Үкімет басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанның 77 пайыз ересек тұрғындары базалық цифрлы сауаттылықты игерген және интернетке қол жеткізіп отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түспек. Мемлекеттің барлық өңірлерін интернетпен қамтамасыз ету цифрлы экономиканың көптеген секторларын үдемелі дамытуға жағдай жасайды. Олардың ішінде ең маңыздылардың бірі ретінде қашықтықтан білім беру, телемедицина, медицинадағы жасанды интеллект, электронды сауда бағыттары ескерілген. Премьер-Министр бұл бағыттардың қазіргі заманғы әлемде қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Мәселен, соңғы 10 жылда Қытайда электронды сауда көлемі 100 есеге артты. Атап айтқанда, елде интернетпен толықтай қамтудың нәтижесінде үкіметке осы қызметтік секторлардың әлеуетін кеңінен ашуға мүмкіндік берді», деді Б.Сағынтаев. Оның пайымынша, еліміздегі ақпараттық технологияларға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тың серпін береді. Бұл шешімдер электронды үкіметке және киберқауіпсіздікке қатысты болады. Бағдарлама басымдықтарының бірі қоғам өміріндегі барлық салаларға цифрлы қызметті кеңінен енгізуге негізделген. «Қазақстан Үкіметі цифрлы қоғамның өтпелі жүйесін құруды жоспарлап отыр, яғни ол тұтынушыға қолайлы жағдай жасау мақсатын көздейді. Ғаламшардағы цифрлы мегарендер елдердің алдына озық технологияларды қандай тәртіппен енгізу жайындағы мәселені қойып отыр. Өз кезегінде дұрыс таңдау жасаған мемлекеттер үлкен мақсаттарды шешудің жаңа салалары мен әдістерінің мүмкіндігіне ие болады», деді Премьер-Министр. Осы орайда Үкімет басшысы Қазақстанда нақты реттеуші шешімдер арқылы болашақ экономикасының жаңа секторларын құруда зор мүмкіндік бар екенін айтты.
Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан»