Негізінен Ә.Нұрмағанбетов жұмыспен қамту орталығына 2016 жылы барып тіркеліпті. Жарты жылдай оқып, тиісті сертификатын алған болашақ кәсіпкерге несие беру туралы шешім қабылданыпты. Бұланды ауданы жұмыспен қамту орталығының маманы Айдар Жаровтың айтуынша, былтыр несие алған кәсіпкер өндірісті тек биылғы жылдың басында іске қоса алыпты. Әйтсе де оның бұл қадамы әзірге сәтті басталып отыр. 3 миллион теңгеге кәсіпкер құрал-жабдықтар мен тиісті шикізат сатып алып, ғимаратты жалға алып, жұмысшылар жалдаған. Осылайша ол өзінің алғашқы миллион теңге табысын тапқаны қуанышты хабар болды.
«Біз ағаш сатып алып, оны өңдейміз, кейін одан демалушылар үшін жазғы баспана, монша, үстел және өзге де дүниелер жасаймыз. Өндірісті 2017 жылдың қаңтарында іске қостық. Ағымдағы жылдың мамыр айына дейін менде жеңілдікті кезең, бизнесті дамыту үшін өте ыңғайлы», дейді Ә.Нұрмағанбетов.
Оның шағын кәсіпорны тапсырысты 16-22 күнде орындайды екен. Жұмысшылардың жалақысы 40 пен 80 мың теңге аралығында көрінеді. Алғашқы миллион теңге табыс тапқан жас кәсіпкер ІІІ топтағы мүгедек. Бір кездері күреспен айналысқан жақсы спортшы да екен. Алайда, жарақат алып, спортты тастауына тура келген. Қиындықтан қаймықпаған кәсіпкер өзін басқа қырынан танытып, енді қолға алған кәсібін кеңейтпек ойда екендігін айтып қалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы