Әлем • 06 Қыркүйек, 2017

Қытайды отбасы саясаты алаңдатады

1263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отбасы тақырыбы Қытай үшін бас ауыртар мәселеге айналғалы қаша-а-ан! Әуелі, шығыстағы көршіміз халық санының өсуін баяулатамыз деп «бір отбасы – бір бала» бағытын берік ұстанған-тұғын. Дегенмен, оның өміршең жоспар емес екенін түсініп, былтырдан бастап екінші бала өсіруге рұқсат берді. Кейінгі жылдары Қытайды толғандырған тағы бір мәселе туын­дады. Жастар шаңырақ көтеруге құлықты емес. 

Қытайды отбасы саясаты алаңдатады

BBC арнасының хабарлауынша, жастардың отбасылық өмірге асықпауы олардың ата-аналарын ғана емес, Қытай үкіметін де тол­ған­дырып отыр. 
«Өткен онжылдықта ел ішін­дегі үйлену көрсеткіші артқа­нына қарамастан, екінші жыл қа­та­рынан Қытайда жаңадан тіркелген неке саны азайып барады. Ша­ңырақ көтергендер 2014 жылы 9,1 пайызға азайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш тағы 6,3 пайызға құл­дыраған. Сонымен қатар, некеге тұру жасы да 1,5 жылға өсті», – дей­ді BBC. 

Қытай үкіметі «құда түсіп, құйрық-бауыр асатуға» 1950 жы­лы тыйым салған болатын. Алайда, ата-аналар әлі күнге дейін балаларын атастыруды жөн көреді. Тіпті, олар бойдақ баласы туралы ақпарат алмасу үшін арнайы мекемелерге барады екен. BBC арнасы шығыстағы көршіміздің қол қусырып отырмағанын айтады.

«2007 жылы Білім министрлігі 27 жастан асқан қыздарды «отырып қалған» деп ресми түрде мәлімдеп, болашақ жарына қоятын «өте қиын» талаптарын азайтуға шақырған болатын. «Отырып қалған» ұғымы ұлға да, қызға да қолданғанымен, ғалымдар оны сынап, жас қыздар қарсылық көр­сетті. 2016 жылы үкімет «кеш» үй­ленгендерге (жігіттерге 25, қыздарға 23 жас­тан кейін) бал айы­на қосылатын 7 күндік мерзімді алып тастады».

«Аспанасты елінің» бойдақтар тағдырына алаң­дауының негізі бар. Қазіргі таңда Қытайда сау­сыл­даған соқа бас еркектер миллиондап саналады. Олардың нақты санын айту қиын. Дегенмен, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары түр­лі деректер келтіреді. Global Times бойдақ жігіттердің саны 24 мил­лион шамасында екенін хабарласа, China Daily олардың саны 33 мил­лионнан асып түсетінін жет­кіз­ген-ді. 

«Қытай және жаһандану орта­лығының» денсаулық сақтау бо­йын­ша маманы Хуанг Уенженг ер­кектер санының артуына елдегі «бір бала» бағыты тікелей әсер ет­ке­нін айтады. Өйткені, ата-ана­лардың көбі «Ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» дегендей, жал­ғызының ер бала болғанын қалайды. Маманның сөзінің жаны бар. People’s Daily хабарлауынша, 1971-2012 жылдар аралығында 270 миллион жасанды түсік тастату оқиғасы тіркелген. 

BBC арнасы бойдақ жігіттердің көбі шалғай аймақта тұратынын және тұрмысы төмен екендігін айтады. Қытай халқы оларды қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан қоғамға зиянды деп есептейді. Екі жыл бұрын People’s Daily сайты «отырып қалған» жігіттер­дің жиі қылмыстық әрекетке баратынын, құмар ойынға берілетінін, жезөкшелерді жағалайтынын мәлімдеген болатын. Мамандар мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсынып жатыр. Әзірге оның еш­қайсысы қоғам тарапынан да, үкімет тарапынан да құп­талмапты. 

Дегенмен, бойдақтардың көптігі Қытайдың ғана мәсе­лесі емес. Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымының мә­ліметіне сүйенсек, көптеген елде шаңырақ көтергендер саны бұрынғыдан азайып кеткен. Қазақ­стандағы жағдай да мәз емес. Жылдан- жылға отау құратындар саны азайып бара жатыр. Статис­тика комитетінің деректері бойын­ша, 2013 жылы 168 417 неке тіркелсе, 2014 жылы 159 328 жаңа отба­сы құрылыпты. 2015 жылы 148 769 жұп шаңырақ көтер­ген. Кері­сінше, ажырасқандар саны жыл сайын ар­тып келеді. 2014 жы­лы 52 673 жұп ажырасса, 2015-те бұл сан 53 293-ке жеткен. Биыл тамызға дейін 75 701 неке тір­келсе, 31 469 жұп ажырасқан. 

Қайбір жылы атағы дардай бір ағамыз 24 мың қазақ қызының қы­тайға тұрмысқа шыққанын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Ол кісі қызды-қыздымен айтып қалса керек. Өйткені, ресми деректер басқаша сөйлейді. Статистика комитетінің ақпараты бойынша, бүгінге дейін шетелдікпен 54 мың­ға жуық неке тіркелсе, соның 700-і ғана Қытай азаматтарымен арада жасалған. Жыл басында 2010-2016 жылдар аралығында 353 қаракөз Қытай азаматтарына тұрмысқа шыққанын мәлімделді. Бірақ, соның 190-ы Қытайдағы қандастарымызға күйеуге тиген екен. Ендеше, статистикалық деректер «қазақ қыздары жаппай қытайға күйеуге тиіп жатыр» деген әлгі ағамыздың байбаламы орынсыз екенін дәлелдейді. 

Әйтсе де, Қытайда шетелдікпен шаңырақ көтеретін­дер көп көрі­неді. Олар негізінен өздеріне мәде­ни, әлеуметтік жағынан ұқсас ұлт­тар­мен некеге тұруды жөн көре­ді екен. China Information жур­на­лының 2013 жылы жүргіз­ген зерттеуіне сәйкес, Қытай бой­дақтарын ең көп «импорттайтын» елдер қатарында Гонконг (264 мың), Тайвань (133 мың) және Макао (17 мың) бар. 

Қытайдағы бойдақ­тардың көптігі, біріншіден, эконо­микалық жағдайға байланысты. Оның екінші себебі – елдегі қыз баланың аздығы. Әзір­ге Қытай тұрғындары халықаралық отбасын құру­да оңтүстіктегі көршілерін дұрыс деп тауып отыр. Алайда, күні ертең олардың басқаларға «көз сал­ма­сына» ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше, Қы­тайда соқа бас еркектердің көптігі көрші елдерді бейжай қалдырмауы тиіс.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»