Өздеріңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғаны да күні кеше еді. Президентіміз онда «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген еді. Міне, сөзден іске көшетін сәті түскен мезгілдің жеткенін Астанада өткен осынау алқалы жиын баршаға жария етті.
Бүгінгі Қазақстан «Мәңгілік Ел» болудың дара жолына түсті. Елбасымыз ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр, қазақ тілі біздің рухани негізіміз, осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің бас-
ты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор екенін де сан рет атап айтты. Мұнда терең сыр бар, мән жатыр. Латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай да асығыстық әрі қателік болмауы керек. Қазір біздің мемлекетімізде заманға сай жеделдетіп «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асуда. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады.
Әлі есімде, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1993 жылы Түркия еліндегі Анталья қаласында кешегі Кеңес Одағында тұрып келген бауырлас халықтардың латын әрпіне көшу туралы халықаралық конференция өткен. Сонда әлем ғалымдары қатарында биік мінберден баяндама жасаған мен қазақ тілінің де латын әрпіне көшуге өзге туысқан елдер секілді қауқарлы екенін, оның тілдік еркешеліктері хақында айтып едім. Жиынға сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Өзал қатысқан, ол кісі өз тарапынан маған ризашылық сезімін білдірді. Елге оралған соң болашақ латын тіліне көшудің барлық жобасы мен тұжырымын хатқа түсіріп, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдадық. «Ойланатын мәселе екен, ғалымдар жан-жақты зерттеп, жауабын берсін», деді Елбасы. Бір-екі жылдай сонымен шұғылдандық. Әзербайжандар ол кезде латын әлипбиін жаппай жаттай бастаған, өзбектер жаңадан көшкен еді. Кейін оған түркімендер қосылды. Қырғыздар бізге қарайлап қалды.
Ол бір ауыр кезеңдер болатын. Бізге латын әліпбиіне дейін ең алдымен тұралап жатқан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тура келді. Білекті сыбанып тастап, тер төктік. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Президент бұл мәселені елдегі ұлт татуластығы сипатында асқақтатып қатты көтереді. Содан саяси мәселе нышандағы Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Айтпақшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сіздің қазақ тілінің дамуы мен өркендуіне қосқан еңбегіңіз ақталады» деп, кеудеме еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденін қадағандағы әңгімесін де ұмытқан жоқпын. Әр істе сабырлы әрі ойлы шешім жасайтын Елбасының стратегеиялық жоспарыларның жүзеге асатынына да еш күмәніміз болған емес. Әсіресе Елбасының жадырап тұрып айтқан «Латын әліпбиіне ауысатын кез де келер» деген бір ауыз сөзі осынша жыл жүрегімді жылытып жүргенін де еш ұмыта алар емеспін! Біз осы орайда Елбасына шамамыз келгенше қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына ат салыстық, жәрдемдестік.
Ал енді еліміз кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшкен жағдайда, сөздер жаңа латын әрпімен жазылғанда жұрттың бәрі оны жаңадан қабылдайды. Жаңа сөз ретінде, жазылуын орфографиялық норма ретінде қабылдап көзің де үйренеді. Бұл, әсіресе, тілдегі басы артық дыбыстардың, сөздердің, дұрыс жазылуын, қазақша дыбысталуын қамтамасыз ету үшін, тілдің өз табиғаты үшін керек. Бұл айтылған жайттар қазір еліміздің ғалымдары мен тілшілері бас қосқан алуан-алуан жиналыстарда, ортақ бір мәмілеге келіп те қалды. Латын жазуы ағылшын тілі сияқты әлемге кең тараған әліпби екеніне дау жоқ. Екінші жағынан, бұл – түрік әлемі мен Қазақстанның бірігуі. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстен сияқты елдердің жазуымен бір болғаны – біздің еліміз үшін ұшан-теңіз пайдасы болары ақиқат.
Тағы бір ескеретін жай – латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Латын әліпбиіндегі британдық ағылшындар өз тілдерінің Америка, Еуропа құрлықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер жер-жерден келген өз қандастарының тілді бұзбай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне басқа елдер де алаңдаушылық білдіріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамыту шараларын жүргізіп отыр. Сондықтан бізде тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі керек». Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағы басқаларға да әсер ете түседі. Латын әліпбиі – түркі дүниесінің басын қосатын фактордың бірі. Әрі компьютеріңіз де латынға байланған. Ал оның қиындығы уақытша ғана, небәрі қас-қағым сәттік елестей ғана болатыны және анық.
Жаңа басталған үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдаудың Елбасының тарихи бастамасына арналып отырғаны тектен тек емес. Уақытты созбай біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек!
Ерекше бір назар аударатын жайт бар – парламенттік тыңдауда латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты екені атап өтілді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің «Мемлекеттік тілге қатысты реформа мемлекеттің тіл саясатына қатысты өзгерістерді қарастырмайды. Бұл туралы Елбасы қысқа әрі нақты айтқан болатын. Әліпбиді өзгерту тек қазақ тіліне қатысты. Латын әліпбиіне көшуі тек қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға байланысты. Бұл – тіл фонетикасы мен графикасы арасында тиісті байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, латын әліпбиін енгізу елдің ішкі мәселесін шешуге, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Елбасы атап өткендей, латын әліпбиіне көшу орыс тілінен, кириллицадан бас тартуды білдірмейді. Латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты. Ал орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыша шыға береді. Яғни Қазақстанның орыстілді тұрғындары үшін кириллица қалады», деуінің де жаны бар.
Қазір 1989 жыл емес. Қазақстан тәуелсіз. Халықтың дені ана тілінің қадірін түсіне бастады. Өткендегі соқпақпен жүрсе ана тілінен айрылып қалатынын кейбіреулер кеш те болса ұғынды. Бірақ әлі де елдің бәрі емес дер едім. Бірнеше ұрпағы орысша сөйлейтін қандастарымызға ауырлау, бірақ, түзелуге мүмкіндік басым. Заман жақсы. Кезінде санасы жетпегені емес – кездейсоқ «уланғаны» үшін оларды кіналауға мүлдем болмайды. Қазіргі қазақ қоғамының да, ана тілінің де мысы басым. Сырттан келер ешқандай қауіп жоқ. Кезінде біздің айналаға ұран сап, алғашқы құлшынып құрған «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымыз еліміздің тарихында бәрін өзгертіп жіберді дей алмаймын, бірақ біз болашақ үшін, бүгінгі өміріміз үшін өте үлкен бетбұрыс жасадық.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 90-шы жылдардың басында ана тілімізге қатысты айтқан асқаралы ойлары өзі айтқандай сабырлы түрде жоспардағыдай біртіндеп жүзеге асуда. Тіпті барша халқымызда бұрын-соңды бой көрсетпеген тілге деген жанашырлық сезімнің пайда болғаны жаныңды жадыратып, шуаққа бөлейді. Сөзімнің соңында Президенттің «Егемен Қазақстандағы» «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты сол бір тарихи мақаласы осынау халықтық бүгінгі қозғалысқа ең шешуші сәтте зор қолдаушы күш болғанын әрдайым есте сақтайық дегім келеді.
Әбдуәли ҚАЙДАРИ,
академик
Алматы
Лебіздер легі
Мұрат ӘУЕЗОВ,
«М. Әуезов атындағы қор» қоғамдық қорының президенті, қоғам қайраткері:
– Парламентте өткен отырысты мұқият тыңдадым. Ол жерде негізгі баяндамашылардың бағыт-бағдары мені қатты қуантты.
Расында, латын әліпбиі бізге бұрыннан қажет болатын. Мен үшін қырғыз, татар, түрік, ұйғыр бауырларыммен сөйлесу қиындық тудырған емес. Алайда, осы ұлт өкілдерінің шығармаларын оқу қиындық туындатады. Себебі дыбысымыз бір болғанымен, жазуымыз әртүрлі. Сондықтан бүгін қолға алып отырған дүние кешікпей, бірақ асықпай жүзеге асыруды талап ететін жұмыс екені хақ.
Бұл жұмысқа көп қаражат кетпейді. Тек, ынта және уақыт керек. Сондықтан толық зерттеп, бар күшімізді салып, баршамызға ортақ, бір жүйеге келген әліпби болу керек екендігін ұмытпаған жөн.
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,
Қазақстан Республикасының халық әртісі:
– Латын әліпбиіне өту Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған жауапты әрі орындалуы көп күттірмейтін тармақтардың бірі.
Бұл біздің келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны меңгеруде мүмкіндік беретін құрал. Қиындық тудырады деген ойлар айтылуда, мен олай есептемеймін. Өйткені өскелең ұрпақ бүгін ағылшын тілін терең меңгеруде. Сондықтан латын әліпбиіне көшуді 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіруге деген дайындық, бағыт-бағдар деп білу қажет. Осы ретте, оқу құралдарын, ұстаздарды даярлауға үлкен мән беріп, жауапкершілікпен қарау қажет.
Қазір қолға алынып жатқан бұл дүние ең алдымен келешек ұрпақ үшін жасалуда. Өскелең ұрпақ тарих қойнауына терең үңіліп, болашаққа нық қадам басуы үшін берілген үлкен мүмкіндік.
Асылы ОСМАН,
«Мемлекеттік тілді дамыту қоры» төрағалар кеңесінің мүшесі, тіл жанашыры:
– Рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бас-
таманы қолға алу ұсынылып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі ұйғарым. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді. Дегенмен, дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін өте маңызды іс-шаралар мен нақты қадам жасауды тапсырды.
Шүкір, қазір Қазақстан халқының жағдайы жақсы. Озық отыз елдің қатарына ілігеміз деген ұлы мұратына халық тек экономикалық игілікпен ғана қол жеткізбейді. Озық мәдениеті, толағай толымды тарихымен, халқының рухымен мәңгі бірге жасайтын тілімен, яғни рухани құндылықтарымен де қол жеткізуі керек. Осы тұста Елбасы дүйім дүниеге қазақ тілінің үнін апарар қаріп – латын екендігіне көз жеткізді.
Бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни басты мәселе қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Ол – ұлт мұраты мен міндетіне қызмет ететіндей болу. Иә, біз латын әліпбиі арқылы алты алаштың тілін алты құрлыққа танытуға ұмтылып отырмыз. Біз осыны бағалай білейік.
Латын әліпбиіне көшу дегенді қиынсынып жүргендерге айтарым, біз еш қиындыққа тап болмаймыз, бар болғаны қазақ әріптерін латын әріптерімен таңбалаймыз. Бұл таңбалау қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді. Керісінше қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады. Латынға көшсек, өзгелер біздің Оспан деген әкеміздің атын Аспан дей алмайтын болады, ағайын. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлем көшіне қазақ болып ілігеміз. Алашты әлемге асқақтатады. Олай болса, кері тартпай алға ұмтылайық. Бұл бір күнде бір жылда шеше салатын оңай дүние емес. Тек ықыласымыз, ниетіміз оң болсын. Елбасының бір елде бір қаріп болу керек деген мақсатын қолдайық. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың жаңа тағдыры үшін қажет. Латын әліпбиі қазақ елін жаңа кезеңдегі жаңа көшке бастар керуенбасы.