06 Қыркүйек, 2017

Төр қадірін білер ме?.

3193 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алпыс екі тамырында ата-баба қаны айналып жатқан қазақ баласына төрдің қадірі мен қасиетінің қаншалықты биік екенін айтып жатудың өзі артық шығар, бәлкім. Десе де, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» алмағайып уа­қыт­ты бастан өткергеннен кейін, баяғы бабалар басып өткен рухани әлем­ге қайырыла қарап, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге молы­нан мүмкіндік туған осы бір тәт­ті де сәтті рухани жаңғыру кезеңінде сол төріміздің иесі һәм киесі төңі­регінде ойымыздағы оралымдарды ортаға салып отырмыз.

Төр қадірін білер ме?.

Төр – әркім мінер ат емес, әркім ұстар зат емес. «Тегі жаманды тең көрме – төріңе шығады, тілеуі жаманды ес көрме – төбеңе шығады», деп тоқсан ауыз сөз­ді тобықтай түйінге сыйдыра отырып ескерткен бабалар сөзінің бағамы көкірек көзімізге осы ойдың ұшығын көлденең тартып тұрған жоқ па? Төр жайында сөз бола қалса көбіміздің тіліміз ұшына орала кететін «түрікпен төрін бермес» деген мәтелдің түбірі де бізге төрдің өз иесі, өз киесі барын аңғартады. Бұл ретте, данышпан Абайдың қазақтың кейбір мақал-мәтелдерін сынайтыны сияқты, өңі өзгерген, ұйқасы үйлескенімен қисыны келмейтін сөздер ел арасында аз емес. «Көп айтса – көнетін» әдетпен аталы сөз – баталы сөз ретінде қабылдағандықтан, мұндай мақалдардың кейбірі қоғамдық сананың өзгеруіне де әсер етіп жатады. Сондықтан мәтелдегі мағыналық қайшылықты шешу үшін әрине, сөз төркіндетуге тура келеді.

Мәтелдегі түрікпеннің түріктен тарағаны белгілі. Ал осы «түрік» сөзінің түбірі «төр»-ден шығатынын кейбір түрколог ғалымдар меңзеп жазған. Біздіңше, бұл қисынды болжам. Мысалы, «төре» – төрдің иесі – «төр ие». Сол секілді ұзатылған қыздың шыққан түп негізі «төркін» сөзінің де қайнар көзі «төр»-ден бастау алады. Сондай-ақ, билік айтуды білдіретін «төрелік» айту, заң, яғни мизам ұғымындағы «төре-бітік» сөздерінің барлығының төркінінде осы «төр» жатыр. Бұл өзі қашаннан келе жатқан қазақтың қолтума сөзі. «Төрүк» – төрде отырып төрелік айтатын кісі мағынасын берсе, «Түргеш» сөзі көне санаға «төрдегі кісі» ұғымын ұялататын. Бүгінгі моңғолдың тілінде «төр» – «мемлекет» деген мағынаны береді. Күндей күркіреп өткен көктүріктердің мемлекеттігін қайта жаңғыртқан Шыңғыс ханның ұрпағын да жұрт «төре» деп ұлықтаған. Жиып айтқанда «төре» – («төр ие») төрде отырып төрелік айтатын, мемлекет пен мизамның иесі деген мағынаны білдіреді. Бұл дәлел-дәйектерді Күлтегін бітіктасындағы «Атам Бұмын қаған, Естемі қаған отырды; Отырып, Түрүк бодұн-халқын, Елін, төресін тұта берді» деген сөзінің өзі де айғақтап тұр. Осы сөзді арада мың жылдан астам уақыт өткенде Бұқар бабамыздың «төрде отырған қарт бабаң, төресінен жаңылар малдан соң», деп, әділдіктен тайып заңынан жаңылған биді сынайтын әйгілі сөзінен кездестіреміз. «Төресіз ел болмайды» мақалының мағынасы да осы ұғымдағы сөз екені айтпасақ та түсінікті. Ендеше бұрынғы бабаларымыз төрткүл дүниеге төрелік айтқан, төрінде отырып өз мизамын жүргізген деген мағынаға сая­тын «түрікпен төрін бермес» мәтелінің мәні де осылайша көкірегімізді көне дәуірдің күмбіріне жетелейді. 

Отбасы жағдайында да әр шаңырақ, әр әулеттің өз төрі, төр иесі бар. Өйткені ол – ордадағы отағасының орыны. Тіпті иесі дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен үлкен шаңыраққа барғанда төрді баспақ түгілі жақындамай құрмет қылып отыратын әжелерді көзіміз көрді. Арнайы айтылған ақылмен емес, бала күннен ардақты ана, желекті жеңгеден көріп бойға сіңген ізет төрге оздырмаушы еді ол кісілерді. Одан ешкім аласармайды, керісінше төр де, төр иесі де, ізет қылушының да дәрежесі тіпті биіктей түсер еді. 

Төрге шығу үлкен құрмет, биік бедел әрине. «Есіктен кірмей жатып төр менікі деме» деп ентелеген едіреңнің ентігін бастырып, оған отыруға оның лайықты, лайықты еместігін өздері-ақ белгілеп отырған. Отағасының «төрлетіңіз» деген рұқсатынсыз төрге озғанды «жаман үйді қонағы билейді» дегендей өз төрінің мизамын ұқтырған. Мархабаттап төрге оздырған елге сыйлы ақсақалмен отағасы да қатар отырған. Төрдің қадірі қашпаған қара шаңырақтарда қашаннан солай болған. «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді был­ғайды» деген мақалдың өзі ата­лары­мыздың төр қадірін білмейтін кім көрін­генді төрге оздырмай оның қасиет, киесін сақ­тай білгендігін баяндап тұрған жоқ па? Осын­дай ой жетелеген кей сәтте, қа­дірін білмегенге ұсынылған төр, тар­тыл­ған бас, жабылған шапан ғасырлар бойы ұл­ты­мыздың ұлықталып келген қас­тер­лі ұғы­мының қасиетін кетіретіндей көрінеді. 

Төр қадірі төр иесін сыйлаудан, ер қадірі елге бедел жинаудан. Тәңірге тәубе, төрткүл дүние көз тіккен келісті төріміз – айбарлы Астанамыз бар, тұстас­тарынан оза шауып, төңірегіне төрелік айтқан төр иеміз – Елбасымыз бар. Енде­ше, төрт құбыласы түгел еңселі елге айнал­ған шақта киелі төріміздің қадірін біліп, құтымыз арта бергей!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»