Кен орны арнайы екі қондырғы орнатып, алтынды сумен шаю әдісі арқылы өндіріп жатыр. Қазіргі уақытта 200 адам еңбек етіп жатқан кәсіпорын алғашқы өнімдеріне де қол жеткізіп үлгеріпті. Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов жуықта «Шұғыла GOLD» ЖШС басшылығымен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен жақын танысып, бірқатар міндеттер жүктеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудандағы іс-шаралардан тыс қалмай, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау көрсетуге шақырды.
Серіктестіктің өндірістік директоры Рамазан Сүлейменов өз кезегінде кәсіпорын әлеуметтік міндеттемелерден бас тартпайтынын, жуықта ғана өткен Қалихан Алтынбаевтың мерейтойына қаржылай қолдау көрсеткендерін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратындықтарын жеткізді. Сонымен қатар, болашақта кен игеру үшін арнайы зауыт салуды жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»