Солардың бірі – Исатай ауданының Аққыстау селосында ашылған жаңа аллея. Аудандағы мұнай өндіруші «Сазанқұрақ» компаниясының құрылғанына биыл 20 жыл. Осы мерейлі датаға орай мекеме аудан тұрғындарына жайлы демалыс орнын сыйлап, оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де байланыстырды.
Жалпы көлемі 650 шаршы метр болатын аллеядағы мәрмәр тұғырға мұнай ұңғымасының көшірме макеті орнатылған. Көрнекі баннерге ауданның және «Сазанқұрақ» кәсіпорынының шежірелі жолынан сыр шертетін фотосуреттер салынған. Айналасы гүлмен көмкеріліп, абаттандырылған демалыс орны аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Туған жерге деген перзенттік сезімді білдіруге Елбасының бағдарламалық мақаласы оң ықпал еткенін атап өту керек, – дейді аудан әкімі Марат Мурзиев. – Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да бірқатар шаралар қолға алынып келеді. Алдағы уақытта ауданда «Туған жер» арнайы жобасы бойынша басқа да игі істер жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Айбас құмында атақты күйші Дина Нұрпейісованың келін болып босаға аттаған және ғұмыры өткен «Шәпек» обасына белгі орнатылады. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорындар, осы ауданнан шыққан азаматтар демеуші болуға оң ықылас танытып отыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ