19 Қазан, 2011

Аққу ақынның жыр кеші

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Марфуға Айтқожа қазақтың басқаларға ұқсай бермес тағдыр­лы да талантты ақыны, оның жы­ры сұлу, жаны нәзік. Ал, осы нә­зіктігінде тобылғы бүрлегендей қайсарлық бар. Қазақтың осынау аққу ақынының ел мен жерді елжірей сүюінде жан тереңінен шық­қан сағынышты зар, кейде ақ жаңбыр арасынан күндей күлім­деген мұң мен нұр жатқандай бо­лып көрінеді. Ақынның жақсы да жар­қын жырлары адамды осындай сыршыл сипатымен баурайды. Көрнекті ақынның 75 жыл­ды­ғына орайластырып, ел Тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығына арналған жыр кешінің «Ойлан, ақын» деп ата­луында да айшықты астар жатыр. Абай атындағы опера және балет театрының сахнасы ақынға деген халық махаббатымен гүл жайнап тұрғандай. Белгілі опера әншісі Шахимардан Әбілев «Ойлан, ақын» әнімен жыр кешінің әдемі әле­міне бастады. Алматылықтар атынан ақынды қала әкімінің орынбасары Серік Сей­думанов құттықтап, мерейтой иесіне оңтүстік астананың құрметті азаматы атағы берілгелі жатқанын сүйіншіледі. Жақында ғана Ресей Жазушылар қауымдастығы С.Есенин атындағы алтын медалімен мара­пат­таған Марфуға апайымызға Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жылы лебіз арнады. Сүйікті ақынға Мәдениет министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммедтен, Алматы облы­сының әкімі Аңсар Мұсахановтан, Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан, Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұ­мағұловтан, Қазақстан халқы Ас­самб­лея­сы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғ­жа­новтан, Халықаралық «Диалог Еуразия» плат­формасының тең төрағасы Харун То­қақ­тан және басқалардан құттықтау сә­лем­дері түсіп, ақ ниеттер ағыл-тегіл ай­тылды, гүл шоқтары сыйланып, сый-сия­паттар жасалды. Бір сәт ақынның өз өлеңдеріне кезек берілді. Көрерменмен көп­тен қау­­ыш­пай сағынып қалған Марфуға шайыр жыр қанатында екі мәрте ұзақ-ұзақ қалықтай сам­­­ғап, поэ­зия сүйер көпшіліктің мейірін қан­дырды. Дина Хамзина, Ер­кін Шүкіманов, Дәлел Уәш, Жұ­пар Ғабдуллина, Қабылаш Әбікей сын­ды жезтаңдай әншілер ақын өлеңіне жазылған, сонымен бірге ақынның өз әндерін нәшіне келтіре орындады. Осылардың ішінде Елбасыға арналған, оркестрге қо­сылып Қазақстанның ха­лық әртісі Шахимардан Әбілев әуелете сал­ған «Дара тұлға» әні қауымның жү­регіне жол тауып, тілегімен үн­десе құйылды деуге болады. Бұл бір халқымыздың ақынын алақанға салып ардақтай білуінің үлгісіндей кеш болды. Ән бұл­бұлы Бибігүлдің жыр аққуы Марфуғамен сахна төрінде апалы-сіңлідей бір-біріне деген ізгі тілектестікпен құшақ жая тербелгені қандай жарасымды. 70 жылдығында дәл осы залда баяндама жасаған ақын інісі Бауыржан Жақыптың осы жолы мөлдіретіп өлеңнен шашу шашуы да көңілді ерекше толқытып, өмірдің жарық сәулесін молынан төккендей. Зал толы халық: «Жасай бер, қазақтың жыр аққуы!» деген ақ тілек үстінде Мар­­­фу­ға ақынды көз нұрларымен аяласа, осының өзі жалғыз адамның емес, жалпының ба­қыты дегеніміз дұрыс шығар. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.