Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2017

100 нысан тізіміне Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан енеді

8290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Анар Екімбаева хабарлады.

100 нысан тізіміне Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан енеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізімі жариялаған болатын. Бұл тізімге әуелі Батыс Қазақстан облысынан небәрі екі нысан – ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы мен «Бөкей Ордасы» тарихи музей-кешені енгені хабарланды.

Жақында арнайы іссапармен Ақжайық өңіріне келген «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы мамандары облыс аудандарын аралап, тарихи орындарын көрді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі және тарихи ескерткіштерді қорғаумен айналысатын облыстық мемлекеттік инспекция ұсынған тізімге сәйкес тарихи ескерткіштермен, өңірдің киелі жерлерімен танысты.

- Біз бес күн ішінде 2500 шақырым жол жүрдік. Өңірдің табиғи көрікті, тарихи жерлерін араладық, тарихи тұлғалар жатқан, тарихи оқиғалар өткен орындарды көрдік. Ел ішіндегі шежіре қарттармен, өлкетанушы азаматтармен таныстық, - дейді Анар Срайылқызы.

Осы сапардың қорытынды нәтижесінде Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне Ақжайық өңірінен тағы 4 нысан қосылды. Батыс Қазақстан облысында алты алаш ардақтайтын киелі орынның саны алтыға жетті. Олар мыналар:

  1. Ортағасырлық «Жайық» қалашығы

Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы қазіргі Орал қаласының іргесінде, Желтау биігінің Жайық өзеніне қарай еңкейген тұсында орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нысандар ХІІІ-ХV ғасырларға тиесілі болғанымен, жалпы қала туралы дерек ІХ ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбасында айтылады. Ғалымдар Жайық қаласын қазіргі Орал қаласының ізашары санайды. Болашақта көне қала аумағы ашық аспан астындағы мұражайға айналады деп жоспарлануда. 

  1. «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені

Батыс Қазақстан облысы орталығынан 550 шақырым қашықта жатқан Хан ордасы ауылы – 1801 жылы құрылған Бөкей ордасының астанасы, іргетасын хан Жәңгір 1826 жылы қалаған елдімекен. Бұл жерде ХІХ-ХХ ғасырға жататын көптеген ғимарат – Жәңгір мектебі, қазынашылық үйі, баспахана т.б. 60-тан астам тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған.

  1. Тақсай қорған кешені, б.з.д VI-V ғ.

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы Тақсай обалар кешенінен 2011 жылы археологтар 500-ге тарта алтын әшекеймен көмкерілген 20 жасар әйелдің сүйегін тапқан еді. «Тақсай ханшайымы» атанып кеткен бұл ескерткіш жәдігердің түпнұсқасы бүгінде Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Сарматтар дәуіріндегі ауқатты әулеттің өкілі саналатын «Алтын ханшайым» отандық археология ғылымында теңдессіз жаңалық саналып отыр. Тақсай обалар кешенінде қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.

  1. Жұмағазы хазірет (ХІХ ғ)

Батыс Қазақстан өңірінде «Дәдем ата» деген атпен де әйгілі Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы. Ел аузында сақталған аңызға қарағанда ол Түркістан шаһарында білім алып, Қожа Ахмет Ясауи дүрбесінде имамдық қызмет атқарған. Содан кейін туған жеріне оралып, мешіт-медресе ашып, елге рухани білім таратқан. Әулие дүниеден өткен соң да басынан ел-жұрт арылмайтын зиярат орнына айналған. Бүгінде «Дәдем ата» жеке қоры ресми тіркеліп, зиярат орнында мешіт, қонақ үй салынған.

  1. Ғұмар Қараш зираты

Белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш – заманының озық ойлы өкілдерінің бірі. Төңкеріске дейін-ақ «Шайыр...» және «Көксілдер» жинағын, «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914) кітаптарын шығарған, 1911 жылы қазақтың тұңғыш басылымдарының бірі «Қазақстан» газетін шығарысқан, 1919 жылы тұңғыш педагогикалық «Мұғалім» журналын шығарған қайраткер. 1917 жылы Алаш қозғалысына белсене араласып, бірінші және екінші жалпықазақ сиезіне қатысқан, қази сайланған. Ғұмар Қарашты 1921 жылы 12 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық округі жеріндегі Құнаншапқан деген жерде жаулары қылыштап өлтірген.

  1. Жымпиты – Күнбатыс Алашорда астанасы

Алашорда үкіметінің батыс қанаты – Күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты селосында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат сақталған. Оның бірі – Күнбатыс Алашорданың кеңсесі, екіншісі – ХІХ ғасырға тиесілі мұсылмандар мешіті. Алаш жұрты азаттыққа қол созған 1917-1918 жылдары Алашорданың батыс қанаты ең ұзақ: 19 ай – 578 күн бойы өмір сүрген. Бүгінде Жымпиты ауылында Алаш аллеясы, Алашорда музейі жұмыс істейді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар