Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2017

Әлеуметтік жобаларға жол ашқан «Нұрлы жол»

400 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүктелген міндеттер Оңтүстік Қазақстан облысында өз мерзімінде орындалып келеді. Өңірде әсіресе, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп. Оңтүстікте биыл 50-ден астам ауылға газ құбыры тартылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 миллиард теңге бөлінген. Соңғы жылдары облыста 22,2 миллиард теңгеге 7 автоматты газ тарату стансасының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы ауданында орналасқан үшеуі жақында пайдалануға беріледі. 

Әлеуметтік жобаларға жол ашқан «Нұрлы жол»

Ордабасы, Отырар аудан­дарындағы бекеттер ауылдардағы ішкі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң іске қосылады. Осы бекеттер іске қосылса, об­лыс­тағы солтүстік аудандарды газбен қамту мүмкіндігі кеңейеді. Жалпы, өңірдегі елді мекендерді 2017-2020 жылдар аралығында газ­дандырудың кешенді іс-шара жос­пары әзірленген. Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр. 2021 жылға қарай көгілдір отын­­мен қамтылған елді мекендер саны 683-ке немесе 2 миллион 720 мың тұрғынға жететін болады. 

Биыл өңірде 101 елді мекенде тұратын 425 мыңнан астам тұр­ғын сапалы электр жарығына қол жет­кізеді. Бұл үшін 60-қа жуық электр энергиясымен қам­та­масыз ету нысанында құры­лыс жұмыстары жүргізілуде. Құры­лыс жұмыстарына облыстық және республикалық бюджеттен 11,3 миллиард теңге бөлінген. Тың жобаларды іске асыру арқылы электр желілерінің тозу деңгейін 2017 жылы 55,7 пайыздан 54,8 пайызға, 2021 жылы 52,4 пайызға төмендету көзделуде. Жоспар бойынша алдағы 10 жылда облыс 100 пайыз сапалы жарықпен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек облыс әкімдігі 700 мыңға тарта халқы бар Сарыағаш, Мақ­таарал, Қазығұрт аудандарын ауыз сумен толық қамтамасыз етуді Өгем өзені арқылы түпкі­лікті шешпек. Оңтүстік Қазақ­станда облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар шең­берінде атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен, ауыз су мәсе­лесі шешілмеген ауыл­дар әлі де баршылық.

Осы орайда облыс әкімі Ж.Түймебаев көр­шілес Өзбекстанмен байланыс­ты нығайтып, бірқатар өзекті мәселенің шешімін табуына ықпал етті. Яғни, Өзбекстанмен байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, Мақтаарал аумағындағы он жыл бұрын жабылған жол қайта ашылды. Шымкентте Ташкент тауар өндірушілер көрмесі ұйымдастырылды. Оңтүстіктен Өзбекстанға экспортталатын тауарлардың үлес салмағын арттыру көзделуде. Екі­жақты бірлескен кәсіпорындар құру жайы да талқыланып жатыр. Сондай-ақ, көршілес елдер арасындағы байланыстың артуы нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көтеріліп, шешімін таппаған Өгем өзенінен Оңтүстіктің тұрғындары үшін ауыз су каналын тарту жөнінде келісім жасалды. Бұл жоба толықтай жүзеге асқанда Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал ауданындағы миллионға жуық халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі. Жергілікті билік аталған мәселені Өгем өзенін ауыз су ретінде пайдалану арқылы түпкілікті шешуге бел буып отыр. Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі өкілдерінің екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобының басқосуында Өгем өзенінен көлемі секундына 3-3,5 текше метрге дейін суды бұрып, жоғарыда аталған аудандардың тұрғындарына ауыз су ретінде пайдалану мәселесі қаралып, оң шешімін тапты. Ол үшін Қазығұрт ауданының Өгем ауылы тұсынан Өгем өзенінен құбыр арқылы су бұру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Айта кетейік, Өгем − басым бөлігі Қазақстан аумағында ағып жатқан трансшекаралық өзен. 

Бұдан бөлек, облыста жер асты су қорын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, өңірде су қорын анықтауды қажет ететін 383 елді мекен болса, бүгінгі таңға соның 244-інде іздеу-барлау жұмыстары аяқталған. Биыл 34 елді мекенде, ал 2019 жылға дейін қалған 105-інде тиісті жұмыстар атқарылмақ. Бұл жұмыстарға бюджеттен 1,6 млрд теңге бағытталған. Сонымен қатар, биыл жаңадан 10 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 628-ге жетіп, өңір тұрғындарын қамту деңгейі 74,4 пайызға көтеріледі. Жалпы, 2020 жылға 702 елді мекенге ауыз су жүйесін жүргізіп, тұрғындарды қамту деңгейін 83,2 пайызға жеткізу жос­парлануда.
Аграрлы облыс Оңтүстікте ағын суға қажеттілік, әсіресе жаз айларында қатты сезіледі. Мысалы, 400 мыңға жуық халқы бар, негізінен мақта өсірумен айналысатын Мақтаарал ауданының диқандары жазда егіс алқаптарына су жеткізе алмай жатады. Көрші елден келетін «Достық» каналынан су аз мөлшерде берілетін кездер жиі кездеседі. Осы орайда облыс әкімдігі ағын су тапшылығын азайту жолдарын қарастыруда. 

Биыл «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіші қыс бойы және көктемде суға толтырылды. Енді ондағы су біртіндеп жіберіліп отырмақ. Бірақ, олардың суын нақтылы пайдалану жеткіліксіз екен. Сондай-ақ, Арыс, Келес, Ақсу өзендерінің сулары да қыс бойы және көктемде тасып, төмен қарай босқа ағып кетіп жатады. Облыс әкімі «Қазсушаруашылық» ұйымымен бірлесе жұмыс тобын құрып, осы суларды бостан-босқа жібермей, қыс бойы және көктем бойы, белгілі бір су қоймаларына, су тоғандарына жинауды ұсынды. «Мұндай тәжірибе дүние жүзінде қалыптасқан. Ол суларды тоған-тоған есебінде жинап, плотиналар құрып жинақтаған жағдайда, біріншіден, сумен қамтамасыз етуде пайдалы болса, екіншіден, гидроэлектр стансаларын салып, электр қуатымен де тұрғындарды қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік туа­ды», дейді Ж.Түймебаев. Бұл шара Оңтүстіктегі ағын суға тапшылықты барынша реттейді әрі шағын және орта кәсіптің өркендеуіне жол ашады. Осы бағыттағы жоспарларды жүзеге асыру үшін 16 жаңа су қоймасы салынатын болады. Сондай-ақ, тасқын суға қарсы 70 нысанда инженерлік жұмыстар іске асырылады.

Үкіметтің селекторлық отырысында облыс әкімі аталған жоба жүзеге асқанда 320 млн текше метр топан су қабылдап, 17 мың гектар суармалы жерді суғаруға мүмкіндік туатынын мәлім етті. «Биылғы дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде атқарылуына байланысты өңір топан судан зардап шеккен жоқ. Алайда мәселені зерттеп-зерделегенімізде жыл сайын 2 млрд текше метр судың ағып кететіндігіне көз жеткіздік. Ауыл шаруашылығына бейімделген және жаз айларында су тапшылығына ұрынатын аймақта көктемгі тасқын суды тиімді мақсатқа пайдалану ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан да облыс аумағында әзірге 16 шағын су қоймаларын салып, суармалы егістік алқаптарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аталған нысандар аймақты тасқын судан қорғап, егіншілікті дамытуға тікелей септігін тигізетін болады. Енді бюджеттен қосымша 250 млн теңге қаржы қарап, тағы да тоғандар мен су қоймаларын салу үшін тиісті жобалау, жоспарлау жұмыстарын жүргіземіз», деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Жалпы, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан. Оның ішінде 20-сы республикалық, 13-і облыстық, 4-еуі аудандық коммуналдық меншігінде. Ал 6-уы жеке меншікке берілген. Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Тоғыс, Сасықбұлақ, Ақылбексай су қоймаларында 984,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-2019 жылдары 11,1 млрд теңгеге 4 су қоймасы күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы коммуналдық меншіктегі 4 су қоймасында облыстық бюджет есебінен 384,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізеді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 1,7 млн текше метр­ге арналған «Қарашық» су қоймасының құрылысы жүргізіліп, жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 
 

Соңғы жаңалықтар

Грозныйда АСА турнирі өтті

Спорт • Бүгін, 11:30