Онда инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде апатты және 3 ауысымды мектептерді жою, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын жетіспеушілігін азайту мәселесі қаралды. Жазғы демалыста бұл мәселелермен дәйекті түрде танысқан депутаттар қызу белсенділік көрсетті. Қаралған мәселе бойынша баяндама жасаған және барлық сұрақтарға жауап берген Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова болды. Ол қолында бар мәліметтерді баяндап, еліміздің кейбір аймақтарында әлі де апатты және 3 ауысымды мектептердің қалып отырғанын жеткізді. Ұлттық қордан осы мақсаттарға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 72 млрд теңге болған. Оған 112 мектепте құрылыс жүріп жатыр, соның 56-сы құрылысы бұрыннан жалғасуда, ал 56-сы жаңа мектептер. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде 52 мектеп пайдалануға берілген. Олардың ішіндегі 45 мектеп 2016 жылдан ауысқан, 7 мектептің құрылысы биыл басталып, биыл аяқталған. Жеті аймақтың 42 мектебінде үш ауысым жойылған және 5 өңірде 9 апатты мектептің орнына жаңа мектеп ғимараты салынған.
Кейбір облыстарда құрылыс жұмыстарының сызбаға сәйкес болмай, дайындық сапына енгізілмей тұрғандығы жөнінде де түсініктер берілді. Депутат Құдайберген Ержан Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша екі мектептің құрылысы тоқтап, 2 млрд теңге қаражаттың игерілмей қалуының қандай себебі бар деп сұрады. Оған вице-министр оңтүстіктегі жағдайды мақтап, барлық бөлінген 17 млрд теңгенің 96,7 пайызы игеріліп, салынуға тиісті 19 мектептің 16 пайдалануға берілгенін айтты. Қалған 3 мектептің құрылысы жыл аяғында бітеді, деді Б.Асылова. Алайда депутат бұл жауапқа қанағаттанбай мемлекеттік сатып алу процесі бойынша туған даудан тұтастай бір ауылдың балалары мектепке бара алмай қалды, маған жауапты жазбаша, толықтай беруіңізді өтінемін деді.
Депутат Абай Тасболатов «Құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімін кейінгі уақыттарға ауыстыру мүмкіндіктері бар дегеніңізді қалай түсінуге болады, ол құрылыс-монтаж жұмыстары ма, әлде ақша қаражатының аударылуына қатысты ма? Осындай өзгертулер қандай құжаттарға сүйеніп жасалады?», – деді депутат. Оған Б.Асылова Үкімет бекіткен бюджеттік бағдарламаларды жергілікті әкімдіктердің өтініші бойынша министр өзгертетінін айтты. Алайда осының өзі дұрыс емес екенін, министрлік Үкімет бекіткен бағдарламаны айрықша жағдайда ғана өзгертуге тиісті екенін атап өтті.
Басқа депутаттар да өздерін толғандырған сұрақтарын қарша боратты. Соның ішінде 18 млн ғана халқы бар Қазақстанда үш ауысымды мектептің әлі күнге толықтай жойылмай отырғанына депутаттар қынжылыс білдірді. Талқылау қорытындылары бойынша комиссияның ұсыныстары әзірленіп, ол шара қолдану үшін Үкіметке жолданатын болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»