Облыстық музейдің ғылыми-экспозициялық жұмыс және қорды есепке алу бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Мөлдір Қыздарбекованың айтуынша, негізінен бұл әшекейлерді музейге жергілікті халық тапсырған екен. Мәселен, 1970 жылы Тараз қаласының тұрғыны өткізген күміс білезіктің тілімі жалпақ, дөңгелек ұштары қосылмаған. Оның орта тұсы өсімдік-зооморфтық өрнектермен ауысып отыратын томпақша келген үш жарты сфералық фигуралармен әшекейленген. Білезіктің шеттері сызықтармен сәнделіп жасалған. Сондай-ақ 1979 жылы Тараз қаласының тұрғыны анасынан қалған күміс қос білезікті облыстық музейге сыйға тартыпты. Бұл білезіктің ерекшелігі – жалпақ, көлемді етіп жасалған. Музейдегі ең құнды әрі салмағы ауыр білезіктердің бірінен саналатын бұл әшекейде зергер қазақтың ою-өрнектерін, жалпы рухани байлығын көрсете білген. Шеттерін иректеу, үшбұрышты фигуралар салу және ширату, өру техникасымен әртүрлі өрнектер салынған. Өкінішке қарай, мұны жасаған зергердің аты-жөні белгісіз болып отыр. Ал 1989 жылы Тараз қаласының тұрғыны әжесінен қалған XIX-XX ғасырларға жататын көзді білезікті де осы жерге табыстаған екен. Бұл әшекейге жұмыр немесе жалпақ күмістен бетіне бедерлі өрнектер жасап, алты қызыл түсті асыл тас көздері орнатылған.
Музей қорын толықтыру мақсатында, 2005 жылы арнайы музей қызметкерлерінен жасақталған экспедиция тобына Б.Момышұлы ауылының тұрғыны қос күміс білезікті сыйға тартыпты. Қос білезік қолға тағуға арналып жасалғандықтан, жартылай дөңгелек болып келеді. Білезіктің екі жағы сегіз санымен көлденеңінен бедерленген.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы