– Мен жарқын түстерді ұнатамын, әлемді тек қана ашық бояулар арқылы сезінемін. Әсіресе, ұлттық бояу – жаныма жақын. Жан дүниемде тыныштық орнағанда ғана суреттер саламын, – дейтін өрелі өнер иесінің, «Астана», «Дастарқан», «Киіз үй», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Домбыра ұстаған қыз» атты гобелендеріне ешкімге ұқсамайтын ерекше түстік үйлесім тән.
Шебер суретші көрмеге келушілермен сұлулыққа деген құштарлығымен бөліскісі келеді. Оның тоқыма композицияларының ерекше образды әлемінде өткен мен бүгін, бақыт, махаббат, сұлулық туралы поэтикалық және философиялық ойлар біртұтас ою-өрнектік астарлы мәнге ие.
Балнұрдың картиналарындағы түстердің үйлесімділігі мен түрлі-түсті реңктердің біріккен байланысы, бояудың ашықтығы көрерменнің көңіл-күйін көтеріп, адам бойына қуат береді.
Суретші өз еңбектерінде ғасырлар бойы қалыптасқан түстер мен белгілердің күрделі нышандарына да үлкен мән беретінін өнер сыншылары да айтып жүр. Оның кескіндемелері мен гобелендерінде дәстүрлі өнердің жаңа мүмкіндіктері көрсетіледі әрі сөзбен жеткізе алмайтын ерекше тартым-
дылығын сақтап қалады.
Ең бастысы, Балнұрдың шығармашылығымен бірге ғылыми қызметті қатар алып жүргені қуантады. У-шу, әлем-жәлем даңғаза кештерден бойын аулақ салатын суретші көшпенді өркениеттің ғажайыбы саналатын көркем киіз және қазақ мәдениетінің, декор-өрнек бейнелемесі мен оның заманауи дизайнерлік тәжірибеде қолданылуын, көне және ортағасырлық кезеңде қазақ ұлттық киімінің тарихи және этнографиялық дамуын зерттеумен айналысады.
Дизайнер ретінде әбден кемеліне келген Асанова ерсі эксперименттерге бармай-ақ, өз әлеміндегі бәсекелестерін мойындата білді.
Балнұрдың шығармашылығында өзіндік мотивтен ажырамайтын, бұлжымайтын тұжырымды алға сүйрейтін тамаша стиль бар екендігін атаған жөн.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ