Ұтымды істің ұйытқысы – экономикалық мүддеде

Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы 2017 жылдың сәуір айында, елші қызметіне тағайындалғанға дейін Халықаралық Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары болды. Түркі әлемі, қазақ-түрік қатынасындағы саяси, мәдени және экономикалық байланыстарының қыр-сырымен жақын таныс. Таяу күндерде Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға ресми сапары жоспарланған. Осыған байланысты Қазақстанның Түркиядағы елшісімен сұхбатты ұсынамыз. 

 
Егемен Қазақстан
08.09.2017 1966
2

– Абзал Сапарбекұлы, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның елімізге ресми сапары басталады. Бұл сапар біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстарды қандай жаңалықтармен толықтырады?

– Бұл ресми сапардың Қазақстан мен Түркия – екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастардың даму тұрғысынан келгенде маңызы зор. Өйткені биыл өзара дип­ло­ма­тиялық қарым-қатынастардың ор­на­ғанына 25 жыл толуына орай, біз үшін бұл ай­тулы жыл. Екі ел арасында екіжақты әрі ха­лықаралық сая­си-экономикалық мәселе­лер­ден бастап, энер­гетика, жүк тасымалы, қаржы секторы, өзара инвестиция, т.б. бағыттарда мүдделері түйісіп жатыр. 

Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоған Қазақстанға ресми сапарының аясында алғашқы рет инновациялар мен технологиялар тақырыбында Астанада өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) саммитіне және ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу рәсіміне қатысады. 
2016 жылы Ыстанбұлда өткен ИЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары «Исламды татуластыру туралы» бірлескен Декларация қабылдаған болатын. Түрік тарабының осы жылы ИЫҰ-да төрағалық етуіне орай, Түркия басшысының аталған іс-шараға қатысуы екі ел үшін де маңызы зор.

Жалпы, Түркия – біздің стратегиялық әріптесіміз және табиғи одақтасымыз. Түркия Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы қазіргі жетістіктері мен рөлін объективті түрде бағалайды, аймақтағы ең маңызды әріптес ретінде есептейді. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму динамикасы, ха­лық­тарымыздың ортақ тарихи, рухани жә­не мәдени құндылықтары стратегиялық әріп­тестікті одан әрі дамытуға берік негіз бо­лып отыр. Мемлекеттеріміз саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. 

Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы 2023 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын өткізеді. Ұлттық-патриоттық сана-сезімде тәрбиеленген түрік саңлақтарының атқарған орасан зор еңбектерінің нәтижесінде әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарында. Түркия Президенті Р.Ердоған төрағалық ететін Әділет және даму партиясы Түркияның дамуына және екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне зор септігін тигізіп келеді. 

– Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қалай бағалайсыз? Сауда және инвестиция саласында өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің жолдары қалай деп ойлайсыз?

– Қазақстанда 1600-дан астам түрік компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына шамамен 2,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд АҚШ доллардан асатын құрылыс жобаларын жүзеге асырды. 

Түркияның геостратегиялық орналасуы, Шығыс пен Батысқа ортақ әлеуметтік-мәдени сипаты, сондай-ақ құқықтық саяси жүйесі, бұл елге деген қызығушылықты арттырып отырғаны рас. Дей тұрғанмен, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жетістіктері мен өзара салынған инвестиция­лар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтіндігін айта кеткен жөн. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы мәселеге жете назар аударып, сауда-экономикалық саланың дамуына және жаңа деңгейге көтерілуіне мән беріп келеді. Сондықтан, сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселесі Қазақстан мен Түркия басшылығының қамқорлығымен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында қолға алынды. Бағдарлама, жоғарыда айтып кет­кеніміздей, екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шарттың негізінде құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің (ЖДСЫК) жұмысы ая­сында жасақталып, «Жаңа синергия» бағ­дарламасын жүзеге асыру жөнінде Іс-шара­лар жоспарының бір кезеңі аяқталды. Түркия Президентінің Қазақстанға сапары аясында 2017-2020 жылдарға арналған жаңа Іс-шаралар жоспары қабылданады деп межеленген. 

Екі бауырлас ел арасындағы сауда айналымы мен өзара инвестицияларды көтеру мәселелері бойынша қарқынды жұмыс жал­ғасын табуда. Осы орайда екі мемлекет бас­шы­ларының қойған ортақ мақсаты бар – екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін 10 млрд АҚШ доллары мөлшеріне жеткізу. Сон­дықтан Президенттердің алдымызға қой­ған мақсатқа қарай жұмыс істеу – ортақ міндетіміз. Түркия тарабы ұдайы қолдауын білдіріп, күрмеуі күрделі мәселелердің шеші­луіне атсалысуда. 

Жақында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстан-Түркия Үкіметаралық экономи­ка­лық комиссиясының X отырысының жұ­мыс тобының жиыны өтті. Комиссияның отырысы барысында сауда-экономикалық мәселелердің кең ауқымы, атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша, соның ішінде өзара сауда, инвестиция, көлік, энергетика, өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы, туризм, шағын және орта биз­несті дамыту, ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық сынды 32 бағытта өзекті мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге асыру және іс-шаралар жоспарын талқылау бойынша тараптардың жұмыс топтары кездесті.

Қазір әлем дипломатияның экономикалық сипатына басымдық бере бастады. «Bain&Co Türkiye» мен Түркияның «DEİK» Сыртқы экономикалық қарым-қатынастар агенттігінің бірлесе отырып әзірлеген баяндамасында түрік инвесторларының 2016 жылға дейінгі 10 жылдық кезеңде шетелге 36 млрд доллар көлемінде инвестиция құйғаны айтылды. 2023 жылға дейін тағы да 64 млрд доллар көлемінде шетелге инвестиция құюы әбден мүмкін. Сондықтан осы инвестициялық ағыннан Қазақстанның да қомақты үлес алуы басты міндетіміз.

– Осыдан бірер жыл бұрын сарапшы­лар «Жезқазған – Бейнеу» темір жол ма­ги­стралін жаңадан салынып жатқан Ахал­калаки (Грузия) – Карс (Түркия) темір­ жол желісімен түйістіру мүмкіндігі қа­рас­тылуда» деген еді. Егер, бұл жоба жү­зеге асса Баку және Ыстанбұл портта­ры арқылы жаңа Мармарай темір жол тун­не­лі­мен Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік т­уар еді. Түркия билігінің бұл жоба жайлы ұс­танымы қандай?

– Қазақстан мен Түркияның географиялық мүмкіндіктерін толық пайдалану мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту өте маңызды. Екі мемлекет арасындағы тауар тасымалдау шығындарының жоғары болуы екіжақты саудаға, транзиттік тасымалдауға және экспорттық әлеуетімізге кері әсерін ти­гізіп отыр. Баку – Тбилиси – Карс темір жол то­ра­бының іске қосылуы арқылы өзара және тран­зиттік жүк тасымалдары артады деп үміт­тенуге болады. Өз кезегінде Анкара Түр­кия аумағы арқылы өтетін темір жол торабына шындап назар аудара бастады. Азия мен Еуропаны жалғайтын «Мармарай» темір жол туннелін іске қосты.

Баку –  Тбилиси – Карс темір жол торабының іске қосылуы бастапқы кезеңде жылына 1 млн жолаушы және 6,5 млн тонна жүк тасымалдайды деп болжанған. Осы бағыт іске қосылған кезде Қазақстанның өз ұтымды үлесін алады. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттердің темір жол әкімшіліктері арасында ортақ компания құру немесе тиімді механизм енгізу арқылы тауарлардың жедел және тиімді тасымалдауына оң септігін тигізер еді.

– Түркияның Орталық Азия мем­ле­кет­терімен және Қытаймен сау­да-сат­т­ық саласы бойынша Ақтау қала­сын ло­гис­ти­калық орталық ретінде қарай­ты­нын бі­ле­міз... Түрік ағайындар тарапынан нақты ұсы­ныстар бар ма?

– Түркия Үкіметінің негізгі аймақтарда (Еуропа, Азия және т.б.) осындай көліктік-ло­гис­тикалық орталықтарын дамытып, осы өңір­лер арқылы көршілес мемлекеттер­мен сау­да-саттығын арттыруды көз­дейтіні аян. Ақтау өңірінің көліктік қолайлылығы (теңіз портының және темір жолы торабының барлығы, көршілес мем­лекет­терге жақындығы, т.б.) осындай шешім қабылдауына түрткі болды. Осыған дә­лел ретінде Түркия Республикасының Ақ­тау қаласында консулдық бөлімшесінің ашыл­ғанын, сонымен қатар «Ақтау» теңіз пор­тын қайта жаңғыртуға және логистикалық орталық салуға ниет білдіргенін атап өтуге болады. 2016 жылғы 6 ақпанда сол кездегі Түркия Премьер-Министрі А.Давутоғлудың Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында Түркияның Халықаралық тасымалдаушылар ұйымы өз қаражатына Ақтау қаласында 100 автокөліктік логистикалық орталық салуға өтініш білдірген. 

Осыған орай, Ақтау өңірінде Қазақ-Түрік индустриалдық аймақ құру арқылы Түркиядан тікелей инвестиция тарту мүмкіндігін қарас­ты­ру – ұтымды іс. Сонымен қатар, көлік­тік-ло­ги­стикалық орталық құру арқылы «Каспий ба­ғы­тын» жандандыруға болады деп ойлаймыз.

– Түркия Республикасымен көрші­лес мемлекет Сирияда болып жатқан қақ­ты­ғыс­тар елдің әлеуметтік, экономикалық жә­не саяси жағдайына елеулі ықпалын тигізіп жатыр ғой. Оны бейбіт жолмен оң шешімін іздеген Астана процесінің мүмкіндігін Түркияның саяси элитасы қалай бағалайды?

– Сирияда белең алған азаматтық соғыстың нәтижесінде сириялық босқындарға пана болып отырған бірден-бір мемлекеттің, сөз­сіз Түркия екендігі рас. Қазіргі кезде осы мемлекетте 3 миллионнан астам босқындар қоныс тепкен. Әрине, бұл ахуал елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына кері әсерін ти­гізеді, бірақ гуманитарлық тұрғыдан алған­да, Анкара сириялық босқындарға жәрдем көрсетіп келеді.

Осы орайда, сириялық мәселені шешу бойынша Астана процесі Түркия үшін де аса маңызды. Түркия Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Н.Куртулмуш аталған процеске: «Түркия Сирия мен Ирактағы қан­тө­гісті тоқтатуға бағытталған барлық бастама­ларды қолдайды. Деэскалация аумақтарын құ­ру туралы шешім бір күннің ішінде қабыл­данған жоқ. Бұл – Астана процесінің нәтижесі. Сондықтан Сирияда бейбіт өмір орнатуға барынша күш саламыз», – деп еді. Осындай көзқарасты Түркия Президентінің ресми өкілі және баспасөз хатшысы И.Калын да ұстанады. Оның ойынша, Түркия үшін Астана процесінің маңызы орасан зор. Ал Түркияның Сыртқы іс­тер министрінің орынбасары С.Үналдың пікірінше, Астана процесі аясында Сирияда үш деэскалация аймағы құрылғаннан кейін жәбір көрушілер мен зардап шегушілердің саны күрт азайғанын байқауға болады.

Астанадағы бес кездесудің нәтижесінде Ресей, Түркия және Иран өкілдері деэскала­ция аймақтары туралы меморандумға қол қойған соң, Сириядағы әскери-саяси және гуманитарлық жағдай түзеле бастады. Ра­сында, бұл бастама Елбасымыздың және қазақ дипломатиясының жеңісі болды.

– Халықтарды, елдерді жақындататын сөз­сіз руханият. Осы салада қыруар жұмыс­тар атқарып отырсыздар. Алдағы уақытта қа­зақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аудару мәселесі жалғаса бере ме? 

– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қазақ руханиятын, рухани байлығын, мәдениеті мен әдебиетін, өнер мен ғылымын насихаттау жұмыстары қарқынмен жалғасып отыр. Түркияда шығармашылық орталықтармен, ғылыми-зерт­теу орталықтармен орнатқан тығыз бай­ла­ныстың нәтижесінде Қазақстанның ими­джін қалыптастыру бағытында мәдени-гу­манитарлық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы елшілік тарапынан түрік тіліне аударылып, «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын» іске асыру мақсатында Түркия Президентіне тапсырылды. Сондай-ақ, басқа да Түркияның белді-беделді мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне жеткізу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, аталмыш мақаланың толық нұсқасы түрік тілінде Түркиядағы «Өнже Ватан» газетінде, Еуразия Жазушылар одағына қарасты «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты халықаралық әдеби журналында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкі­лет­ті кеңесіне қарасты «Азия-Еуропа» журна­лында, Түркиядағы қазақ диаспорасына қарасты «Қазақ елі» журналында және Түркия Ғылым және әдебиет туындылары авторларының одағына қарасты «ИЛЕСАМ» журналында жарық көрді.

Елшіліктің қолдауымен соңғы екі жылдың ішінде 30-ға жуық қазақ көркем шығармасы түрік тілінде жарық көрді. Дегенмен аударма мәселесін одан әрі дамыту, шетелде кітап шығару және аудармашыға тиісінше қолдау көрсету мемлекеттік бағарламаның еншісінде жүйе­лі түрде дамуы қажет деген ойдамыз. Қа­зақ қаламгерлерінің кітаптарын түрік тілінде жарыққа шығару бойынша жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз. Жылдың аяғына дейін бірнеше қазақ шығармаларын шығаруды жоспарлап отырмыз. 

– Еуразиялық континентте түркі халық­та­ры аз емес және олардың ортақ мүдделері де жоқ емес. Мүмкін, жалпы түркі елдерінің бір ортақ ұйымы керек деген пікір жиі ай­тылғанмен, саяси байланыстардың, ел басшылары саммиттерінің жұмысын рет­тейтін арнайы саяси институттар жоқ қой. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазіргі кезде түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған халықаралық ұйымдар мен түрлі деңгейдегі қауымдастықтар бар. Түркі интеграциясы бойынша ең жоғарғы деңгейдегі күн тәртібін белгілейтін, түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін ұйымдастырып оты­ратын Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақтастығы кеңесі деп аталатын халықаралық ұйым өз жұмысын жалғастырып келеді. 2009 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен құрылған ұйым сіз айтқан ор­тақ түркі мүддені қорғау бағытында ын­ты­мақ­тастық шараларын ұйымдастыруда. Ел­ордамыз Астана төрінде әлемде теңдесі жоқ Халықаралық Түркі академиясы күллі түр­кі әлемнің түркология саласы бойынша зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда ха­­лықаралық ғылым ордасына, ғылымның қа­рашаңырағына айналып үлгерді. Сол сияқты 2008 жылы Ыстанбұлда құрылған Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы халықаралық ұйым ретінде мүше елдердің заңнамалық үйлестіру бойынша жұмыстарын ілгерілетіп отыр. Сонымен қатар, түркі мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ ұйымының орны да ерекше.
Қазіргі таңда әр салада мүше мемлекеттердің қолдауымен түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған ұйымдар осылар. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Гүлбаршын САБАЕВА, 
журналист
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.11.2018

Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады

20.11.2018

Қайырымды қала тұрғындары тегін дүкен ашты

20.11.2018

Гүлшара Әбдіқалықова Албания Республикасының Еуропа істері және сыртқы істер министрімен кездесті

20.11.2018

Қ.Тоқаев Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрі Д.Бушатиді қабылдады

20.11.2018

Павлодардағы электр қуаты 4 процентке төмендеді

20.11.2018

Түркі киносын әлемге таныту тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті

20.11.2018

Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде көшелерді жарықтандыру жобасы іске асырылады

20.11.2018

Павлодарда Елбасының өмірі туралы көрініске әртістер таңдалуда

20.11.2018

Түркістанда «Agrofest – 2018» фестивалі өтті

20.11.2018

Албанияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді

20.11.2018

«Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Жетпіс мың адамның жалақысы өседі

20.11.2018

Алматыда жаңа комедиялық фильмнің тұсауы кесілді

20.11.2018

Түркістан аймағының Берлинде басылған көне картасы

20.11.2018

Алматыда «Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Талғат Ешенұлы. Жүрегі бар жалғыз үй

20.11.2018

Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады

20.11.2018

Қазақ ғалымы Швецияда су тазартудың экологиялық таза әдісін ойлап тапты

20.11.2018

«Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» басқармаларының жаңа төрағалары тағайындалды

20.11.2018

Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея басшылығымен кездесті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу