Таяуда Астанада төртінші рет «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтті. Айтары жоқ, тамаша бастама. Баяғыдағы, ертеден салса кешке озған, еңістен салса төске озған қазақы қазанаттардың рухын тірілтуді көздеген мүбәрак мақсатының өзі неге тұрады?!
Әйтсе де, әу баста ағайынның ықыласы ауған бұл бастаманың бірте-бірте сиырқұйымшақтанып бара жатқаны осы жолы анық байқалды. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, аталған бәйгеде 37 сәйгүлік бақ сынады. Бұл дегеніңіз, алғашқы аламандағыдан 38 жүйрікке кем деген сөз. Яғни, «Алтын тұлпарға» деген қызығушылықтың ат қосқан ағайын тарапынан кеміп отырғаны – ойландыратын шаруа. Бәзбіреулер мұның басты себебін бәйге алдындағы әр аттан алынатын жарнаның қымбаттығына әкеліп тірейді. Рас, 95 мың теңге дегеніңіз біреуге тиын болғанымен, алыстан ат арытып келетін кейбір ағайын үшін қып-қызыл ақша. Жүлде алам деп дәмеленіп келгенінде «жарна» деп жалмаңдап тұрса, жалт бұрылмағанда қайтсін? Десе де, бұл жердегі мәселе сан салалы сияқты...
Шынтуайтына келгенде, аттарды 51 шақырымға айдаудан кім, не ұтты? Сарша тамыздың шыжыған ыстығында қылқұйрықтарды осынша қинағаннан не таптық дегенде ой келеді. Қазақтың бағзыдағы бәйге үрдісін жаңғыртамыз дегеннің өзінде бүгінгі күннің талап-тілегін елеп-ескерген кім бар?
Иә, шымбайға батса да – шындық, «Алтын тұлпар» жобасы бұл жолы жер бауырлады. Өйткені, біз соңғы аламан өткенде жүлде берер жүйрік таппай жер шұқыдық. Тігілген тоғыз жүлденің үшеуі иесін тапты-ау, ал қалған алтауын байлар қанжығаның табылмауы аттың жалында өскен қазақ баласы үшін ауыр қамшы. Басқалай айтқанда, сөреден үш жүйрік қана өтті...
Зады, қазақ бәйгесінің о бастағы мақсаты жамағатты қызыққа батыру емес пе еді? Сонан кейін барып, жүзден жүйрікті таңдау, қыл аяғы, өзінің атын шығару деген сияқты екінші кезектегі пендеуи тірліктер күйттеледі ғой. Олай болса, «Алтын тұлпар» бәйгесі өзінің шарықтау шегіне жеткенде көрерменге не қызық көрсетті дегенге жауап іздейікші. Жанкүйер жазған әбден сілікпесі шыққан жануарлардың шықпа жаным шықпамен мәрені әрең қиғанын көрді. Қан сорпасы шығып, текірекпен көз алдынан өткен қос жүйрікке жүрегі тас адамның ғана жаны ашымаған шығар. Үшінші болып өткен тұлпар тұяғы төңкеріліп құлап түспесе екен деп қу жанын шүберекке түйіп отырғандардың қарасы да мол болды...
Әлбетте, аламан бәйге десе ішер асын жерге қоятын ағайынның да айтары болуы әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, қазақтың аламанына қайткенде де бір өзгерістің керектігін осы жолғы қалыптасқан жағдай көзге шұқып көрсетті. Мүмкін, атты қинамайтындай қашықтықтықты қысқарту керек пе? Әлде, Англиядағыдай, мына Ресейдегідей ат жарыстарының озық үлгілерімен бәйге жарысының мазмұнын байыта отырып, барша қазақтың бабын табатын сәйгүліктер сайысын сұрыптап шығару керек пе?
Иә, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Сол тұрғыдан келгенде, аламан бәйгенің ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, бүгінгі көрерменнің тілегін, заманның талабын ескере отырып, есті дүниені өмірге келтіру керектігі күн тәртібінде өткір тұрғандай. Қазақтың жылқысы ертеден қара кешке дейін талмай шаба береді дегенді қоя тұрып, бір уақ Қамбар Ата тұқымына да қамқор көзбен қарасақ. Елу шақырым еңку-еңку жер шапқан жұдырықтай баланың болашақтағы денсаулығын да ескерген жөн шығар. Мұны айтып жатқан себебіміз, балалардың, қала берді жануарлардың құқығын қызғыштай қоритын, қорғайтын халықаралық ұйымдардың барлығын естен шығармаған абзал. Бүгін болмаса, ертең бұл әңгіменің жоғары деңгейде, биік мінберлерде қозғалмасына кім кепіл?
Тегі, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқанға» не жетсін?! Әйтсе де, асыл мұра – аламан бәйгенің жүлдесі бар, жүйрігі жоқ бүгінгі тағдыры бізді алаңдатпай қоймайды. Демек, толғағы жеткен бұл мәселені кешенді түрде талқыға салатын кез жеткен сияқты.