Ертегідей ерте көктем...
Анам мені еркелеткен,
Әкем маған тай мінгізіп,
Қиялымды көркем еткен.
Ертегідей ерте көктем...
Әжем мені еркелеткен,
Атам маған аңыз айтып,
Өмірімді ертегі еткен.
Артында шиыр-шиыр жол қалған, өмірдің өрі мен ылдиын кезек көріп, байыпты жасқа жеткенде ақын осы өлеңді оқыса, сол алғашқы көңіл, сезім басқа сағынышқа толы даусымен ертегі көктемін еске алар еді. Еш өзгермеген, селкеу түспеген, ендігі өмірде қиялға көркем көшкен ерте көктемнің сағынышы мен ынтықтырып қояр сиқыры ғана жаныңды шымшып өте шығатыны болмаса, бәрі баяғыдай көрінеді. Едәуір жерге ұзап кеткен уақыт аралығы мұндай кезде еш білінбей, күні кеше ғана өткен оқиғадай әсер бергенде уақыт пен өмір туралы көзқарасыңның бірдемде өзгеріп шыға келетіні бар. Қанша мезгіл өтсе де, көңіл толқытар өлең болып қала алғандығын ойлағанда, жыр деген мәңгілік сарын екенін ұғасың. Соңғы сыншы уақыт деп жүргенде, сол ағзамның өзі ескіртпей тұрған өлең деген – сезім шығар, бәлкім. Ол (поэзия) дидактика, патетика, декларация болып өмір ағысында өзіне өзектесіп келе жатқан қасиеттерді толық мойындай алған жоқ. «Ақындар әртүрлі болуы керек» (Блок) дегесін, өлең де сонша түрлі болады. Бұл мазмұн байлығы, форма алуандығы, ойлаудың оқшау түрлеріне қарата айтылған сөз. Әйтпесе өлең табиғаты таза, мөлдір қалпын, кейде сөзбен түсіндіруге келмей, ой азабына салып қоятын таңғажайып құбылыс. Жаратылыс атаулының бар сұлулығы мен сымбаты, сыртқы қалыбы ғана емес, әрбір жанды, жансыз дүниелердің құпияларын поэзиядан артық түсінетін жанр жоқ сияқты әсер береді. Ақын туралы көптеген анықтамалардың айтылып жүргені сондықтан болар. Бірақ сол көптеген тұжырымдарға өлең жазғанның бәрі лайықты деп кесіп айта алмайсың. Оңай айта салған сөзден кейде астар іздеп, қазымырланып кететініміз секілді, рухани тәжірбиемен, ұзақ уақыт ойланумен келген шешімдерді оңай түсіне салғымыз келеді. Қай сөздің қалай айтылғанын тек сезіне білу керек шығар.
Ақын Нұрлан Оразалиннің шығармашылығы туралы, алғашқы жинағы – «Беймаза көңілден» бастап осы уақытқа дейін сөз алмаған қазақ қаламгерлері сирек. Тұманбай Молдағалиевтен бастап, қазақ көркем сөзінің зергерлеріне айналған классиктеріміздің бәрі жылы лебіз, ықылыстарын арнаған. Бірақ оның бәрі өздерінің талғамындағы – Нұрлан Оразалин. Енді кемі екі-үш томға жүк болар талдау, мақтау, саралау мақалалардан кейін ешкімге пікіріңді жықпай, өз ақыныңды табу да қиын. Жетпіс жасқа келген Нұрлан Оразалин ғұмырының жартысынан көбі ат үстінде келеді.Таптаурын ба әлде басқалай да себебі бар ма, басшылық қызметте жүрген көп қаламгерлердің шығармалары жастар тарапынан кейде оқылмай қалып жатады. Әлде өздерінің де қарбалас тірлікпен жастардың ортасында жиі болуға қолы тимей жата ма екен? Оның нақты себебін де айта алмаспыз. Студент күнімізде: «Атағы жоқ Есениндер... Жын қысқан... Жаңғырады жатақхана өлеңі. Менің жиырма жасым мұң құшқан, түн ортасы көше бойлап келеді» деп келетін өлеңін жаттап, шимай дәптеріміздің әр жеріне қайта-қайта көшіріп жазып қояр едік. Соғыстан соң туғандармен Әбдіраштың Жарасқаны арқылы табысқан шағымызда өзімізді «жын қысқан... Атағы жоқ Есениндер...» сезініп жүрген болармыз, бәлкім. Біздің де жиырма жасымыз «дауылдатып, жауындатып келе жатқандай» алаңғасар күйде күткендейміз. Бірақ олай бола қойған ештеңесі жоқ еді. Енді ақын ғана емес, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалиннің өлең әлеміне қайта бас қойғанда, ақындық ғұмырын бәрінен оқшау алып қарай алуға жарауды ғана ойлайсың. Сонау 1962 жылы жазған өлеңінде ақынның өмірлік ұстанымдары мен мақсат-мұраттары жатқанын ойлайсың.
...Құлагердің шабысындай шабысты,
тау суының ағысындай ағысты,
азамат боп ер жетуді ойлаймын,
түбі соған бір жетемін қоймаймын.
Жүрегімде – туған жердің гүл өңі,
аталар мен аналардың тілегі.
Асқары көп, арманы көп шақырар
туған елдің болсамшы бір түлегі...
Оның қайраткер болмысы осы жас күнінен бойында бар. Азаматтық, батылдық, мәдениетті болмысы поэзиясынан еседі. Әдебиетке жасаған алғашқы қадамдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі жырларында күрескерлік рух сезіледі. Ол күрес – ең алдымен өзімен күрес. Өйткені ақын үшін қашанда өлең бірінші орында тұрды.
Тербе, шаттық!
Тербе, мұң!
Жыр тумаса – өлгенім...
Сөзім – ауыр, шер – демім...
Мені тастай көрмегін!
Шаттыққа әркім-ақ қуана алады ғой
Бірақ мұңға «мені тербе, маған кел» деуі өлең үшін емей, немене? Бұл – сенім сөзі. Ақындық жолға, болашаққа деген сенім. Ендігі жазылар жыр, айтылар сыр кәдеге жараса, өлең боп қана жарамақ.
Естимісің!
Күлкімді, мұңымды аспан,
Менің мына кеудемнен бір үн қашқан.
Кезіп жүрген жоқ па екен, айтыңдаршы,
Жұлдыздардың арасын жымыңдасқан?!
Бозала кеш, боз таңда сыр аулаған,
Қыр аунаған, көзіңде жыр аунаған,
Түстік жақты бетке алып кетті ме екен,
Тырналардың көшімен тыраулаған?!
Ақын сөзін, жырын осылай іздейді.
Тіпті өзін де. Ғапыл дүниедегі сырын сақтар, мұңын шертер өлеңі ғана болса, оны іздемегенде қайтеді?! Ақын поэзиясында өлең өлшемге айналған. Әр ақынның шығармашылығында өлең туралы өлең молынан кездеседі. Бірақ оны ақын өзі қалай бағалайды, не деп ұғады, соған көп нәрсе байланысты. Ес біліп, етек жиғалы Нұрлан Оразалин үшін өлең – серігі ғана емес, елдің үмітін, сенімін ақтар қасиетті жолы. «Айналайын, өлеңім, сені іздеумен келемін» деп ылғи қаламына қарап, сенімін сақтап отыратын ақынның сүйендім, сүйдім деген серті – өлең.
Қара, досым, көктем кепті қалаға,
Құстар кепті...
Қалай ғана сезбегем?!
Құйылардай көктен бір күй санаға,
Қызғанардай қайың бүрін өзгеден.
...Мына көктем өзгешелеу өзгеден,
Жыр ма жаңа?
Менің күткен жасым ба?!
Кеудем толқып, аспанымды кезді өлең,
Тізгін бермей ақ жаңбырға, жасынға.
Сол өзгеше көктемінде кеудесін толқытқан, санасын жаңғыртқан күйі, жыры өмірдің ақ жаңбырындай таза, адал, жасынындай қызу қалпында оқырмандарымен ұдайы танысып, табысып келеді. Он томдық шығармалар жинағындағы «Сырнайлы шақ» бөліміндегі өлеңдері жастық дәуренінде жазылса да, ескірмейтін, сазды ғазалдардай арбайды. Бұл өлең деген ғажайыптың жаспен өлшенбейтінін тағы бір есімізге салады.
Отыз жасынан былайғы өлеңдерінде, байқасақ, досқа наз, замандасқа өкпе, реніш сияқты көңіл толқындары араласқан. Бұл да өлеңді өмірден бөліп ала алмайтындығыңнан болса керек. Ондай құбылыс ақынның бәрінде жолығады. Демек, өлеңнен белгілі дәрежеде жеке өмірді де көруге болады. Бірақ оған ақынның өзінің көңілі тола қояр ма? Уақыт өткен сайын бәрібір өткен күнің қандай болса да жақсы, бейбіт көріне береті несі екен?
Ойлайтын бас қамын,
Ескі сурет –
Басқа жандар, басқа күн,
Күлген, бірге жылаған,
Тұрған, бірге құлаған,
Керегеден сәл мұңайып тұр қарап,
Жүрегімді жұлмалап...
Нұрлан Оразалиннің шығармашылығында әртүрлі ізденістер болды. Толғау, дастан, поэма, циклды жырлар, пьеса, мақалалар да көптеп жазылды. Бүкіл шығармашылығының өне бойындағы мәдениет пен адамгершіліктен айырылған жоқ. Бірақ осы жасына жеткенде жоғалтқаны да аз болмауы керек. Әйтпесе керегедегі сурет жүрегін жұлмалап, сәл мұңайып тұрмас еді ғой.
Өкпелімін мас болып өз деміме,
Өзгеріп кеткен кейбір кездеріме,
Қабағына қарамай адал достың,
Артық кетіп, кем айтқан сөздеріме,
Өзімді өзім жоғалтқан кездеріме.
Басқа ешкімге емес! Өзіне ғана! Осылай ақын адам біткеннің бәрін түсінуге, ұғуға талпынады. Асылында, түсініссең – адамның жаманы жоқ. Нашар деген адамның түсініскенде – жақсы кісі, түсінісе алмасаң, жақсы адамның өзі – жаман. Дүниенің бақыты осы тіл табысуда, түсінісуде сияқты. Бұл – ақын Нұрлан Оразалинның өмірдегі бір кредосы.
Ақын өз өмірімен қабаттаса келген қазақ тіршілігіндегі бар құбылысты жырлауға тырысты. Жастық жалынынан өткеннен кейін салқын ақылға орын берді. Осы жасқа жеткенше көрген, түйгенін қалай да өлең ғып жазды. Ақындық мұраты сол деп ұқты. «...Атын айтып қазақ пенен Құдайдың, кең даламның амандығын сұраймын» деп елдің ертеңі туралы көбірек толғанатын кезге аяқ басқанымызды аңдатады. Шығармашылық көңіл күй, шабыт әлі де тыныстай береді. Артына қарап, неше толқын боп ілесіп келе жатқан ұрпаққа қарата ақынның айтар сөзі көп әлі. Тілегі біреу ғана: «Қабыл алшы, ой-кәдеңе жараса, көк аспаннан үзген жыр».
* * *
Өмір сапарыңда талай тауқыметті бастан кешірмей, бар дүниенің қуанышы мен мұңын толық сезінбей тұрып, өмір, қуаныш, мұң туралы айту неткен қиын. Бір басыңа жетерлік тағдырдың неше алуан сыйын толық түсініп, сезініп болғанша, өзгенің қайғы-шаттығына ортақтасып күн кеше бересің. Бұл жағынан алғанда «жан қайда әділетті іздейтұғын, адамшылық атақты көздейтұғын, тірлік пен өлген күнді бірдей ойлап, екі жәйдан күдерді үзбейтұғын» деп он алты жасында екі дүниенің барақатын бірдей ойлаған Сұлтанмахмұтқа, расымен, таңғаласың ғой... Дәл бүгін бірімізден-біріміз қалмай көсемсіп, шешенсіп жүргенде ұлтшылдығымыз жалған ұранға, әлеуметшілдігіміз әумесерлікке ұласып кетіп жатқан жоқ па? «Жасқа жас, ойға кәрі» деңгейіне шақ болмыстың иесі болмаған соң, жалғандыққа жиі ұрынуың да ғажап емес.
Поэзия туралы толғаныстың бәрі шынайы, пәк, терең деп айта аламыз ба, жоқ па деген сауал осы жерде санаңда қылаң береді. Шайырлардан рухани мұра болып қалған ғазалдардағы өмір көрінісін, қуанышын, шаттығын, махаббатын, достығын өз талғам деңгейімізге, санамызға шақ қана түсінетіндейміз. Ішкі мазмұны одан да терең, мың қатпарлы болса да, ақылымыз аңдаған, қиялымыз жеткен жерге дейін ғана қабылдаймыз. Сонда біз ақын біткенді толық түсіне алмай жүрміз бе? Бәлкім, ол заңды да шығар. «Тас түскен жеріне ауыр» болса, айналасындағылар оны қалай сезінсін. Әр ақынның шығармашылық әлеміндегі жан толқытар бар сезім пропорцияны қатаң сақтап қана жүрегімізге жетеді екен. Ендеше, ақын туралы жазуға талпынғанда, Құдай жүрек көзіңді ашсын!
P.S.
Өз құпиям...
Өз сырым...
Өз жұмбағым...
Өз өмірім – тағдырым, өз құндағым.
Ұрлай көрме, Уақыт, өтінемін,
Кеудемдегі Сезім мен сөздің бағын.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы