Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Қостанайда Шақшақ Жәнібек батырға ескерткіш орнатылды

1146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ХҮІІІ ғасырда елімізді сыртқы жаудан қорғаған, мемлекеттігі үшін атсалысқан белгілі батыр, мәмілегер Шақшақұлы Жәнібек тарханға Қостанай қаласында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. 

Қостанайда Шақшақ Жәнібек батырға ескерткіш орнатылды

Оған белгілі ғалымдар, жазушылар, Парламент депутаттары, облыс басшылары мен Қостанай жұртшылығы мен қала қонақтары қатысты.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыс жұртшылығы мен қонақтарды ескерткіштің ашылуымен құттықтады, оның жасалуына қол ұшын созған барлық азаматтарға алғыс айтты. Аймақ басшысы халқымыздың ұлттық мақтанышының бірі қолбасшы, мәмілегер, мемлекет қайраткері, батыр Жәнібек  Шақшақұлына орнатылған ескерткіш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған межелі міндеттерді жүзеге асырудың тамаша көрінісі екенін айтты.

«Жәнібек тарханға орнатылған ескерткіштің орны да бекер таңдалған жоқ. Әуежайдан келген қонақтар бабамыздың ұлттық рухты көтеретін еңселі ескерткішіне қарап, елдігімізге, бірлігімізге сүйсінсін деген ниетпен қаланың басты қақпасына орнаттық», деді Архимед Бегежанұлы.

Жәнібек батырдың кіндік қаны Торғайдың құнарлы топырағында тамған болатын. Жергілікті жерде Жәнібек батырға Қостанай қаласында еңселі ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріліп, оны белгілі академик, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев қолдады. «Жәнібек тархан» атты қоғамдық қор құрылып, ескерткіш түгелдей сол қор қаржысына орнатылды.

«Шақшақ Жәнібек қилы заманда қалмақтың батырын жекпе-жекте жеңген хас батырдың бірі. Мәмілегер ретінде көрші елдермен қатысты, елдің елдігін, бірлігін арттыруға, мемлекеттікті жасауға  атсалысқан. Халқы қуатты мемлекет, оның еркіндігі, тәуелсіздігі болуын аңсаған еді», деді ескерткіш орнатуда бастамашыл топқа жетекшілік жасаған белгілі академик, саяси қайраткер Кенжеғали Сағадиев.

Ескерткіштің авторы белгілі мүсінші Қадырхан Кәкімов.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар