Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Индонезия Астанаға қарап бой түзейді

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Джакарта билігі ел астанасын ауыстыру мә­селесінде Қазақстанды үлгі етеді. Бұл ту­­ралы Қазақстанның Индонезиядағы Тө­тен­­ше және өкілетті елшісі Асхат Оразбай Ас­та­нада өткен баспасөз кон­фе­рен­­ция­сын­да мәлімдеді.  

 

Индонезия Астанаға қарап бой түзейді

Елшінің пайымдауынша, кейінгі уақытта Индонезияда ел орталығын басқа қалаға көшіру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осыған сәйкес, елде арнайы комиссия құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылған. 

«Астанаға келген сапарында Индонезия вице-президенті Юсуф Калла Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан ел ордасын Ал­матыдан Астанаға ау­ыс­­тыру тәжірибесі жөнінде сұрады. Өйткені, ғы­лыми ортада, баспасөз беттерінде астананы бас­қа шаһарға не аралға ауыстыру жөнінде әңгіме қоз­ғалды. Ел президенті Ұлттық даму агент­ті­гіне шетелдік озық тәжірибелерді жинақтап, Индо­не­зия ерекшелігін ескере отырып жоба жасауды тап­сырды», деді А.Оразбай.

 Елші Индонезияның мұндай батыл қадамға баруына қазіргі астана Джакартаның халыққа лық толуымен байланыстырады. Бүгінде Индонезия орталығында 15 миллионға жуық халық тұрады. Осы мәселелерді ескере отырып ел астанасын көшіруді жоспарлаған Индонезия үкіметі Қазақстанның 1997 жылғы қадамын жоғары бағалап, тәжірибе алуға ниетті. 

Сонымен қатар, А.Оразбай Индонезия вице-президенті Юсуф Калланың Астанаға сапары барысында талқыланған басқа мәселелермен де бө­лісті. А.Оразбай бұл елде Ислам банк жүйесі жақсы дамығанын тілге тиек етті. Осы­ған сәйкес, Қазақстан тарапы Индонезиямен тәжі­ри­бе алмасуға әзір екенін жеткізген. Сондай-ақ, индо­незиялық Ислам банктері Астанада ашылатын Халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырылып отыр.
А.Оразбай Индонезия кәсіпкерлері Қазақ­стан­­да дәрі өндіретін фармацевтикалық зауыт са­луға мүдделі екенін мәлімдеді. Оның айтуын­ша, елдегі үлкен компаниялардың бірі Rama Group бас­шылығы Қазақстанға келіп, мұн­да­ғы нарықты зерттеп кетіпті.

Дегенмен, екі ел арасындағы сауда және эко­но­микалық қарым-қатынасты дамытуға көлік-логистикалық байланыстың нашар­лығы ке­дергі болып отыр. Биылғы алғашқы жарты жыл­дықта Индонезия мен Қазақстан арасындағы тау­ар айналымы 15,2 миллион долларды құраған. Бұл – былтырғы мерзіммен салыстырғанда 65,3 пайызға жоғары. 

А.Оразбай сауда және экономикалық байланысты нығайтудың екі бағытын атап көрсетті. Оның пікірінше, Қытайдағы Ляньюньган порты арқылы Қазақстан тауарын Индонезияға экспорт­тау­ға мүмкіндік бар. Елші екінші бағыт ретінде Иран­дағы Бендер-Аббас портын есептейді. Әйт­се де, әзірге сараптау жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. 

Индонезия халқы саны жөнінен әлемде 4-орында тұрған мемлекет. Ислам мемлекеттері ара­сындағы ең үлкені және демократиялы ел сана­лады. Қазақстан мен Индонезия арасындағы дип­ломатиялық келісім 1993 жылғы 2 маусымда орнаған. 

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»