Саяси қуғын-сүргіннің сүреңсіз соқпағы әлі жатыр. Әрине, айтуға оңай!
Қазақ жері тұтас түрмеге айналған зұлмат заман бастан өткен. Кеңестік кезеңдегі «қызыл империяда» қадасы қағылған алғашқы жеті лагерьлік ай-мақтың біреуі – Қазақстан!
Қарақұрттың торындай «ГУЛАГ жүйесі» орналасқан одақтағы 25 облыстың үштен біріне жуығы, нақтысы – жетеуі Қазақстанға қарады. Атап айтқанда, олар: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан. Осыдан кейін ол қалай «тұтас түрме» болмасын?!
Он бес республиканы біріктірген одақта «ГУЛАГ жүйесінің» қанды шеңгелін осылай Қазақстанға сал-уын әркім әрқалай түсіндіреді. Оның табиғи байлығын тегін күшпен тез игеруге ұмтылу, әсіресе қойнауындағы қазынаға көз тігу түбіне жетті, дейтін де табылады.
Мұның экономикалық қана емес, үлкен саяси-стратегиялық мәні болды, дейтін де бар. Осылай кете береді. Алайда, соның ешқайсысы адамзат тарихында жасалған ол айуандықты ақтай алмайды. Қисынсыз құрбандықпен қалған халықты бақытты, бақуатты ету мүмкін бе?!
Тұтқынның еріксіз еңбегін пайдалану теориясын «негіздеген» Ф.Дзер-жинский көрінеді. Оның «Республика қылмыскерге мүсіркеп қарамайды және көп қаржы бөле алмайды. Олар өз еңбегімен өзіне қажетті шығынды жабуы керек, оларды жолсыз, елсіз мекенге қоныстандыру керек» деген сөзі «ГУЛАГ жүйесін» құруда негізге алыныпты.
Қайғы мен қасірет кешкен сан мыңдаған адамның тағдырын тәлкекке салған тамұқ ошағының әлі ашылмаған сыры, дәйектелмеген дерегі жеткілікті. Дегенмен, анықталған кейбір құжат пен зерттеуді зерделеп, тасбауыр тарихтың сол кезеңіне көз жүгіртейік.
Айтпағым – Арқаны азап аймағына, қасірет алаңына айналдырған «СтепЛаг». Ол – «халық жауына» арналған айрықша лагерь. 1940 жылы Кеңгір жағасындағы бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) «Жезқазған лагері мен ГУЛАГ комбинаты» құрылды.
Ол сол жылы 1 сәуірден бастап жұмыс істеді. Басты міндеті Жезқазған мыс комбинатын жедел салып бітіру болды. 1942 жылы 1 қаңтарда лагерьде жүз елудей тұтқын ұсталды. Қатарында кім кездеспеді: Қазан төңкерісіне қарсы да, қандықол қарақшы да, қашқын да, алаяқ та, тоқты ұрлап торға түскен де табылатын.
Солардың қатарында құрылысқа, шахтаға адам күші қажеттіліктен НКВД тізімімен қамалған, көбіне кінәсіз сотталған жазықсыз жұмысшы, инженер, дәрігер және басқа керекті кәсіп иесі жүрді. 1943 жылы өндірістің іске қосылған және салынып жатқан нысанының бәрі НКВД-ға беріліп, «Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинатына» айналды.
Соғыстан соң лагерьдегі 12 мың тұтқынға майданда қолға түскен 8 мыңдай неміс пен жапон қосылды. Лагерь кеңейіп, үш негізгі бөлімшеге бөлінді, олар: Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай. 1947 жылы атауы «№4 Ерекше лагерь» немесе «СтепЛаг» деп өзгертілді.
Атауы өзгергенмен, лагерьдегі азапты тұрмыс тұралай түсті. Қайта жұмысының ауырлығы, тәртібінің қатаңдығы жағынан басқа лагерь Жезқазғандағының жанында «жіп есе алмай» қалды. Алайда, адам төзгісіз ауыр еңбек, аш-жалаңаштық, ауру, жиілеп кеткен өлім ешкімнің еңсесін жаншып, рухын жасыта алмады.
Зорлық-зомбылыққа, бақылаушының айуандық әрекетіне қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп отырды. Жұмысқа шығудан бас тарту, жасырын ұйым құру, үндеу-парақша тарату сипатындағы қарсылық біртіндеп бас көтеруге ұласты. Лагерь жүйесіндегі аса ауқымды, әрі ұзаққа созылған «көтеріліс» осы «СтепЛагта» болды.
Адам тағдырын тәлкек етудің тамшылап жиналған ащы запыраны «СтепЛагтың» Кеңгірдегі бөлімшесінде ақтарылды. Тұнып тұрған қара судай кешегі «ГУЛАГ жүйесі» бір мезетте дауылда буырқанған асау толқынды теңізге айналды. Міне, осы тұста «Кеңгір көтерілісінің» тағы бір салмақты себебі көрініс берді.
1953 жылы 27 наурызда Кеңес өкіметі кең ауқымды кешірім жариялады. Соған сәйкес бес жылға дейін сотталған тұтқын тегіс босады. 10-25 жылға кесілген саяси тұтқынды бұл рақымшылық қамтымай қалды. Кешірімнің келесі тармағы жазасының бес жылын өтегенді босатуға арналғанымен, алайда саяси айыппен сотталғанға ол жеңілдік жүрмеді.
Күткен үміті ақталмаған тұтқындар арасында наразылық толқуы толастамай, тіпті өрши түсті. 1954 жылы 16 мамырда 60 шақты тұтқын күзетшіге бағынбай, басқа лагерь аумағына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзет көмегімен оларды ұстап, абақтыға жапты.
Алайда, тұтқындар наразылығын тоқтату енді қиын еді. Келесі күні лагерь басқармасының бастығы лагерьлер арасына атыс тобын орналастыруға бұйрық берді. Бірақ бұл жағдайды одан әрі ушықтырды, 18 мамырда тұтқындар көтерілісі қарулы қарсылыққа ұласты.
Көтерілісті жүйелі басқару мақсатында штаб құрылып, оның бастығы болып Қызыл әскердің бұрынғы офицері К.Кузнецов тағайындалды. Жалпы жиналыста Ішкі істер министрлігі мен Лагерьлер бас басқармасына арнайы хат жазып, арнаулы комиссия лагерьде орын алған заңсыздықты келіп тексеруін талап етті.
Көп кешікпей құрамында КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор С.Егоров, Лагерьлер бас басқармасының бастығы, генерал-лейтенант И.Долгих, КСРО Бас прокуратурасынан Н.Вавилов бар жоғары дәрежелі комиссия келді. Жезқазғанда Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитетінің Төралқа мүшесі Фурцева да болды.
Көтерілісшілер мен ресми басшылық арасындағы кикілжің 40 күнге созылды. Соңғы күні, яғни 26 маусымда лагерьдің үш қақпасы мен 8 қосалқы жолы арқылы 1600 адамдық әскери күзеттің екі дивизионы мен ішкі күзеттің бір дивизионы, арнайы үйретілген 98 ит ұстаған топ, өрт сөндіргіш үш машина көтерілісшілер бекінісіне басып кірді.
Бес «Т-34» танкі оларға жол ашып, баррикаданы талқандады. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткен тұтқындар офицер мен бөлімше командирінің оғына ұшты. Құрбандарға қатысты дерек әртүрлі. Соның ішінде ресмиінде: «46 адам өлді, 61 адам әртүрлі жарақат алды» дейді. Жараланған әскери – 40.
Көтеріліске қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры тығырыққа тірелді. Штабтың алты мүшесі ату жазасына кесілді. Кнопмус пен Келлер бірден атылды. Қалғанының жазасы 1955 жылы 25 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. К.Кузнецов «КарЛагта» жазасын өтеп, 1960 жылы мерзімінен бұрын босады.
Ал, белсенділік байқатқан 400 тұтқын түрмеге тоғытылды, қолдаған 1 мыңы (500 әйел, 500 еркек) Магаданға, «Озерлагқа» жер аударылды. Дегенмен, бұл бас көтеру босқа кеткен жоқ. Көпшілігінің ісі қайта қаралып, «СтепЛагта» 8 мың адам ақталып, бостандық алды.
Дүниені дүр сілкіндірген «Кеңгір көтерілісі» лагерь жүйесі күйреуінің басы болды. Келесі жылдан бастап бірте-бірте «Теректі», «Жезді», «Байқоңыр», «Спасск», «Кеңгір» бөлімшесі жабылды. «СтепЛагтың» соңғы сағаты 1957 жылы соқты.
Тақырыпқа тұздық: 1954 жылғы маусымдағы мәліметке сүйенсек, «СтепЛагта» 2 660 орыс, 9 596 украин, 2 690 литвалық, 1074 латыш, 290 қазақ және сол кезде Кеңес Одағын мекендеген басқа ұлт пен ұлыс өкілі, соғыстан соң 2369 неміс, 1012 жапон, 103 австриялық, 630 венгр, 145 румын, 58 қытай ұсталған екен.
Жезқазған жерінде азап лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылысы әлі сақталған.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты