– Абзал Сапарбекұлы, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның елімізге ресми сапары басталады. Бұл сапар біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстарды қандай жаңалықтармен толықтырады?
– Бұл ресми сапардың Қазақстан мен Түркия – екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастардың даму тұрғысынан келгенде маңызы зор. Өйткені биыл өзара дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай, біз үшін бұл айтулы жыл. Екі ел арасында екіжақты әрі халықаралық саяси-экономикалық мәселелерден бастап, энергетика, жүк тасымалы, қаржы секторы, өзара инвестиция, т.б. бағыттарда мүдделері түйісіп жатыр.
Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоған Қазақстанға ресми сапарының аясында алғашқы рет инновациялар мен технологиялар тақырыбында Астанада өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) саммитіне және ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу рәсіміне қатысады.
2016 жылы Ыстанбұлда өткен ИЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары «Исламды татуластыру туралы» бірлескен Декларация қабылдаған болатын. Түрік тарабының осы жылы ИЫҰ-да төрағалық етуіне орай, Түркия басшысының аталған іс-шараға қатысуы екі ел үшін де маңызы зор.
Жалпы, Түркия – біздің стратегиялық әріптесіміз және табиғи одақтасымыз. Түркия Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы қазіргі жетістіктері мен рөлін объективті түрде бағалайды, аймақтағы ең маңызды әріптес ретінде есептейді. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму динамикасы, халықтарымыздың ортақ тарихи, рухани және мәдени құндылықтары стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға берік негіз болып отыр. Мемлекеттеріміз саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы 2023 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын өткізеді. Ұлттық-патриоттық сана-сезімде тәрбиеленген түрік саңлақтарының атқарған орасан зор еңбектерінің нәтижесінде әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарында. Түркия Президенті Р.Ердоған төрағалық ететін Әділет және даму партиясы Түркияның дамуына және екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне зор септігін тигізіп келеді.
– Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қалай бағалайсыз? Сауда және инвестиция саласында өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің жолдары қалай деп ойлайсыз?
– Қазақстанда 1600-дан астам түрік компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына шамамен 2,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд АҚШ доллардан асатын құрылыс жобаларын жүзеге асырды.
Түркияның геостратегиялық орналасуы, Шығыс пен Батысқа ортақ әлеуметтік-мәдени сипаты, сондай-ақ құқықтық саяси жүйесі, бұл елге деген қызығушылықты арттырып отырғаны рас. Дей тұрғанмен, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жетістіктері мен өзара салынған инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтіндігін айта кеткен жөн. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы мәселеге жете назар аударып, сауда-экономикалық саланың дамуына және жаңа деңгейге көтерілуіне мән беріп келеді. Сондықтан, сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселесі Қазақстан мен Түркия басшылығының қамқорлығымен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында қолға алынды. Бағдарлама, жоғарыда айтып кеткеніміздей, екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шарттың негізінде құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің (ЖДСЫК) жұмысы аясында жасақталып, «Жаңа синергия» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде Іс-шаралар жоспарының бір кезеңі аяқталды. Түркия Президентінің Қазақстанға сапары аясында 2017-2020 жылдарға арналған жаңа Іс-шаралар жоспары қабылданады деп межеленген.
Екі бауырлас ел арасындағы сауда айналымы мен өзара инвестицияларды көтеру мәселелері бойынша қарқынды жұмыс жалғасын табуда. Осы орайда екі мемлекет басшыларының қойған ортақ мақсаты бар – екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін 10 млрд АҚШ доллары мөлшеріне жеткізу. Сондықтан Президенттердің алдымызға қойған мақсатқа қарай жұмыс істеу – ортақ міндетіміз. Түркия тарабы ұдайы қолдауын білдіріп, күрмеуі күрделі мәселелердің шешілуіне атсалысуда.
Жақында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстан-Түркия Үкіметаралық экономикалық комиссиясының X отырысының жұмыс тобының жиыны өтті. Комиссияның отырысы барысында сауда-экономикалық мәселелердің кең ауқымы, атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша, соның ішінде өзара сауда, инвестиция, көлік, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық сынды 32 бағытта өзекті мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асыру және іс-шаралар жоспарын талқылау бойынша тараптардың жұмыс топтары кездесті.
Қазір әлем дипломатияның экономикалық сипатына басымдық бере бастады. «Bain&Co Türkiye» мен Түркияның «DEİK» Сыртқы экономикалық қарым-қатынастар агенттігінің бірлесе отырып әзірлеген баяндамасында түрік инвесторларының 2016 жылға дейінгі 10 жылдық кезеңде шетелге 36 млрд доллар көлемінде инвестиция құйғаны айтылды. 2023 жылға дейін тағы да 64 млрд доллар көлемінде шетелге инвестиция құюы әбден мүмкін. Сондықтан осы инвестициялық ағыннан Қазақстанның да қомақты үлес алуы басты міндетіміз.
– Осыдан бірер жыл бұрын сарапшылар «Жезқазған – Бейнеу» темір жол магистралін жаңадан салынып жатқан Ахалкалаки (Грузия) – Карс (Түркия) темір жол желісімен түйістіру мүмкіндігі қарастылуда» деген еді. Егер, бұл жоба жүзеге асса Баку және Ыстанбұл порттары арқылы жаңа Мармарай темір жол туннелімен Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік туар еді. Түркия билігінің бұл жоба жайлы ұстанымы қандай?
– Қазақстан мен Түркияның географиялық мүмкіндіктерін толық пайдалану мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту өте маңызды. Екі мемлекет арасындағы тауар тасымалдау шығындарының жоғары болуы екіжақты саудаға, транзиттік тасымалдауға және экспорттық әлеуетімізге кері әсерін тигізіп отыр. Баку – Тбилиси – Карс темір жол торабының іске қосылуы арқылы өзара және транзиттік жүк тасымалдары артады деп үміттенуге болады. Өз кезегінде Анкара Түркия аумағы арқылы өтетін темір жол торабына шындап назар аудара бастады. Азия мен Еуропаны жалғайтын «Мармарай» темір жол туннелін іске қосты.
Баку – Тбилиси – Карс темір жол торабының іске қосылуы бастапқы кезеңде жылына 1 млн жолаушы және 6,5 млн тонна жүк тасымалдайды деп болжанған. Осы бағыт іске қосылған кезде Қазақстанның өз ұтымды үлесін алады. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттердің темір жол әкімшіліктері арасында ортақ компания құру немесе тиімді механизм енгізу арқылы тауарлардың жедел және тиімді тасымалдауына оң септігін тигізер еді.
– Түркияның Орталық Азия мемлекеттерімен және Қытаймен сауда-саттық саласы бойынша Ақтау қаласын логистикалық орталық ретінде қарайтынын білеміз... Түрік ағайындар тарапынан нақты ұсыныстар бар ма?
– Түркия Үкіметінің негізгі аймақтарда (Еуропа, Азия және т.б.) осындай көліктік-логистикалық орталықтарын дамытып, осы өңірлер арқылы көршілес мемлекеттермен сауда-саттығын арттыруды көздейтіні аян. Ақтау өңірінің көліктік қолайлылығы (теңіз портының және темір жолы торабының барлығы, көршілес мемлекеттерге жақындығы, т.б.) осындай шешім қабылдауына түрткі болды. Осыған дәлел ретінде Түркия Республикасының Ақтау қаласында консулдық бөлімшесінің ашылғанын, сонымен қатар «Ақтау» теңіз портын қайта жаңғыртуға және логистикалық орталық салуға ниет білдіргенін атап өтуге болады. 2016 жылғы 6 ақпанда сол кездегі Түркия Премьер-Министрі А.Давутоғлудың Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында Түркияның Халықаралық тасымалдаушылар ұйымы өз қаражатына Ақтау қаласында 100 автокөліктік логистикалық орталық салуға өтініш білдірген.
Осыған орай, Ақтау өңірінде Қазақ-Түрік индустриалдық аймақ құру арқылы Түркиядан тікелей инвестиция тарту мүмкіндігін қарастыру – ұтымды іс. Сонымен қатар, көліктік-логистикалық орталық құру арқылы «Каспий бағытын» жандандыруға болады деп ойлаймыз.
– Түркия Республикасымен көршілес мемлекет Сирияда болып жатқан қақтығыстар елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайына елеулі ықпалын тигізіп жатыр ғой. Оны бейбіт жолмен оң шешімін іздеген Астана процесінің мүмкіндігін Түркияның саяси элитасы қалай бағалайды?
– Сирияда белең алған азаматтық соғыстың нәтижесінде сириялық босқындарға пана болып отырған бірден-бір мемлекеттің, сөзсіз Түркия екендігі рас. Қазіргі кезде осы мемлекетте 3 миллионнан астам босқындар қоныс тепкен. Әрине, бұл ахуал елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді, бірақ гуманитарлық тұрғыдан алғанда, Анкара сириялық босқындарға жәрдем көрсетіп келеді.
Осы орайда, сириялық мәселені шешу бойынша Астана процесі Түркия үшін де аса маңызды. Түркия Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Н.Куртулмуш аталған процеске: «Түркия Сирия мен Ирактағы қантөгісті тоқтатуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Деэскалация аумақтарын құру туралы шешім бір күннің ішінде қабылданған жоқ. Бұл – Астана процесінің нәтижесі. Сондықтан Сирияда бейбіт өмір орнатуға барынша күш саламыз», – деп еді. Осындай көзқарасты Түркия Президентінің ресми өкілі және баспасөз хатшысы И.Калын да ұстанады. Оның ойынша, Түркия үшін Астана процесінің маңызы орасан зор. Ал Түркияның Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Үналдың пікірінше, Астана процесі аясында Сирияда үш деэскалация аймағы құрылғаннан кейін жәбір көрушілер мен зардап шегушілердің саны күрт азайғанын байқауға болады.
Астанадағы бес кездесудің нәтижесінде Ресей, Түркия және Иран өкілдері деэскалация аймақтары туралы меморандумға қол қойған соң, Сириядағы әскери-саяси және гуманитарлық жағдай түзеле бастады. Расында, бұл бастама Елбасымыздың және қазақ дипломатиясының жеңісі болды.
– Халықтарды, елдерді жақындататын сөзсіз руханият. Осы салада қыруар жұмыстар атқарып отырсыздар. Алдағы уақытта қазақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аудару мәселесі жалғаса бере ме?
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қазақ руханиятын, рухани байлығын, мәдениеті мен әдебиетін, өнер мен ғылымын насихаттау жұмыстары қарқынмен жалғасып отыр. Түркияда шығармашылық орталықтармен, ғылыми-зерттеу орталықтармен орнатқан тығыз байланыстың нәтижесінде Қазақстанның имиджін қалыптастыру бағытында мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы елшілік тарапынан түрік тіліне аударылып, «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын» іске асыру мақсатында Түркия Президентіне тапсырылды. Сондай-ақ, басқа да Түркияның белді-беделді мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне жеткізу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, аталмыш мақаланың толық нұсқасы түрік тілінде Түркиядағы «Өнже Ватан» газетінде, Еуразия Жазушылар одағына қарасты «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты халықаралық әдеби журналында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесіне қарасты «Азия-Еуропа» журналында, Түркиядағы қазақ диаспорасына қарасты «Қазақ елі» журналында және Түркия Ғылым және әдебиет туындылары авторларының одағына қарасты «ИЛЕСАМ» журналында жарық көрді.
Елшіліктің қолдауымен соңғы екі жылдың ішінде 30-ға жуық қазақ көркем шығармасы түрік тілінде жарық көрді. Дегенмен аударма мәселесін одан әрі дамыту, шетелде кітап шығару және аудармашыға тиісінше қолдау көрсету мемлекеттік бағарламаның еншісінде жүйелі түрде дамуы қажет деген ойдамыз. Қазақ қаламгерлерінің кітаптарын түрік тілінде жарыққа шығару бойынша жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз. Жылдың аяғына дейін бірнеше қазақ шығармаларын шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Еуразиялық континентте түркі халықтары аз емес және олардың ортақ мүдделері де жоқ емес. Мүмкін, жалпы түркі елдерінің бір ортақ ұйымы керек деген пікір жиі айтылғанмен, саяси байланыстардың, ел басшылары саммиттерінің жұмысын реттейтін арнайы саяси институттар жоқ қой. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазіргі кезде түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған халықаралық ұйымдар мен түрлі деңгейдегі қауымдастықтар бар. Түркі интеграциясы бойынша ең жоғарғы деңгейдегі күн тәртібін белгілейтін, түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін ұйымдастырып отыратын Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі деп аталатын халықаралық ұйым өз жұмысын жалғастырып келеді. 2009 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйым сіз айтқан ортақ түркі мүддені қорғау бағытында ынтымақтастық шараларын ұйымдастыруда. Елордамыз Астана төрінде әлемде теңдесі жоқ Халықаралық Түркі академиясы күллі түркі әлемнің түркология саласы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда халықаралық ғылым ордасына, ғылымның қарашаңырағына айналып үлгерді. Сол сияқты 2008 жылы Ыстанбұлда құрылған Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы халықаралық ұйым ретінде мүше елдердің заңнамалық үйлестіру бойынша жұмыстарын ілгерілетіп отыр. Сонымен қатар, түркі мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ ұйымының орны да ерекше.
Қазіргі таңда әр салада мүше мемлекеттердің қолдауымен түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған ұйымдар осылар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист