Жиында «Kahramaa» кәсіпорнының өкілдері елдегі энергияны үнемдеу және су ресурстарын сақтау саласындағы жұмыс нәтижелерін ұсынды. Мәселен, 2015 жылдан бастап онда су тұтынуды 35 пайызға, ал электрді 20 пайызға қысқартқан. Мемлекеттің табиғи ресурстарды сақтау туралы жаңа заңына сәйкес, «Kahramaa» бірқатар технологияларды әзірлеуде, олардың арасында ғимараттарды энергиямен қамтамасыз етуге арналған күн сәулесі қуатын пайдалану, сумен жылыту жобалары бар. Сондай-ақ, су жылытқыш, тоңазытқыш, мұздатқыш және кіржуғыш машиналары үшін электр энергиясы өнімділігінің ең төменгі стандартын енгізілуде.
Форумда Қатар университеті бірегей стадионның жоспарын таныстырды. Онда 2022 жылы ФИФА футбол ойындарынан әлем чемпионатын өткізу жоспарлануда. Осы шараға орай бой көтеретін нысанға салқындатудың инновациялық жүйесі енгізілмек. Онда арнайы технология салқын желді стимуляциялау және ауа сергіткіштерді қолданып, спортшылар мен көрермендер үшін қолайлы температураны сақтап тұруға мүмкіндік береді.
Қатар университетінің профессоры, доктор Сауд Гхани әлем чемпионаты өтетін нысандардың құрылысшылары қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын да әңгімеледі. «Оқу орны ғалымдары 35-40 градустық ыстықта 15 градустық температураны ұстап тұратын салқындату технологиясын ойлап тапты. Бұл ойынға ел қазынасынан жоғары деңгейде қаржы бөлінуде. Әлемдік додада ойнайтын Қазақстан құрамасына да сәттілік тілеймін», деді доктор.
Жиын барысында қазақстандық бизнесмендер қатарлық «жасыл» технология жобаларына қызығушылық танытып, іскерлік байланыс орнатуға уағдаласты.
Қазақстан мен Қатар маңызды экономикалық әріптестер болып табылады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 746,5 мың АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 647,6 мың доллар болса, импорт – 98,9 мың доллар.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»