07 Қыркүйек, 2017

Кенді Алтайдағы келелі істер

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына келді. Сапардың басты мақсаты – «Өңірлерді дамыту-2020», «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен және Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысу.

 

Кенді Алтайдағы келелі істер

Мұхтар Құл-Мұхаммед Өскемен қа­ласында кезекте тұрған азаматтар үшін салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты және «Даму» қоры арқылы қар­жы­ландырылған «Силумин-Восток» кәсіп­орнының еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, партияның облыстық активімен де кездесіп, Елбасы айқындап берген басым бағыттарды жүзеге асырудың жолдарын талқылады.

Жалпы, Өскемен қаласындағы 19-шағын ауданда 2021 жылға дейін 144 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде жалпы ауданы 876 мың шаршы метрді құрайтын 14327 пәтер халық игілігіне берілмек. Облыс орталығында мұндай ауқымдағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге Елбасының бастамасымен қолға алынған жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында мүмкіндік туып отыр. Аталған тұрғын үйлерге коммуникация жүргізу үшін тек «Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша өңірге 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа пәтерлердің халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, бюджетті мекемелердің қызметкерлеріне және мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге берілетінін атап өткен жөн.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қа­зақ­стан облысының әкімі Даниал Ахме­товпен бірге аталған үйлердің құрылыс жұмыстарымен арнайы таныс­ты. Бо­лашақта бұл ауданда Өскемен қаласының сол жағалаудағы орталығын құру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде мұнда тұрғын үй­лер­ден бөлек, облыстық сот, прокуратура, қан орталығы, 1000 орындық орта мектеп, балабақша және дзюдо орталығының ғимараттары пайдалануға берілген. Өскемен қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, келешекте бұл ауданда әкімдік ғимаратын, спорт кешенін, кинотеатр, студенттер қа­лашығын, қазақ драма театрын және қа­зіргі заманғы сауда орталығын салу жос­пар­ланған.

Осы жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының өңірге жасап отырған ерекше қамқорлығының арқасы екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша Шығыс Қазақстан облысына бүгіннің өзінде 150 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазір біз тұрған жерде 144 тұрғын үй салынып, мыңдаған адам пәтерге ие болады. Мұндай кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы Өскеменде ешқашан болған емес. Осының бәрі Елбасымыздың Шығыс Қазақстан халқына жасаған ерекше қамқорлығының көрінісі. Бұдан артық қандай қамқорлық болуы мүмкін?!» деді.

Соңғы жеті айда Шығыс Қазақстан облысында өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 845 млрд теңгеден асты. Үшінші жаңғыру бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қа­тарында «Силумин-Восток» ЖШС-де бар. Бұл жерде сорғы қондырғылары, құ­быр желісіне арналған арматуралар және кез-келген жұмысқа қолдануға болатын электротехникалық бұйымдар да­йын­далады. Таяуда аталған өнеркәсіп орны «Даму» қоры арқылы 213,5 млн теңге көле­мінде тиімді несие алған. Бұл қаржы жаңа қондырғылар сатып алуға жұмсалды. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдаудың арқасында шығысқазақстандық кәсіпкерлер Орталық Азия мен Ресей нарығына шығуға мүмкіндік алып отыр. Ең бастысы, Өскеменде дайындалған технологиялық өнімдердің сапасы шетелдік бұйымдардан еш кем емес.

«Силумин-Восток» зауытының іргесі 1996 жылы қаланған. Алғашында мұнда бар болғаны 11 адам жұмыс істесе, бү­гінде кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Қазіргі таңда мемлекет қолдауының арқасында зауыты­мыз қарқынды жұмыс істеп тұр. Түрлі инженерлік жұмыстармен айналысатын біздің зауыт үшін мұндай қолдаулар таптырмайтын мүмкіндік. Соның арқасында бүгінде жобалау кезеңінен бастап кез-келген күрделі нысандарды салуға және ғимараттарды автоматтандыруға мүмкіндік алдық», дейді «Силумин-Восток» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Зоя Но­во­лодская.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Силумин-Вос­­ток» зауыты президенттік бағдар­ла­ма­лардың жемісі екенін айтып:
«Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елімізде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Жыл сайын осы салаға республикалық бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінуде. Бүгінде мемлекет-жеке­меншік әріптестігі арқасында кәсіпкерлер де әр түрлі ірі жобаларға өз инвестицияла­рын сала бастады. Соның нәтижесінде тек қана Шығыс Қазақстан облысында 40-тан астам жаңа кәсіпорындар ашылып, онда түрлі салалар бойынша маманданған 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бұл кәсіпорындардағы қондырғылар шағын және орта бизнес ел экономикасының 60-70 пайызын құрайтын Жапония, Корея сияқты ең дамыған елдерден әкелінген. Жұмыстың барлығы 4G деңгейіндегі супертехнологиялар арқылы жүргізіледі. Ең бастысы, елімізде сол заманауи тех­нологиялардың тілін еркін меңгерген білікті мамандардың саны артты. Бүгінгідей үшінші жаңғырту жағдайында мұндай бастамалардың ел экономикасына тың серпін берері сөзсіз.

Жалпы, Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске жасап отырған ерекше қамқорлығы үш бірдей өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізеді. Олар: бі­рін­шіден, өңірлердің экономикасын әрта­раптандырады. Екіншіден, жаңа кәсіп­орындар мен жұмыс орындары ашылады. Үшіншіден, ішкі және әлемдік нарықта сұ­ра­нысқа ие, жоғары бәсекеге қабілетті, сапа­лы өнім өндіріледі», деді.

Сонымен қатар, сапар барысында Мұх­тар Құл-Мұхаммед облыс орталы­ғын­дағы этнографиялық кешенде Шығыс Қа­зақстан облысындағы Қазақстан халқы Ас­самблеясының өкілдерімен де кездесті. Аталған кешенде елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің 17 үй-жайы орналасқан. Кездесуде негізінен Елбасымыздың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласындағы тың бастамалар жайы сөз болды.

Ал «Нұр Отан» партиясының об­лыс­тық активімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық бастамасын әр шығысқазақстандыққа жеткізіп, түсіндірудің маңызы зор екеніне ерекше назар аударды. Соған орай нақты тапсырмалар беріп, осы жолда партияның әр қызметкері аянбай еңбек етуі керектігін атап өтті.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024