Спорт • 08 Қыркүйек, 2017

Жарыстар күнделігі

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі

Күрес
Афинада (Грекия) өтіп жат­қан күрес түрлерінен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінің балуандары жарысты аяқтады. Еліміздің жас балуандары бір күміс және бір қола медальға ие болды.

Әлем чемпионатының екінші күні кілемге шыққан төрт бірдей балуанымыз қола медаль үшін белдесуге шыққан еді. Өкінішке қарай, төртеудің арасынан тек Ерасыл Мамырбеков қана әлем чемпионатының жүлдегері атанды. 42 кило салмақта күрескен Ерасыл Мамырбеков жұбаныш белдесуде түрік балуанын 5:3 есе­бімен жеңді. Қола медальды үндістандық балуанмен сарапқа салған отандасымыз қарсыласын 2:1 есебімен жеңді.

Футзал
Футзалдан қазақ және әлем жанкүйерлеріне Какау есімі­мен танылған бразилиялық жат­тықтырушы Рикардо Камара Собрал футзалдан Қазақстан ұлт­тық құрамасын қайта жат­тықтыратын болды. 45 жас­та­ғы бапкер еліміздің бас құра­масын 2013-2016 жылдар ара­лығында жаттықтырған болатын. Осы жылдар аралығында Қазақстан құрамасы Какаудың бапкерлігімен 2016 жылғы әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалға шықса, дәл сол жылы Еуропа чемпионатында үшінші орын иеленген еді. 

Енді Ұлттық құрамада Ка­кауға «Қайрат» футзал клубындағы көмекшілері Марио Раулино мен Рабер Клеймар кө­мек­теседі. Какау «Қайрат» клу­бына баса көңіл бөлу үшін ұлт­тық құрамадағы қызметін 2016 жылы отандасы Алесиоға тап­сырған болатын. 

Ауыр атлетика
Ауыр атлетикадан Қазақстан құ­рамасына допинг ереже бұ­зу­шылықтарына байла­нысты АҚШ-тың Анахайм (Кали­фор­ния) қаласында өтетін 2017 жыл­ғы әлем чемпионатына қатысуға тыйым салынды, деп жазады insidethegames.biz басылымы.

Дереккөздің мәліметінше, допинг ереже бұзушылықтарына байланысты Қазақстаннан бө­лек, тағы сегіз мемлекетке дү­ниежүзілік додада өнер көрсетуге қатаң тыйым салынған екен. Олар – Ресей, Қытай, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Түркия, Украина және Молдавия. Осы аталған құрамаларды Бейжің және Лондон Олимпиадасындағы допинг-сынамаларын қайта тексеру нәтижесінде бірқатар зіл­теміршілердің ағзасынан тыйым салынған препараттар табылған. 

Халықаралық Ауыр атлетика федерациясының (IWF) ат­қару комитетіне осы аталған құрамаларға қатысты қандай шара қолдану керектігі жайында арнайы комиссия Будапештте қорытынды шығарған. 

Әзірлеген 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»