«Болашақтың энергиясын қалыптастыру» ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумы – ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы қорытынды шаралардың бірі. Екі күнге жоспарланған шара Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Форум БҰҰ аймақтық комиссиялары аясында биылғы жылдың 11-14 маусымында Астанада өткізілген Тұрақты дамуға арналған энергетика жөніндегі 8-ші халықаралық форум мен «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» конференциясы шеңберінде басталған келісімдердің жалғасы саналады. Форумның ашылуына Чехия, Финляндия, Ресей, Грузия, Польша елдерінің энергетика салаларының басшылары, сондай-ақ Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Тор Файеран қатысты.
Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанада ЭКСПО базасында болашақ энергияларының инвестициялық жобалары мен жасыл технологиялардың халықаралық орталығы құрылатынын айтты. Ол өз кезегінде трансформациялық энергетикалық сектор мен жасыл бизнеске өтуге қатысты тапсырмаларды орындауға ықпал етеді. Орталық Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан мен Латын Америкасы елдерімен бірлесіп жұмыс атқарады. Ол ЭКСПО тәжірибесінің лайықты жалғасы болмақ.
Қ.Бозымбаев сондай-ақ алдағы жылдан бастап еліміз мұнай мен газ саласында жер қойнауын пайдалануға келісімшарттардың барлық түрлерін оңтайландыруды қарастырып отырғанын атап өтті. Осы ретте оларды бекіту мерзімін қысқартып, көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды, мұнай-газ шикізатының қоры бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшуді іске асыру көзделген. Сонымен қатар, министр мұнай өңдеуде энергия тиімділігінің жобалары енгізіліп жатқанын, мұнай өңдеуші зауыттардың үш жылда бір рет жөндеу кезеңіне көшірілгендігіне тоқталды. Қазақстан стратегиясы тек дәстүрлі энергетиканың жоғары көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар кезең-кезеңмен баламалы әрі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Соңғы жылдар баламалы энергетика көптеген елдердің үкіметтері тарапынан қолдауға ие болды, осы орайда Қазақстан да энергиялық балансқа баламалы және жаңғырмалы энергияны белсенді түрде енгізуге бағыт алды. Бұл тұрғыда оның жалпы көлемдегі үлесі 2050 жылға қарай 50 пайызды құрайтын болады. Мұнай-газ саласында бұрыннан тиімді ынтымақтастық орнатқан ірі корпорациялардың тәжірибесі бізге осы салада да пайдалы болады деп санаймыз. Сондықтан біз тиісті келіссөздерді жүргіздік және көптеген компаниялар аталған салада Қазақстанда жұмыс жүргізуге ниетті, деді министр.
ХІ KAZENERGY Еуразиялық форумында әлемдік энергетикалық компаниялар тұрақты энергетика көздерін тиімді басқару, энергия ресурстарының өндірілуін, сақталуын және пайдаланылуын бақылау, энергия көздеріне қол жеткізу, климаттың өзгеруі және көмірқышқыл газы шығарындыларын төмендету, баламалы энергия көздерінің пайдаланылуын ынталандыру, энергиялық тиімділік бойынша бағдарламаларды және «ақылды» энергетиканы енгізу, уран және атом саласын инновациялық тұрғыда дамыту сияқты мәселелер талқыланды.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»