Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2017

Ақын атындағы аламан

550 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың атындағы «Дү­ниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр мүшәйрасы өтті. 

Ақын атындағы аламан

Қара­ғанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы биыл игі шараны облыс орталығындағы Қасым ескерткішінің алдында ұйымдастырды. Дәстүрлі бәйгеде облыстың қазақ және орыс тілдерінде жыр жаза­тын ақындары бақ сынады. Мү­шәйраға 18 бен 40 жас ара­­лы­­ғындағы барлығы 23 үміткер өлең ұсынған болатын. Оның ішінде екі шығарма орыс тілінде жазылған. Байқау шар­­ты бойынша үміткерлер Қа­сым Аманжоловқа және ер­кін тақырыпқа арналған екі өлеңнен тапсырды. Мүшәйра қорытындысында бас жүл­де облыстық «Орталық Қаза­қ­стан» газетінің бөлім меңге­ру­шісі, «Серт» кітабының ав­торы, жас ақын Жәнібек Әли­манға бұйырды. Бірінші орынды да облыстық «Орталық Қа­зақ­стан» газетінің аға тіл­шісі Р.Қабидолдин алса, екін­ші жүлде Ж.Шалқар мен Н.Кра­мерға бөлініп берілді. Ал үшін­ші орынға А.Құмай, А.Орай, Б.Ноғайбайұлы лайық­ты деп танылды. Мүшәйра жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сый­лықтармен марапатталды. 

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасының аясында және Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өтті.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы