Әдебиет • 08 Қыркүйек, 2017

Жазушылар не үшін керек?

2419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Көркем сөз – көңіл кілті» дейді,  Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов.

Жазушылар не үшін керек?

Осы бір сөздің санадағы суреті, керіліп жатқан ұзын-сонар кеңістік секілді елестейді. Себебі, көңіл дегеніңіз, шындап келгенде, адамның жан дүниесі, ішкі әлемі емес пе?!

Ендеше, сол бір құпия, жұмбақ әлемнің күнгейі мен көлеңкесін, ащысы мен тұщысын көпке жеткізетін тіл, тіл болғанда да, көркем сөз – әдебиет. Сондықтан да, кешегі, бүгінгі әдебиетіміз хақында сөз қозғап, сыр шертіп, сөз зергерлерінің, сондай-ақ, жастардың әңгіме, өлеңдерін жариялап отыратын Әдебиет бетінің шымылдығын ашпақпыз, қымбатты оқырман. Қабыл алыңыз!.. 

Марио Варгас Льоса: Ме­нің пайымдауымша, қара­пайым инженер мен сәулет­шілер кешпейтін дүниелер кәдімгі қалам ұстаған жазу­шылардың басынан өтіп жа­тады. Кейде адамдар өз­де­рінен «Жазушылар не үшін керек?» деп сұрайтын болар. Себебі, барлығы архи­тектордың, инженердің, тіпті дәрігердің де не үшін керегін біледі. Әңгіме жазушыға кеп тірелгенде, тіл ұшына түрлі шүбәлі ойлар оралады. Түрлі адамдар (ішінде мен де бармын) жазушының біздің қоғамға керек екендігін ұғынсақ та, бірақ дәл не үшін керек екендігін біле бер­мейміз. Сондықтан, Габриэльге қояр алғашқы сұра­ғым: қалай ойлайсың, жазу­шылар не үшін керек?

Габриэль Гарсиа Мар­кес: Мен өмірде өзге еште­ңеге де жарамайтынымды түсінгеннен соң, жазушы болдым. Әкемнің жеке дәрі­ханасы бар еді. Шын мәнінде, ол менің фармацевт болғанымды қалады және ол қалауын уақыт өте келе ауыстырды. Ал менде мүлде бөлек арман болды: менің адвокат болғым келді. Өйт­кені адвокаттар кинолар­да әрқашан жеңіп жүреді, қандай қиын жағдайларда да судьяларды ұтып отырады. Ал кейін… университетке түсіп, сонда оқып жүріп, түрлі қи­ындықтармен бетпе-бет келген соң, адвокаттыққа да жарамайтынымды тү­сіндім.

Содан соң, оның не үшін керек екендігін нақты ұғын­басам да, әңгіме жаза бас­тадым. Алғашында, маған «жазу» деген дүние ұнайтын, өйткені мен түрлі ақпарат құ­ралдарында жариялана бас­тадым. Содан соң, достарым мен таныстарыма ұнау үшін жазып жүргенімді түсіндім. Расында, нағыз шындығы осы еді. Кейін, өзімнің және өзге де қаламгерлердің жазу­шы­лық өнері туралы ойлай келе, күмәнсіз, жақсы романдардың нағыз әдебиет алдында өзін­дік өзгеше қызметі мен атқа­ратын міндеті бар екен­дігін ұғын­дым.

Бір нәрсе ақиқат: жазу­шылық – бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет. Ол қасиет кімге қонды, демек, сол адам жазуға тиіс. Өйткені, бастың сақинасы мен асқазанның түйткілін тек жазу ғана жеңе алады. Ол қасіреттен жазып қана құтыла алады.

Егер мен кітап жазуға отыр­сам, демек, мен қандай да бір тарихты баяндағым кел­гені. Оқырманға ұнайтын та­рихты. Мәселе, менің де ой-пікір дайындығында болуымда; ой- пікір дайындығы жазушы атаулының (егер ол тиянақты болса) барлығында болуға тиіс. Жазушы өз тарихын баяндар сәтінде әділ болуы тиіс, мысалы, қызыл телпек немесе партизан туралы повесті алайық; ал егер жазушы бұзылмайтын қамал сынды мықты көзқараста болса, бұл көзқарас, әлбетте, баяндағалы отырған тарихқа әсер етеді, яки өз сәулесін тү­сіреді. Әрине, бұл – шара­сыз­дық, шарасыздық алдын ала ой­ланбағандықтан туындайды.

«Латын Америкасын­да­ғы роман туралы диологтан» үзінді
Аударған 
Еділбек Дүйсенов