Осы ретте алдымен аудан әкімі Сергей Саламацкийге жолығып, көшіп келушілер жайлы мән-жайды білдік. Бұл ауданда бұрын өзге ұлт өкілдері, әсіресе, неміс диаспорасы көп тұрды. Олар атамекендерін бетке алған соң бос қалған ауылдарға қандастардың орналасуы да заңдылық. Жалпы, ауданда сыртқы және ішкі көші-қон бағдарламасын жүзеге асыруда жұмыстар басталып кетіпті. Тамыз айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері ауылдарды аралап таныспақ, содан кейін солтүстікке қарай көшудің жөн-жобасын қолға алмақ. Белоусовка ауылдық округіне Ольгинка, Ольховка, Тимирязев ауылдары кіреді. Төрт ауылда қазақ, орыс, неміс, украины аралас 986 адам тұрады.
Ольгинкаға баратын жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын неміс диаспорасы тұрған ауыл жайнап-ақ тұр, үйлері, көшелері жасыл желекке оранып, тура орман ішінде орналасқандай.
– Қытайдан келген ағайындарымыз міне, осы үйлерге орналасты, – деген аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Салтанат Арынова бізді бастап жүрді. Кіреберіс есіктің сыртында естелікке неміс тілінде жазу қалып қойған аулада бір топ бала асыр салып ойнап жүр. Атамекендеріне жеткендерін білгендей-ақ, алаңсыз.
– Балаларымыз ол жақта аралас тілде, қытайша-қазақша оқыды. Өзара қытайша сөйлесіп кетеді. Келгеніміз де, асыға жеткеніміз де осы балалардың болашағы. Қазақ болып, қазақ жерінде өссін деген арман ғой, – дейді Паттыгүл Төлеген.
Әзірше бұл үйде 3 отбасы бірге тұрып жатыр. Бізді көріп, бәрі де құшақ жая жүгірісті.
– Қазір бізге бір ауыз жылы сөздің өзі қымбат. Кім келсе де көңіліміздегіні ақтарып салып, жадырап қалғымыз келеді. Қытайдың Құлжа қаласында тұрдық. Елімізді аңсаумен күн кештік. Көш жалғасады. Біздің соңымыздан тағы да 6 отбасы жолға жиналып отыр, – десті олар.
Айтарлары жетерлік. Далада ойнап жүрген Бейбарыс, Ерасыл, Айтуар, Үмбет, Естер, Алғыс, Дарын, Ажар, Зере, Ұлағат, Жұпар есімді балалар да өздерін іздеп келгенімізді білді ме, елеңдесіп бізді айнала отыра қалысты.
– Біз бүгін мектепті көріп келдік, – дейді бала Бейбарыс. Өзі қуанышты.
Салтанат Арынованың айтуынша, Ольгинкаға келген ағайындардың саны қазір 40-тай адамы бар 11 отбасын құрайды. Паттыгүл Төлеген, Шәмшиден Біржан, Айтхан Қайнар, Баяхат Сүлеймен, Нұрболат Тайынбек, Кенжегүл Баймұханбет есімді азаматтар жуырда көшіп келді.
– Өкінішке қарай, екінші келген 5 отбасының қалай жеткені бізге түсініксіз. Біз ауылға келгенде ғана білдік, – дейді аудан әкімінің орынбасары Алмира Жүсіпова. – Шақырусыз келген ағайындарды бос тұрған үйлерге орналастыруға тура келді. Егер алдын ала білгенде, күтіп алуға дайындалар едік. Өздерінің айтуларына қарағанда, бір адам алып келіпті. Ал жергілікті әкімдікпен келісіп, келетін уақытты белгілеп, ауданмен танысып барып жолға шыққан Адал Камейхан, Ержан Сіләмбек, Әбіл Бекболат, Сарқыт Сәулетбай, Нұрмаш Алмаш есімді азаматтардың отбасылары бұдан бұрын келген. Қазір олар көші-қон шарттарына орай, бүкіл құжаттарын реттеуге кірісіп кетті. Адал Камейхан Шыңжан жақтан тракторын да ала келген екен. «Қытайдың Дөрбілжің жағынан келгеніме төрт-ақ күн болды», деген Серікхан Тұрсынхан әйелі Жеңіс, екі қызымен ауласында жүр екен, 800 мың теңгеге көшіп кеткен немістің бау-бақшалы жинақы үйін сатып алыпты. Өздері болса, жеттік пе, жетпедік пе деген толқынысты көңіл-күйде тұрды.
Әрине, Ольгинкаға асыға жеткен ағайындардың жағдайы алаңдатады. Аудан әкімдігі қазір қолдау көрсетіп, жергілікті жерге бейімдеу жұмыстарын жүргізуі, құжаттарды реттеуге қол ұшын созуы керек. Адал Камейханның айтуынша, облыс, аудан орталығына барып-келуге таксилер 5-6 мың теңгедей ақша алады. Сондықтан оралман ағайындар көшіп келген аудан орталығына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының сыртқы көші-қон бойынша бөлімі көшпелі құжат-қағаз ресімдеуді ұйымдастырса құба-құп. Бейімделу бағытында да атқарар жұмыстар бар. Екіншіден, Ольгинка ауылының мектебі орыс тілінде білім береді. Мектеп директоры Василиса Цирульниктің айтуынша, қазақ тілінде білім алу үшін кемінде пәндер бойынша 20-ға жуық мұғалім қажет.
– Қытайдан келген қазақ отбасыларын аудандағы Қозыкеткен, Қоңырөзек, Қаратай, Константиновка, Лозовой, Успенка, Ивановка, Павловка ауылдарына қоныстандырса, бұл ауылдардағы мектептерде қазақ сыныптары бар, – дейді ол.
Бұл дұрыс-ақ. Баспана, жұмыспен қамту жайларын айтпағанда, көші-қон жұмысына жауапкершілікпен қараудың бір ұшығы осы.
– Кітаптарды жеткізіп береміз. Бастауыш сыныпқа 2 мұғаліміміз бар, қалған оқушыларды тасымалмен аудан орталығына немесе уақытша интернатқа орналастырамыз, – дейді Алмира Жүсіпова.
Сонау Құлжадан елім деп келген Бейбарыс, Дарын, Ділшат, Ұлағат, Сая, Жұпар, Ақжол, Айзат, Айбота, барлығы 14 бала қыркүйекте мектепке, қалған 10 шақты бүлдіршін балабақшаға баруы қажет. Бұл Ольгинка ауылының мектебінде оқушы көбейіп, бір жасап қалады деген сөз. Қыркүйек айында Құлжа қаласынан жолға шыққалы отырған 6 отбасы да аман-есен Ольгинкаға жетсе, оқушылар саны тағы арта түседі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Успен ауданы