Үкімет • 12 Қыркүйек, 2017

Қазақстанда салықтық әкімшіліктендіруге жаңа тәсіл енгізіледі

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Салық кодексінің жаңа жобасында және ілеспе заң жобасында қарастырылған мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қарым-қатынасты ырықтандыру туралы баяндады.

Қазақстанда салықтық әкімшіліктендіруге жаңа тәсіл енгізіледі

Министр мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеуші арасындағы өзара іс-қимылдың айқын ережелерін бекіту мақсатында заңдылық қағидаты, тиімділік қағидаты және тәуекелге бағдарланған әкімшіліктендіру қағидаты сияқты салықтық әкімшіліктендірудің қағидаттары енгізілетінін баяндады.  

Салық тәртібін арттыруды ынталандыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі қайта қаралады. Салық төлеушілердің түрлі санаттары үшін салықтық әкімшіліктендіруге әртараптандырылған тәсіл енгізілуде.

«Әлемнің көптеген елдерінде салық төлеушілерді санаттау құпия, «жабық» ақпарат болып табылатынын атап өткен жөн. Біз болсақ, «ашық критерийлерді» қарастыратын құрамдастырылған үлгіні енгізуді ұсынамыз, ол салық төлеушілерге тәуекелдің төмен дәрежесі «жасыл аймаққа» ену үшін бағдар және «қызыл аймаққа» түсуден ескерту болмақ», — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Жобада сенім мен ашықтықтың қағидаттарына негізделген ірі салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың жаңа түрі – Деңгейлес мониторинг қарастырылған. Мұндай тәсіл ЭЫДҰ елдерінде пайдаланылатын әкімшіліктендірудің ілгерінді әдістерінің бірі болып табылады.

Заң жобасында әрекетсіз салық төлеушілерді мәжбүрлеп жою үшін негізгі шарттар қарастырылған. Аталған рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мәжбүрлеп жою туралы ақпарат алдын ала БАҚ-та жарияланады, және осы компаниялардың әлеуетті кредиторларының шағымдарымен жұмыс жүргізілуде.  

«Салықтық тексерулер тұрғысынан олардың санын қысқарту мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған»,— деп баса айтты министр.

Атап айтқанда, жоспардан тыс тексерістер жүргізу үшін негіздемелер 56%-ға қысқарды.

Кодекс жобасында лицензиялық бақылауды ырықтандыру қарастырылған. Сондай-ақ, ҚҚС қайтару рәсімдерін оңтайландыру бойынша шаралар қарастырылған.

Ілеспе заң жобасында әкімшіліктендіру тұрғысынан бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер қарастырылған.

«Сөз соңында әкімшіліктендіруді жетілдіру бойынша барлық жаңашылдықтар бизнестің дамуына сөзсіз оң әсер ететінін және салық органдарының жұмысының қазыналық әдістерінен бизнеспен серіктестік қатынастарға көшуді қамтамасыз етеді», - деп түйіндеді министр.

Естеріңізге салсақ, бүгін Үкімет отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің жобасы және ілеспе заң жобасы туралы мәселе қаралды.