Аталмыш шараның маңызы жайлы журналистерге баяндаған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің пайымы бойынша, Парламент қабырғасында мақұлданған латын әліпбиінің жаңа жобасын тіл жанашырлары дұрыс қабылдап жатыр. Орталық қызметкерлері жоба талқыланған сәттен бастап, тәулік бойы әлеуметтік желілердегі пікірлерді жинап, арнайы сараптаған. Тіпті кейбір бағалы ұсыныстарды жинақтап, жұмыс тобына жолдау үстінде екен.
Әліпби мәселесі түсінген жанға әріптің таңбасын ауыстыру емес. Бұл ұлттық рухани реформа. Яғни келешектің кемелдігі үшін жасалып жатқан шаруа. Кез келген реформа қиындықсыз іске аспайды. Сондықтан да, бұл мәселеде қоғамдық тұрғыдан асқан байыптылық пен салмақтылық, ғылыми тараптан толық зерделенген әрекет қажет дейді, жиынды ұйымдастырушылар.
Елбасы тапсырмасымен латын әліпбиін жасауға байланысты құрылған жұмыс тобына жүздеген нұсқа келіп түскен. Осылардың ішінен – ұлттық және заманауи интернет нұсқа атты екі жоба таңдап алынып, олар Парламентке ұсынылған болатын. Парламент осындағы екінші нұсқаны мақұлдаған.
«Мақұлданған нұсқаның ұтымды жағы, мұндағы латын әріптері күнделікті қолданып жүрген пернетақта үстіндегі таңбалардың орналасу ретіне дәл сәйкестендірілген. Сол себепті, еш қиындық туғызбайды. Ал ұлттық нұсқаның ерекшелігі – тілдің ішкі дыбысталу үйлесіміне орайластырып жасалғанымен, кейбір таңбалар үшін арнайы бағдарлама құру қиынға соқты», дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар.
Осы орайда, «Латын әліпбиіне көшу шарасы – қоғамға, халыққа, ұлтымызға нендей пайда әкеледі?» деген сұрақты филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүсіпбеков мырзаға қойып көрдік. Ғалым:
– Әріп дегеніміз – халықтың тілдік болмысын өз алдына айшықтап тұратын ұлттық бейне. Осы бейнені дыбыстайтын ұлттық таңба таңдалуы керек. Бұл таңба тілдің қорғаныс-қауызы болуы тиіс. Осы таңба-дыбыстардың басын қосып ұлттық емле-ереже жасалады. Біз латын әліпбиін қабылдау арқылы бұрынғы оқулықтардағы басы артық 40-50 түрлі емле-ережеден құтыламыз әрі әлемдік ақпарат кеңістігіне кіруге кең жол ашылады, – деп жауап берді.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгелі халық арасында көп айтылып жүрген тағы бір сұрақ «бұған дейінгі кириллицамен жарық көрген дүниелер оқылмай қалмай ма?». Бұл сұрақтың шешімі де табылыпты. «Attila group» атты компания өкілдері қазіргі таңда пайдаланып отырған әліпбилер – кириллица, латын, араб әріптерімен жазылған мәтіндердің электронды нұсқасын бір түймені басып қалып қана бар-жоғы 3-4 секундта сіз қалаған жазумен оқуға дайындап беретін керемет бағдарламаны жасап қойыпты. Бұл жоба жайлы жұмыс жетекшілерінің бірі Қуаныш Біләл көпшілікті хабардар етті.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»