Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2017

Энергетика жаңа дәуірге аяқ басты

699 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумы – ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы қорытынды шаралардың бірі болды. «Болашақтың энергиясын қалыптастыру» тақырыбында өткен шара Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 

 

Энергетика жаңа дәуірге аяқ басты

Энергетика саласының ма­ңыз­ды мәселелері талқыла­нған форумға Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, Чехия, Финляндия, Ресей, Гру­зия, Польша елдерінің энергетика салаларының басшылары, сондай-ақ, Бүкіләлемдік мұ­най кеңесінің президенті Тор Файе­ран қатысты.

Қазіргі таңда жаһандық энер­­­ге­тикалық нарықтың жаңа мо­деліне көшудің бірегей про­цесі өріс алды. Яғни әлем энергетикасы жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл ретте Қазақстан да экономикалық даму мен ға­лам­шар экожүйесін сақтау арасындағы теңгерім не­гізінде тұрақты энергетикалық дамуды қамтамасыз ету идеясын қолдайды. Ал Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі әлемдік энер­гетика жүйесінің дамуына әрі жаһандық энергетиканың тұ­рақты дамуының жаңа үлгі­лерін қалыптастыруға айрық­ша серпін берді. Ендеше, форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі: «Біз БҰҰ негізгі бас-тамаларын, Қазақстан бекіткен Париж келісімін қолдаймыз. ЭКСПО-2017 базасында жасыл технология мен энер­гия инвестицияларының ха­­­лық­аралық орталығының жұ­мы­сын ашып отырмыз. Бұл Ор­та­лық Азия өңірлерін жасыл экономикаға өткізу мақ­са­тында БҰҰ және ЭЫДҰ ел­дері­мен ынтымақтастықты қам­­тама­сыз етеді. Қазақстан әлем қо­ғам­дас­тығына энергия қо­рының се­німді жеткізушісі болып қала бе­реді», деуінің өзі осы ойды құптайды.

Форумның ашылуында сөй­­леген сөзінде Энергетика ми­нис­трі Қанат Бозымбаев та жақын ке­ле­шек­те Қазақстанда баламалы энергия көздерінің үлесі артатынын айтты. Мәселен, еліміздегі баламалы энергияның үлесі 2020 жылы 3 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Сондай-ақ Астанада ЭКСПО ба­засында болашақ энергия­ла­рының инвестициялық жоба­лары мен жасыл техно­ло­гия­лардың халықаралық ор­та­­лы­ғы құрылмақ. Ол өз ке­зе­гінде трансформациялық энер­ге­ти­калық сектор мен жасыл бизнеске өтуге қатысты тапсыр­маларды орындауға ықпал ете­ді. Орталық Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан мен Латын Аме­ри­ка­сы елдерімен бірлесіп жұ­мыс ат­қарады. Ол ЭКСПО тәжі­ри­бесінің лайықты жалғасы бол­­мақ.

Сондай-ақ еліміз алдағы жыл­­­­дан бастап мұнай мен газ са­­ласында жер қойнауын пайда­лануға келісімшарттардың бар­лық түрлерін оңтайландыруды қа­растырып отыр. Осы ретте оларды бекіту мерзімін қысқартып, көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды, мұнай-газ шикізатының қоры бойынша есептілік стан­дарт­тарының халықаралық жү­йе­сіне көшуді іске асыру көз­делген. Сонымен қатар, мұнай өң­деуде энергия тиімділігінің жо­балары енгізілуде, яғни мұнай өң­деуші зауыттар үш жылда бір жөн­делу кезеңіне көшірілген. Қазақ­стан стратегиясы тек дәс­түр­лі энергетиканың жоғары көр­сеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар кезең-кезеңімен баламалы әрі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Соңғы жылдары баламалы энергетика көптеген елдер үкіметтері тарапынан қолдауға ие болды, осы орайда Қазақстан да энер­гиялық балансқа баламалы және жаңғырмалы энергияны белсенді түрде енгізуге бағыт алды.

ХІ KAZENERGY Еура­зия­­лық форумында әлем­дік энер­ге­тикалық компания­лар тұрақ­ты энергетика көздерін тиімді басқару, энергия ресурс­тарының өндірілуін, сақталуын және пайдаланылуын бақылау, энергия көздеріне қол жеткізу, климаттың өзгеруі және көмір қышқыл газы шығарындыларын төмендету, ба­ла­малы энергия көздерінің пай­­даланылуын ынталандыру, энер­­гиялық тиімділік бойынша бағдар­ламаларды және «ақылды» энергетиканы енгізу, уран және атом саласын инновациялық тұр­ғыда дамыту сияқты ауқымды мәселе­лер талқыланды.

Биыл KAZENERGY қауым­дастығы IHS Markit компания­сымен бірлесіп ұлттық энерге­тикалық баяндама дайындаған болатын. Форумда аталған құ­жат­тың арнайы таныстырылымы өтті. Жаңа құжат 2015 жыл­ғы баяндаманың негізінде әзір­ленді. Ұлттық энергетикалық баяндама – еліміздегі энергетика саласының бүгіні мен ертеңін толықтай қамтитын құнды құжат.

Айтқандай, 2017 жыл – елі­міз­дің мұнай-газ және энергетика саласы үшін мерейтойға толы ерекше кезең. Мәселен, осы­дан 25 жыл бұрын, яғни 1992­ жылы Қазақстан мен Оман сұл­тандығы арасында алғашқы құ­жатқа – Каспий құбыр желісі кон­сорциумына және Теңіз-Ново­российск экспорттық мұнай құ­быры жүйесінің құрылысы жобасына қол қойылды. Ал 20 жыл бұрын 1997 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеруге қатысты тарихи келісімді бекітті. 1997 жылы Қа­­зақ­станға алғашқы Қытай ин­­­вес­­торы келді. Қазақстан эко­но­­микасына елеулі өзгеріс әкел­ген Қытайдың CNPC ұлт­тық мұнай-газ корпорациясы 20 жыл бойы еліміздегі ең ірі ше­телдік инвесторлардың қата­рынан түскен жоқ. Сондай-ақ биыл «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының құрылғанына – 20 жыл. Бұл тізімді болашақтың энергиясына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­­сі толықтырды. Осылайша, биылғы ХІ Еуразиялық KAZENERGY фо­­­румы – еліміздің энергетика саласындағы барлық айтулы да­талардың қорытынды жиыны болды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»