Мерекені ұйымдастырушы – облыстағы «Ситорай сомон» тәжік этномәдени бірлестігі. Ал «Ситорай сомон» деген сөз тәжік тілінен аударғанда «жарық жұлдыз» деген мағына білдіреді екен. Тәжіктер де өткенін көне шежіреден іздейді. Дәстүр бойынша, тамыздың соңына қарай ертелетіп карнайдан әуендер қалықтап, жұртты Қауын мерекесіне шақыратын болған. Сөйтіп, согди диқандары өсірген әртүрлі қауын түрлерін әкеліп, дәмділігімен қуантады. Олар қауынға деген өздерінің ризашылықтарын осылай білдірген екен. Тіпті, Тәжікстанның Гиссар деген кентінде қауын үлгісінде жасалынған шайхана да ашылыпты.
Мерекеге жиналғандарға әбден піскен қауынды қалай таңдау керектігі, қандай емдік қасиеттері бар екендігі айтылды. Саябақ ішінде жасалған үстел басында дәмді қауындар тілініп, жаңа піскен палаумен қосып жеп, жиналғандар бір жырғап қалды. Бір-бірімен қауынды жылдам жеуден жарыс өткізіп, түрлі ойындар ұйымдастырылды.
– Қазіргі уақытта өңірде 500-дей тәжік ұлтының өкілі тұрамыз. Негізі, тәжіктердің көбі Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді. Қазір солтүстікке қарай көшу жайлы естіп, осы жаққа келгісі келетіндер де бар. Осыдан төрт жылдай уақыт бұрын облыс орталығында тәжік зиялыларының қолдауымен «Ситорай сомон» этномәдени бірлестігі құрылды. Біздің бірлестік те басқалар секілді, аймақтағы барлық мәдени шараларға қатысамыз. Бүгінгі мереке барысында ұлтымыздың салт-дәстүрі, ұлы адамдары, тағамдары, мәдениеті, қолөнері, музыкалық аспаптары, қауынның өзіндік құпиялары жайлы айтып, Омар Хайямның рубаяттарын жырладық, – дейді бірлестік жетекшісі Хусайн Гулов.
Облысымызда айналымнан ат оздырған тәжік азаматтары көп. Мысалы, 90-жылдары Қашыр ауданы, Тереңкөл ауылына келіп, тұрақтап қалған Якуб Джабинов Тәжікстанның өнер институтын бітіріпті. Шәмшінің әндерін нақышына келтіре шырқайды. Өңірлік Ассамблеяның белді мүшесі. Қазір осы ауылда Мамадәливтердің отбасы да өз кәсіптерін ашып, жылыжайда қияр, қызанақ өсіруде. Қауын мерекесінің соңында Якуб Джабинов, Достық үйінің хореографиялық ансамбльдері туған жер, ел, достық, бірлік туралы әндер шырқап, би биледі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суреттерді түсірген
Мақсат АЙТБАЙ