі жартылай ғана жұмыс істеп тұрғанда қарапайым халықтың тиын-тебен табуына жарап, асырап, киіндіріп отырған – базар емес пе?!. Білген адамға, ежелгі Тараз – базарымен аты шыққан қала. Оны Ұлы Жібек жолының бойымен ары да бері өткен саудагер-көпестердің тарихи жазбалары дәлелдейді. Бүгінгі ғасырда да Тараз базары тек тараздық қазақтарды ғана емес, сонымен бірге орыс, қырғыз, өзбек, кәріс, дұңған, татар, ұйғыр сияқты көптеген ұлттар мен ұлыстардың диаспораларын асырап отыр. Өйткені базарға барып бақ сынап жатқандардың бай-манаптар сияқты жекеменшік зауыты, фабрикасы, супермаркеттері, думанханалары, қонақ үйлері, демалыс аймақтары, сауналары, сауда үйлері жоқ. Олардың супермаркеті, зауыты, фабрикасы және офисі – контейнерлер. Контейнерлерде шілденің аптабында, қыстың аязында Қазақ елінің “қара қазан, сары баланың” қамы үшін сауда жасап, күнделікті тапқан тиын-тебеніне тәубе деген қарапайым халық отыр. Олар банктен несие алып, контейнерлерді қымбат кезінде қыруар қаржыға сатып алған. Күнделікті және ай сайынғы салықтары тағы бар. Демек, базар “мәселесінің” бір басында тарих тұрса, екінші басында халық тұр. Халық дегеніміз – салық төлеушілер. Яғни, базар “мәселесін” қозғағанда салық төлеушілер мен сол маңда тұратын, үй-жайы, қора-қопсысы бар тұрғындардың материалдық-моральдық құқын да естен шығармаған абзал. Бұл сөзді айту үшін “профессор” болудың қажеті жоқ. Оны түсіну үшін: “Базар мәселесін қарапайым тараздықтар емес, неге байлар мен бағыландар ғана қозғай береді?” деп ойлану керек. Сонда сандаған сауалдар туындайды. Бірінші, ежелгі Таразды қалпына келтіріп, ел мен өңірдің мәдениеті мен туризм саласын дамытуға арналған жоба қолға алынғалы жатқаны туралы неге Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктеріне хат жазылып, хабарланбайды? Екінші, көрнекті ғалымдардан, археологтардан тұратын неге беделді мемлекеттік комиссия шақырылмайды? Неге Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының кәсіби мамандары бұл жобадан тыс қалады? Мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштердің тағдырына жауапты министрліктер мен институттардың бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қызмет ететін жауапты іс емес пе бұл? “Халық қаласа, хан түйесін сояды”, – дейді. Міне, өңірдің айғай-шудан амандығын ойлаған жанға мәселенің үлкені осы. Тараздағы базар “мәселесін” көтерушілердің басты “көзірі” - базардың астында ежелгі Тараз қаласының қалдығы жатыр деген дерек. Тараз, шынында, тарихымен аты шыққан қала. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Көне шаһарға алғашқы ғылыми қазба жұмыстарын 1920 жылы М. Е. Массон бастаған экспедиция жүргізіпті. Содан кейін тоқтаған. Неге? Өйткені аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан жерді қазып, ескі қаланың қирандыларын аршу үлкен кешенді жоспарды қажет еткен. Қыруар қаржы керек-тін. Ойланатын тағы бір мәселе осы. Өйткені екі мыңжылдық тарихы бар делінетін көне қаланың орнын бір-екі жылда қазып, музейге айналдырып, ел игілігіне ұсынуға облыстың бюджеті де, ғалым-археологтардың мүмкіндігі де жетпейді. Инемен құдық қазғандай археология жұмысы, тіпті, ондаған жылдарға созылуы да бек мүмкін. Сондықтан бұл бір ғана жергілікті биліктің күшімен емес, Ел мен Елбасының ақылдасуымен, Үкіметтің арнайы қаулысымен іске асырылатын ауқымды да игілікті іс. Бір-екі гектар ғана жерді қазып, оған құрқылтайдың ұясындай бірдеңені тұрғыза салып (жақында көне Тараздың “макетін” жасадық деп ұрандатқандарды көріп қалдық. Олар: “ақылдасу” үшін, қажет болса, тіпті Өзбекстанға барамыз” деп қалды. Астанаға емес, Таш­кент­ке арқа сүйеген бұл қандай жанашырлар сонда? Жаға­мызды ұстадық. – К.С.), оны “міне, ежелгі Тараз қаласы осы” деп алыс-жақыннан ат терлетіп келген туристерге көрсету – тарихы екі мыңжылдық абыз шаһардың атақ-даңқы алдында жер шұқумен бірдей. Сосын Тараздың тарихын әлемге таныту үшін тізіміне енгізіп отырған ЮНЕСКО сынды беделді ұйымнан да ұят іс. Сондықтан кейбіреулерге ата тарих атынан сөз алып, көстеңдей бермей, абай болған ләзім. Абай болған ләзім дейтініміз, әкімдер ауысқан сайын сөз бола беретін “қазба жұмыстары” сонау 1996 жылы да “көтеріліп”, көне қаланың орнына барлау “жүргізілген”. Масқара болғанда, сол істің аяғы сиырқұйымшақтанып, небары екі қазаншұңқыр қазумен тәмам болды. “Іс бітті, қу кетті”. Қазба жұмысы тоқтап, “археологтардың” қарасы өшкен соң әлгі екі қазаншұңқыр жуынды-шайынды мен қоқыс төгетін орынға айналды. Бұл ақсақал тарихтың бетіне түкіргенмен бірдей болды. Одан да қандай жәдігер болса да жердің астында мұрты бұзылмай, “тыныш” жатқаны болашақ ұрпақ үшін әлдеқайда тиімді еді. Өйткені, мамандардың айтуы бойынша, асфальтталған немесе адам аяғымен тапталған жердің үстіңгі қабаты жаңбыр мен еріген қардың ылғалын ел тарихына қажетті деп есептелетін мәдени қабатқа жеткізбейді екен. Ал оны қазып, жәдігерді ашық күйінде қараусыз тастап кеткен жағдайда үгітіліп тұрған мыңжылдық белгілер сыртқы әсерлердің салдарынан (жаңбыр, қар, жел, жуынды-шайынды, күл-қоқыс және т.б.) мүлде жойылып кетеді. Одан кейін ойланатын бір мәселе, жалпы, соңғы жылдары көне қаланың орнын, оның шахристан, рабат және басқа деп келетін көлемін дәл анықтап беретін бірде-бір кешенді зерттеу жұмысы жүргізілмеген. “Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы” деген кітаптың (Алматы, 2002 ж.) Жамбыл облысына арналған томындағы 57-беттен басталатын “Тараз қаласы” тарауындағы ғылыми тұрғыда зерттелген мақаланы мұқият оқып, ондағы 1865 жылы сызылған ежелгі жоспарға назар аударғандар көне Тараз бен Әулиеата бекінісінің көптеген көшелердің астында “көміліп” жатқанына көзі жеткен болар еді. Ол аумақта бүгінде бір жағы “Шах­ристан”, екінші жағы “Дүйсебай” болып, орта­сында “Төлебай”, “Ер­кебұлан”, “Назар”, “Ателье”, “Райхан” және ТРТ деген сияқты ірілі-ұсақты 20-дан астам базар орналасқан. Оларға кіріп-шығатын үлкенді-кішілі жолдар мен көшелер қаншама?!. Міне, ежелгі Тараз қаласының орнына кешенді зерттеу жұмысын жүргізуді бастамас бұрын осыншама базарды ондағы халқымен бірге көшіру керек. Бірақ қайда? Тараз қаласының шығысына ма, батысына ма? Бәлкім, солтүстігі мен оңтүстігінен орын табылып қалар? Қалай десек те, ең алдымен 20-30 гектарға жуық орын дайындалып, оған жаңа заман талабына сай орасан зор жабық базар салынуы қажет. Ол жабық базар ел-жұртқа қажетті кең жолдармен, жолаушылар тасымалдайтын автобустармен, троллейбустармен, электр қуатымен, газбен, таза ауыз сумен, орталықтандырылған кәріз су жүйесімен жабдықталғаны жөн. Мәселенің мәнісін анықтау барысында қазба жұмыстары туралы не дер екен деп “Төлебай” базарының иесі Арқабек Төлебаевпен арнайы хабарластым. – Осы мәселе қозғалған сайын: “Айналайындар, алың­дар­шы, базарды тегін берейін,– деп бұрынғы-соңғы әкім­дердің бәріне айтып келемін. Бірақ алдарынан екі мың­жылдық тарихқа қазба жұмыстарын жасау жұмы­сының орасан зор жауапкершілігі шыққанда сөз де, сөзді көбейтушілер де күмілжіп қала береді”, – деген ол. Жөн-ақ. Бірақ мұндай мәрттікті “Шахристан” мен “Дүйсебай” және осыларға іргелес жатқан үлкенді-кішілі басқа да базарлардың басшылары жасай ала ма? “Тегін берейін”, – деп айта ала ма? Әй, қайдам? Олар, сірә, қазса тек қана Төлебай базарының астын ғана қазады, біз “бәледен” аман қаламыз деп ойлайтын болулары керек. Жоқ, егер алдағы жылдары “Мәдени мұра” бағдарламасы арқылы ежелгі Тараз қаласының орнын зерттеу мен музейлендіру жұмысына кешенді жоспар жасалып, аумағы ат шаптырым қаланың қорғанын Қожа Ахмет Ясауи мазарының іргесіндегі қорғанға ұқсатып, үлкен істерді жүзеге асыру қажет болған жағдайда, бұл маңайда ешқандай базардың болмағаны дұрыс. “Мәдени мұра” демекші, облыс орталығынан елу шақырымдай қашықта, тау бөктерінде жатқан Ақыртас сарайын ел игілігіне айналдыру үшін 2005 жылы мемлекеттік жоспар жасалды. Ол “Мәдени мұра” бағдарламасына енгізілді. Бағдарламаға жылда ақша бөлінеді. Жұмыс та үзіліссіз жүріп жатыр. Білікті мамандардың ойынша Ақыртас, шамамен, әлі 20 жыл қазылуы керек. Ал көне Тараздың ел тарихындағы орны Ақыртастан жоғары тұрмаса, кем емес. Бірақ ежелгі Тараз қаласының орнына кешенді түрде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы жоба соңғы жылдары ешқандай мемлекеттік бағдарламаға енгізілген жоқ. Сондықтан бұл мәселе тек қана мемлекеттік деңгейде, онда да мемлекеттік комиссияның тұжырымдамасымен кезең-кезеңге бөліп шешу жағын ойластыруды қажет етеді. Ал ол қуанышты күнге дейін көне Тараз қаласының орны делініп жүрген қазіргі базар аумағын табиғи консервацияланған күйінде сары майдай сақтау керек. Өйткені абыз тарих өктемдік пен өзімбілермендікті көтермейді. 1976 жылы Сиань қаласының маңайында бір топ шаруа құдық қазып жүріп, бірнеше метр тереңдікке құлап түседі. Естерін жиса, жер астында сап түзеген мыңдаған жауынгер тұр!.. Арбаларына, аттарына, қару-жарақтарына дейін бар! Міне, қытай археологтары осы жерді көп жыл бойы қазды. Сөйтіп, қару-жарақ асынған 7 мың сарбаз, 600 ат, 100 арбаның кепкен балшықтан жасалған кескінін тапты. Жалпы аумағы 6 шақырымға жетеді екен. Бұл мысалдың ғибраты неде? Қытайлар осы жерді музей ретінде әлі ашпай отыр. Қашан ашатындары да белгісіз. Неге? Себебі, қызық көру үшін құмырсқадай қаптаған туристер тасқынының екпінінен әлгі балшықтан жасалған “әскерлер” зардап шегіп, бір пәсте үгітіліп, құлап қалуы мүмкін... Осының өзінде қаншама мемлекеттік салиқалы саясат пен дарабоз даналық бар десеңізші! Енді өркениетті әлем Шихуанди бейіті құпиясының ашылуын күтумен жүреді. Оған дейін қытай археологиясы да қазіргіден жетіле түседі, оған дейін Шихуанди дәуірі де қазіргіден көбірек зерттеле береді. Көне Тараз қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы мәселе қозғалған кезде де осындай кемеңгер кемелдікпен “жеті рет өлшеп, бір рет кескен” абзал шығар. Сондықтан бұл мәселеде кесімді сөзді Ел мен Елбасы және Үкіметтегі Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт сияқты ел тарихын қорғауға, жаңғыртуға және насихаттауға мүдделі министрліктердің ақылдаса отырып айтқаны дұрыс шығар деп ойлаймыз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суретте: бекініс пен Әулиеата қаласының жоспары. 1865 жыл. “ҚОРЛАУШЫ БАР, ҚОРҒАУШЫ ҚАЙДА?” Иә, бұл қалай болғанда да адам сүйегі ғой. Археологпыз деп жүргендер оны ашып-шашып тастап кете берсе, не болғаны? Кәмел қажы ЖҮНІСТЕГІ, жазушы. Ұлытау – исі қазақтың жүрегін ұлылыққа үндейтін атамекен. Оның аты естілсе көкейге Хан ордасы, Домбауыл, Жошы, Әмір Темір, Едіге, Тоқтамыс, кешегі Кейкі оралады. Ал Едігенің ерлігі туралы қаншама жырлар сақталған. Жергілікті жұрт бұл бабамызға халық батыр деп қана емес, оны әділ би, керемет әулие деп те жүрегінен орын берген. ...1950 жылдың шамасы болар, бесінші кластың оқушысымын. Сонау Ұлытау жақтан әкеме досжар екі адам келген. Әңгіме ауқымы Едігеге ауысты. Атжақты, самайы қасқалау үлкендеуі: “Едігені бүлдірді ғой”, – деп күрсінді. Сонан соң әкемнің сауалына сонау Мәскеуден үш орыс ғалымы келгенін, олардың мақсаты Едігені табу екенін айтты. Алғашқыда батырдың зиратын ешкім көрсете қоймапты. Келер жылы бәйге жарияласа да ешкім үн қатпапты. Үшінші жылы екі шал “мынау” деп көрсетіпті. Моланы ашқанда батырдың мүрдесі сол қалпында жатыр екен дейді. (Тау басының ерекше климатынан мүрденің сақталғаны туралы дерек көп. – К.Ж.). Едігенің мүрдесін орыстар неге ашты? Мақсат не? Әлде оны қорлау үшін бе? Едіге 1410 жылы Мәскеуді алып, аузы түкті кәпірлерді тізе бүктірген ұлт батыры емес пе еді. Атақты адамдардың дұшпаны да көп. Өзі өлген соң сол қарсыластар сүйегімізді қорламасын деп Шыңғыс хан өз қабірінің үстінен мыңдаған жылқы айдатқан. Ұлы Александр Македонскийдің де моласы белгісіз. Қабанбай батыр “мүрдемді алыс Арқаға апарыңдар” деп кетті деген сөз бар. Ал Едіге балаларына: “Мені Ұлытаудың сонау шыңына жерлеңдер”, – деп тапсырыпты. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов та жазған екен. Сөйткен Едігенің зиратын орыстар ашып, кейін оны шала-пұла жаба салған. Сол Едіге тауының басына Тоқтамыс та жерленген дейді халық. Бұл жер – жалтыр тас. Аса ірі тас зират ішін қуыс қып салған ерекше пирамидаға ұқсайды. Бұл да тас қалаудағы халық қолөнерінің ерекше үлгісі. Иә, түрлі жағдай өтті ғой. Қазақтың “мынау менің бабам еді”, “анам” еді деуге шамасы кел­меген, аузын ашса тілін жұлған кер замандар еді ол кез. Сөйтсе де мұнда екінші рет қисын­сыздыққа жол берілгеніне ішің ашиды. Мына еркіндік, тәуелсіздік қолға тиген тұста біреу барып Едігенің моласын қопарыпты дегенге ешкімді сендіре алмай қор болдық. Оны айтамыз-ау, тіпті археологпыз деп жүргендердің бірі Едіге батырдың басын ала қашыпты дегенге көздерін жеткіздіре алмадық. Ақыры архивтен Ғазиз ақын Ештанайұлы кешегі Жезқазған облыстық “Сарыарқа” газетінің 1990 жылғы 2 қарашадағы санын тауып берді. “Қорлаушы бар, қорғаушы қайда?” деп дабыл қағады журналист Батырбек Мырзабеков. Газеттен үзінді келтірейік: “Өлкетанушы Сүтемген Бүкіров басқарған экспедиция мүшелері Ұлытауға барып, тау басындағы қатар-қатар жатқан үш тас үйіндіге қарап, тарихты бір сәт сол қалпында тамашалап тұрады. Сәлден соң Алматыдан келген ғалым Н.Көшекбаев экспедиция жетекшісінен: “Едіге осының қайсысында жатыр?” – деп сұрайды. Бұдан бұрын да осында үш рет келіп кеткен С.Бүкіров үш сұпының ортасындағысын: “Естуімізше, мынау бабамыздың бейіті”, деп көрсетеді... Әркім өзімен өзі болғандай біреуіне біреуі Едіге батыр туралы естігенін, білгенін әңгіме етіп жатқан сәтте астанадан келген ғалым өздерімен ере шыққан екі-үш жас жігітке: “Кәне, мына үйінді тастарды аударып тастаңдар”, – деп бұйрық райда сөз тастайды. Газет одан әрі қарай әлекедей жаланған жігіттердің үйінді тастарды аударып тастағанын, ар жағынан діні бұзылмаған, еш жеріне ақау түспеген бас сүйектің де, дене сүйегінің де көзге түскенін жазады. Ал ғалым кісі бас сүйекті шапанының шалғайына орап, бауырына қыса орнынан түрегеліп, етекке қарай еңкеңдейді. Газет сол кездегі аудандық кеңес төрағасының орынбасары, осы экспедициямен бірге болған Төкен Ахановтың: “Басты алатынын білмедік” – деген пікірін де жазған екен. Бұл жағдайды естіп Ұлытаудың халқы көтеріледі. Ақыры ел тегеурініне шыдамаған ғалым Едігенің басын орнына қояды. Бірақ үйінді мола қалпына келтірілмейді. Осыған қатысқан Ұлытау аудандық газетінің редакторы Мағзұмбек Машайықұлы Едіге батырдікі делінген бас сүйек пен дене сүйегінің бір-ақ қабат тастың астында жатқанын бізге айтқан еді. Кеш естідік. Қазақ ұлтының намысын қорғаған хас батыр­дың мүрдесі шала жабылып жатыр дегеннен жаны­мыз түршікті. 2005 жылдың сары күзінде Ұлытауға жетіп, Едігенің шыңына өрледік. Терістік жақ беті еді. Ең қиын тұсы да осы екен. Бес адамбыз. Төртеуі жергілікті жер азаматтары. Біраз көтеріліп ба­рып екеуі жолда қалды. Жол­бас­шымыз орта тұс­қа жетіп жығылды. Жасы жиыр­малардағы шофер бала екеуміз төрт сағат дегенде шың басына зорға жет­тік. Қолымыздан дұға оқу ғана келді. Мынау деп көрсетер Мағзұм­бек денсаулығының сыр беруінен шыңға шыға алмады. Көзбен көргенімізді айтып, келер жыл­дары тиісті орындарға қыңқылдап көріп едік, естір құлақ таппадық. Бәрі де басқа тірліктің әуресінде еді. 2008 жылы Мәдениет және ақпарат министр­лігіне хат жазғанымызға ондағы бір қызметкер жыл соңындағы 10.-02/ж-335 деген жауабында: “Едіге батыр басында шашылып жатқан сүйектер жоқ”, – деп жауап берді. 2009 жылы тағы да да­был қаққанымызда: “Едіге батыр басында шашы­лып жатқан сүйектер жоқ”, дегеннен танбаған жаттанды жауап алдық. Содан біз “шашылып жатқан сүйектер емес, Едіге батырдың қорлауға ұшырап жатқан сүйектері туралы жазып отырмыз” деп қайта хат жіберуге мәжбүр болдық. Ал енді бір азаматтар менің тағы барып, өз көзіммен көріп, дәлелдеп қайтуымның да дұрыс екенін еске салды. Едігенің шыңына көтерілудің қиындығын көргенбіз. Жетпістен асқанда енді қалай болар екен деген күдік пен секем де бойды билеген. Айға жуық дайындалдық. Былтырғы саршаның 29-ы күні Ұлытауға кештете жеттік. Ертемен бізге осындағы аудандық газетке 36 жыл бойы редак­тор­лық етіп келе жатқан Мағзұмбек Машайықұлы, музей бастығының орынбасары Сейітжан Өмірбаев, қызметкері Ерлан Омаров, ҚарМу-ді жаңа бітірген інім Жансерік ерген. Едіге шыңының терістік тұсынан баруға қарсылық еттім. Өздері де түстік жағы қолайлылау десті. Екі сағаттың жобасында таудың басына да көтерілдік. Шың үсті жып-жылтыр гранит тас. Ұлытаудың бар көрінісі алақанға салғандай алдымызда созылып жатыр. Көз жетер жердегі айнала далада сағым ойнап, шоқылар табан астымызда қалған. Тау басында бір тас зират қана қираудан аман екен. С.Бүкіров көрсеткен үш үйінді тастан қалғаны осы. Қалған екеуінің бірін ғалым Н.Көшекбаев қиратты. Үшіншісі қайда? Оны бүлдірген кім? Бұған жауап жоқ. Бұзылмаған зираттың бір тұсын әлдекімдер тізеден етіп ұзыншалап тастан қоршау орнатып қойыпты. – Едіге қайда жатыр? – деп сұрадық Мағзұмбектен. – Міне, мұнда. Мына тастың астында, – деп жаңағы қоршауды көрсетті ол. – Қоршауды біз жасадық. Батырдың зират бетін де осы таспен өзіміз жаптық. Ұзындығы елу, ені отыз сантиметрдей тастың бетінде ештеңе жоқ. Дұға қайырдық. Алладан медет, аруақтан кешірім сұрап бет тасты көтеріп қойдық. Арғы жағында он сантиметрдей жерде бас сүйек жатыр. Оны ақ матаға орап, қабірге дұрыстап салдық. Көргеніміздің бәрін суретке түсіріп те жатырмыз. Ақылымен жұртқа үлгі айтқан, қаруымен исі қазақтың дұшпанын талқан еткен Едіге батырдың мәңгілік тұрағының жәйі осы. Көңіл құлазып, көкірекке өксік тірелді. Соңғы сапарда көңілімде бір күдік қалды. “Едіге осы ма, әлде қалай?” дейді іштегі бір түйткіл қолыммен ұстап, көзім көрген бас сүйекті қайта-қайта есіме салып. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ықпалымен Едіге мәселесін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Енді тағы да шыңға көтерілу керек. Едіге туралы кім не жазды, кім не деді дегенді саралап оқып, көңілдегі күдік­тен арылуға тырыстым. Академик А.И.Шренкпен бірге болған сапарында Шоқан Уәлиханов: “Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы – тас үйіндісі. Оның құзыры өзі орна­ласқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр”, – деп жазады. (Таңдамалы, 105-бет Ал­маты, 1985 ж.). Ол заманда ұлы би (хан емес) атанған Едігенің зиратын анық көрсетуші ше­жіре-қарттар мол болған ғой. Олар қателеспейді. Міне, Шоқанның жазғаны – негізгі дәлел. Тас зираттардың үшеу болғанын, соның ортаңғысын С.Бүкіров Едігенікі деп көрсеткенін журналист Б.Мырзабеков жазады. Сол үш зираттың бәрінің биіктігі бірдей болды ма екен деген ой мазалайды. Аудан әкімі Жаңбырбай бізге былтырғы “Еге­мен Қазақстан” газетіне ашылып жатқан зи­раттағы сүйекті ұстап отырып шыққан сурет­тің теріс болғанын айтып, әлдебіреудің “бұл менің атам – Тоқтамыс” деп жүргенін жеткізді. Әлгі пендеден сұрасақ, ол сол шыңға соңғы пәленбай жылдан бері бір де бір рет шығып көрмепті. Бабам дейтін Тоқтамысы 1771 жылы туып, 1834 жылы өлген дейді. Оны қайдан білесің дегенде “солай деп жүр ғой” дегеннен аспады. Хан Тоқтамыс 1406 жылы қаза тапқан еді. Ал енді кімді жеңесің? Іштегі түйткілдің бетін ашуға Қаракеңгір ауылының тұрғыны Молдабек ақсақалдың көмегі тиді. Қария кешегі жігіт-желең шағында, яғни, 1956 жылы Едіге шыңына көтеріліп, сол тас зираттарды көрген екен. Біреуі аса биік еді дейді. Ол кісі онан басқа тағы екі тас зират болды, олар биіктігі кісіні қара санынан жете қоймайды деп түсіндірді. Иә, сонда Молдекең көрген (күні бүгін сақталып тұрған) биік тас зират ұлы Шоқан жазып, қалдырып кеткен “тау қиясының биігімен сәтті ұштасып тұрған” Едігенің моласы екеніне күмән қалмады. Ал ашық-шашық жатқан ана екі тас мола өте аласа, тіпті сол екеуіне қанша тас үйсе де Шоқан жазғандай шыңмен “сәтті ұштасып” кете алмайды. Ол замандағы ел Тоқтамысты онша құрметтеп, соншама биік тас мазар салмас еді. Бұл пақырыңыз 1395 жылы Теректідегі соғыста жеңіліп, Литва королі Витовтқа қашып кеткен. Оның үстіне 1399 жылы Алтын орданы күйрету үшін Польша, Литва, Орыс және Тевтон орденінің әскерін алып келген. Ворскла өзеніндегі ұрыста ол төрттіктің әскерін Едіге қиратып салған. Мұнан кейін Тоқтамыс Әмір Темірді паналаған. Өз еліне жаудың жасағын алып келген қашқын ханға елдің тау шыңына аса биік тас мазар сала қоюы екі талай іс. Сонау елуінші жылдардың бас кезінде Едіге батырдың моласын іздеп келген орыс ғалым­дарына Ұлытаудың екі ақсақалы да батырдың мүрдесін қорлатпау үшін мәскеуліктерді қасақана жаңылыстырып, ортадағы моланы көрсеткен-ау деген ой келеді. Қазақтың иманы бұзылмаған қайран қарттары-ай деп іштей қуанасың. Өлкетанушы ағамыз С.Бүкіров те сол ақсақал­дардың ізімен кетсе керек. Оған да шүкіршілік. Комиссияның бір мүшесі, Ә.Марғұлан атын­дағы Археология ғылыми-зерттеу инсти­тутының бөлім меңгерушісі Жұман Смайылов бұл шыңға алғаш рет 1983 жылы шыққанын, сол кезде де сүйектердің көрініп жатқанын айтып өтті. Иә, бұл мәскеулік орыстардың моланы жаңылысып ашып, шала жауып кеткенінің куәсі. Тау шыңымен үйлесімді ұштасып биік тас мазар-пирамида тұр. Бұл ұлттың намысын қорғаған, ұлы би атанған, Баба Түкті Шашты Әзиздің ұрпағы Құтылқияұлы Едіге батырдың мәңгілік орны. Осы биіктен өзі сүйген, өзі қорғаған ұлты мен ұлы даласын бақылап жатқан сияқты. Ал мына шала ашылып жатқан екі мүрде кім­дікі, қашан жерленген? Оны антропологтар зерт­теп, Едігеге қатысын анықтауы қажетті жеке әңгіме. – Анау бір қонысты ел күні бүгінге дейін: “Едігенің майлы жұрты” деп атайды”, – деп редактор М.Машайықұлы мен музей қызметкері С.Өмірбаев жарыса үн қосып алыстау жатқан маңды көрсетіп еді қайтарда. Иә, ел Едігедей ерін әлі де құрметтейді, қасиет тұтады. Жұрттың ақпейіл ықыласы, елдің сүйіспеншілігі – ұлттың намысы. Ұлытау сонымен асқақтап, биіктеп көрінеді көзімізге. Қарағанды облысы. ЕСІЛ МЕ, ӘЛДЕ ЕСІМ БЕ? Өмірзақ СҰЛТАНОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті. Бүгінгі Астананы Есіл өзенінсіз көз­ге елестету мүмкін емес. Өйткені, осыдан он бес жылдай бұрын Ақ­моланың шеткі бөлігі саналған оның сол жағалауы қазір адам танымастай өзгеріп, жаңа қала салынды. Есіл өзені болса елорданың орта бөлігіне таяп, оның құрылымы мен архи­тек­туралық бейнесін қалыптастырудағы аса маңызды элементке айналды. Міне, осы өзен атауы мені кейінгі кезде таң қалдырып жүр. Дәлірек айтсам, оның неге орысша Ишим аталуы ойландыра бастады. Айталық еліміздегі басқа өзендер Ертіс – Иртыш, Нұра – Нура, Іле – Или, Жай­ық – Яик деп орыс тілі ыңғай­ына қарай кетсе де қазақ мағынасын білдіріп аударылған ғой. Ал Есіл неге Ишим болды? Таяуда соның бір сырын шама­лағандай әсерде қалдық. Әлихан Бөкейхановтың “Русские поселения в глубине Степного края” деген ма­қаласындағы төмендегідей жолдарға көзім түсті: “После Иртыша р.Нура, что значит многоводная, и Ишим, получивший свое название от имени хана киргиз-казахской (киргизы себя называют “казах”) степи Есым хана, кочевавшего здесь со своими каза­хами в ХVІІ веке, представляют самые большие пресноводные реки в сердце Киргизского края, богатые прекрасные луга их, привлекавшие раньше летующих казахов Есым хана, впоследствии были облю­бованы нашими киргизами, как зимнее пастбище”. Сонда Әлекеңнің пайымдауынша бұл өзеннің аты 47 жыл ел билеген (1598-1645 ж.ш.) Есім ханның атымен аталған ғой. Осы тұрғыдан келгенде орысша транскрипциясы өткеннен хабар беріп тұр деген жөн болар. Әрине, мен бұл мәселеге байланысты қалыптасқан беделді ғалымдарымыз­дың көзқарас, пікіріне қанық емеспін. Алайда, бір ғана Әлихан ағамыз секілді айтулы тұлғаның жоғарыдағы сөздері тегін емес, әбден көңіл аударуға тұрар­лық дерек қой. Бұдан шығатыны, қазіргі Астанамыз, қанатын кеңге жайған Есіл бойы ежелден бері қазақтың ел билеушілерінің құтты қонысы болғандығы. Ал қазақтың соңғы ханы Кенесары бұл өлке үшін қалай қан төккені белгілі. Соның айғағындай бүгінде батыр бабаның тұлпардың үстіндегі айбатты, сал­та­натты қола тұлғасы Есілдің оң жа­ғалауынан орын тепті. Міне, осындай құрметке жоғарыдағы деректерді еске алсақ, Есім хан да әбден лайық екеніне көзіміз жеткендей. Сондықтан, болашақта Есіл үс­­тінен салынатын бір көпірге қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын, “Есім ханның ескі жолы”, “Еңсегей бойлы ер Есім” атымен халық жа­дында сақталған Шығай сұлтанның баласы, Орта жүз ханы болған ба­ба­ның атын беріп, ескерткіші бой тү­зесе қазақ жеріндегі ұрпақтар са­бақ­тастығы мен дәуір байланысының сим­волы ретінде ата-баба­ла­ры­мыз­дың өшпес рухын көрсететін игілікті іс болар еді. Семей.